Accessibility links

Астананы мақтайтын чех билігі қазақ босқындарынан қуғын көргені туралы қағаз сұрайды


Қазақ босқыны Қайрат Досметовтің ісі бойынша чех соты шығарған шешімнің алғашқы беті. Прага, 14 қаңтар 2010 жыл.

Қазақ босқыны Қайрат Досметовтің ісі бойынша чех соты шығарған шешімнің алғашқы беті. Прага, 14 қаңтар 2010 жыл.

Қайрат Досметовтің басынан өткен оқиға Чехиядан саяси баспана алуға қол жеткізе алмай жүрген тәуелсіз мұсылмандар қауымының ортақ жағдайын бейнелейді. Өзгесін айтпағанда, чех билігі олардан Отанында қудаланғандығы жөнінде жазбаша дәлелдер талап етуде.

МҰНАЙЛЫ ӨЛКЕНІҢ ҚАЙЫРШЫЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ

2009 жылғы желтоқсан айында Арқалық түрмесінде шағын мұсылман қауымының белсендісі Азамат Кәрімбаевтың қаза болуы Азаттық радиосының тыңдармандары мен оқырмандарын бей-жай қалдырмады. Олардың кейбіреулері біздің ақтөбелік тілшіміз жасаған репортаждың форумында Азаматтың қазасының себептерін тексеруге байланысты қоғамдық шара бастауды ұсынды.

Бұл шара қазір қызу қолға алынуда. Оқырмандардың бірі Қазақстан билігіне жасалатын үндеудің жобасын жазып шықты. Біреулер әлеуметтік желі сайттарында бұл үндеуге төрткіл дүниеден қол жинауды ұйымдастырды. Интернет арқылы қол жинау басталған сәттен
Түрмеде қаза болған Азамат Кәрімбаевтың соңғы суреті. Ақтөбенің №5 тергеу абақтысында түсірілген бұл суретті Азаттыққа марқұмның туыстары берді.
бергі өткен он күннің ішінде үндеуге 160-тан астам астам адам қол қойды. Олардың ішінде Жасарал Қуанышәлин, Балли Мажец және Бақытжан Төреғожина тәрізді қоғам қайраткерлері бар.

Арнаулы қызмет агенттері басқан ізімді аңдып, адвокаттармен кездесуге мүмкіндік бермейді деп дабыл қаққан Азаматтың жесірі – Айман Кәрімбаева өз отбасындағы жағдайға бей-жай қалмаған азаматтарға алғысын білдірді. Айман Кәрімбаева күйеуінің қазасына байланысты әділ тексерудің жүргізілуіне қол жеткізбек және күйеуін түрмеде азаптап өлтірген деп есептейді. Биліктегілер Азамат өзіне-өзі қол салды деп хабарлаған болатын.

Ақтөбе облысындағы Шұбаршы ауылының 42 жасар тұрғыны Азамат Кәрімбаев шағын мұсылман қауымының басшысы еді. Ол белсенді азаматтық ұстанымда болды. Қазақстанның батысы – күрделі аймақ. Әлемдегі ірі компаниялар мұнда жер қойнауынан мұнай мен газ конденсатын сорып алады.

Алайда жергілікті халық кедей тұрады. Кейбір елді мекендерде, тіпті, жарамды ауыз су да жоқ. Бұл жағдайға көңіл толмаушылықпен қоса мұсылмандар арасында бөліну де етек алуда. Бұрынғы советтік атеистер теңізінің әр жерінен арал тәрізді болып дәстүрлі емес мұсылман қауымдары пайда болуда.

Кейбір мұндай топтар өздерін салафиттер деп атайды, кейбіреулері өздерін «Таза дінді» ұстанатын жай ғана мұсылмандар деп атағанды жөн көреді. Олардың барлығы Мұхаммед пайғамбардан кейін пайда болған мұсылмандық ілімдерді қабылдамайды, таза діннің көзі деп тек Құранды ғана мойындайды.

Алайда Қазақстанның билігі мұндай қауымдастықтарды өздерінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатер ретінде қабылдайды. Мұндай қауымдардың басшылары қуғынға түседі, жергілікті БАҚ-да оларға «уаххабшылар», «лаңкестер» деп айдар тағылады.

Жағдайдың трагикомизмі мынада. Жаңадан құрылған «Ізгі амал» деп аталатын әлдебір қоғам да дәл осындай сенімде, Мұхаммед
Асылбек Мусин, «Ізгі амал» ұйымының жетекшісі. Астана, 23 тамыз 2009 жыл.
пайғамбардың ілімі кейінгі хадистармен және жекелеген өзгерістермен бұрмаланды деген ой айтады.

Бұл қоғамды Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының жетекшісі Аслан Мусиннің ұлы Аслбек Мусин басқарады. Бұл топты «құраншылар» деп атап кеткен. Өзге де шағын мұсылман қауымдарының белсенділері Қазақстанда қудалауға және тіпті азаптауға түссе, Аслбек Мусин ҰҚК-нің бас штабында офицерлерге діни лекция оқыған.

Шамасы, Аслбек Мусин қазақ элитасын қамтитын, бақылаудағы мұсылман қауымын құру туралы биліктің экспериментін жүзеге асырып жүрген болар дейді Азаттық радиосына берген түсініктемесінде Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросының жетекшісі Серік Медетбеков.

Қазақстан мұсылмандар одағының жетекшісі Мұрат Телібековтің 2009 жылдың мамыр айында алматылық «Айт-парк» пікірталас клубында айтқан пікірінше, Қазақстан билігі мұндай бақылаудағы қауымды Яссауи ілімін ұстанушылар арқылы жасап көрмекке әрекеттенді. Алайда бұл эксперимент іске аспай қалды, спектакльдің басты ойыншылары бақылаудан шығып кете жаздаған соң сценарийді жылдам жаба салды.

УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРДАН АЗАПТАҒАНДЫҒЫ ТУРАЛЫ АНЫҚТАМА

Әйткенмен, біздің әңгімеміздің басты кейіпкері Аслбек Мусин де, Пәкістаннан келген құпия адам Исматулла да емес. Соңғысы ҰҚК-нің жіті бақылау жүргізсе де «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының орталық редакциясында өзінің сенімді яссауишыл-шәкірттерінің мектебін қалыптастырды.

Біздің әңгімеміздің кейіпкері – 29 жасар Қайрат Досметов. Ол «Таза дін» қауымдастығына белсенді қатысқаны үшін биліктің қуғындауынан құтылу мақсатында 2006 жылы Жаңаөзен қаласынан Чехияға қашқан. Қайрат Досметов Азаттық радиосының
Қазақ босқындарының жетекшісі Қайрат Досметов наразылық шеруі кезінде. Прага, 7 ақпан, 2009 жыл.
тыңдармандары мен оқырмандарына бұрынғы мақалалар арқылы таныс.

Ол – 2009 жылдың 7 ақпанында Праганың орталығында өткен қазақ босқындарының наразылық митингісін ұйымдастырушылардың бірі.

Сол жолы олар бірінші рет өздерінің кім екендіктерін білдірген. Қайрат Досметов қазіргі уақытта Чехияда өздері құрған «Қазақ босқындарының комитеті» үкіметтік емес ұйымына басшылық жасап, осы ұйымның веб-сайтына редакторлық етеді.

Қайрат Досметов Еуропада оларға тез арада саяси баспана беріледі деп аңғалдықпен сенген жүзден аса қарапайым азаматтармен бірге кеткен. Алайда олар бюрократияның ми батпағына тап болды.

Чех өкіметі олардан әрқайсысы шынымен де жүйелі түрде қудалауға түсіп, олардың әрқайсысын шындығында да азаптау мен түрме күтіп тұрғандығына дәлелдер келтіруді талап етуде.

Босқын мәртебесінен үміткерлер, олардың имамдары ойдан құрастырылған айыппен түрмеге отырғызылып, жетекшілерінің бірін тапа-тал түсте атып тастағандығын айтқанымен, бұларды чех билігі қабылдамай отыр.

Чехияның миграциялық кеңсесі Қайрат сияқты қазақ босқындарына «сіздің жеке өзіңізге қандай қауіп төнді?» деген сұрақ қояды. Бұдан ары олардан Қазақстанда қуғынға түскендігіне байланысты жазбаша дәлелдер талап етеді.

Дегенмен, Қайрат Досметовтің басынан кешкендерін мысалға ала отырып, біз барлығын рет-ретімен айтып шығамыз. Сонымен бірге, обьективтілікті сақтау үшін, чехтың ресми құжаттарының негізінде оның айтқандарын әңгімелеп береміз.

ҚАЗАҚ ЧЕКИСТЕРІНІҢ ҮСТІНЕН ШАҒЫМДАНҒАН ЖОҚ

Батыс Қазақстаннан келген алғашқы бірнеше мұсылман отбасы 2005 жылы осы жерде, салыстырмалы түрде алғанда, саяси баспанаға оңай қол жеткізді. 2006 және 2007 жылдары мұндай мұсылмандар Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Алматы облыстарынан Чехияға ондап қаша бастады.

Олардың кейбіреулері түсіндіргендей, олар араб елдеріне немесе өзге де ислам елдеріне барудан қауіптенген. Өйткені, бұл елдердің үкіметтері Астанамен жақсы қарым-қатынаста болғандықтан оларды кері қайтарып беруі де мүмкін болатын. «Еуропаны таңдаған себебіміз... өйткені, бір кездері Мұхаммед пайғамбардың өзі христиандық Эфиопиядан пана тапқан. Сол себепті біз Чехияға келдік», – деп түсіндіреді босқындар қауымының кейбір белсенділері.

Алайда, үшінші мыңжылдықтың басында әлемде барлық жерде бірдей бюрократияның құрсауындағы зайырлы заңдардың күші басым.

Чехияның ішкі істер министрлігі 2006 жылдың 27 қарашасында Қайрат Досметовтің алғашқы өтінішін қанағаттандырмаған кезде кінәні
Қазақ босқындарының 2009 жылы ақпанда Прагада өткізген пикетіне қатысушының қолындағы қағазда чех тілінде: «Қазақстан 2010 төрағалық етеді. МАСҚАРА» деп жазылған.
оның өзіне артқан. Өйткені ол арнаулы органдар қызметкерлерінің әрекетіне шағымдану үшін Қазақстан заңдарының мүмкіндіктерін пайдаланбаған дейді чех билігі.

Қайрат Досметовтің Чехия билігіне айтқанындай, ол өз Отанында қандай да бір саяси ұйымға қатыспаған. Чехия ІІМ осыдан барып ол бақылаушы органда тіркелу туралы заң талабын мойындамайтын жай ғана тәуелсіз мұсылманның бірі деген қорытынды жасайды.

Чехия ІІМ Қайрат Досметовтің және өзге де қазақ босқындарының ісінде, көршілес Ауғанстан мен Пәкістандағы діни экстремизмнің өсуіне байланысты Қазақстан өкіметінің алаңдауының жөні бар деп жазады.

Сондықтан да, 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан соң қазақ арнаулы қызметтері тәуелсіз мұсылмандардың топтарына жіті назар аударуға мәжбүр дейді Чехия ІІМ.

Және бұл жерде ресми Прага «қазақ арнаулы қызметтерінің жіті назары» мен біліктілігі төмен кейбір полиция қызметкерлерінің іс-әрекетін ажырата қараған жөн деген пікір білдіреді. Әлгіндей біліктіліктің кемдігіне байланысты қызмет бабын асыра пайдаланушылар демократиясы дамыған елдерде де кездеседі дегенді алға тартады.

Бұдан ары чех ІІМ қазақ арнаулы органдары қызметкерлерінің әрекетін заңсыз деп отырған Қайрат Досметов оған қатысты Қазақстанның өзінде ең жоғары сатыға дейін шағымданған жоқ деген қорытынды жасайды.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің Қазақстандағы адам құқының жағдайына байланысты 2005 жылғы есебіне сілтеме жасай келіп, чех ІІМ Қайрат Досметовтің ондай мүмкіндігі болған деп есептейді. Осы құжатқа сілтеме жасай келіп, чех ІІМ Қазақстанда полицияның әрекетіне байланысты шағымдануға болады және осыған байланысты Қазақстанның мемлекеттік органдары тиісті шаралар қабылдайды дейді.

ҚАЗАҚ БОСҚЫНЫ НЕГЕ ШАҒЫМДАНБАҒАН ЕДІ?

Чех ІІМ және Краловград аймақтық сотының қабыл алмау туралы шешімінде келтірілгендей, Қайрат Досметовтің куәлік беруінше, ол Ақтау қаласындағы тәуелсіз мұсылмандар тобына 2002 жылы, 21 жасында қосылған. Оған не себеп болғанына – 1989 жылы Жаңаөзен көтерілісін басу кезінен қалған балалық әсер ме, әлде Совет Одағы қираған соң қоғамдық ойлауда қалыптасқан жалпы әлеуметтік жағдай ма, – біз төрелік ете алмаймыз.

2003 жылдың наурыз айында Қайратты бірінші рет полицияға шақырып, онымен жылы сөйлескен. «Нашар адамдармен» араласпауға, бұл мұсылман қауымына қатыспауға кеңес берген. 2003 жылдың қыркүйек айында оны екінші рет шақырған, дәл сол офицер енді дауысын қатайтып, қорқыта сөйлеген.

Қайраттың айтуынша, олар оны егер сеніміңнен қайтпасаң, түрмеге отырғызамыз деп қорқытқан. Оны полицияға 15-20 рет шақырған. Чех ІІМ кейін, 2009 жылы болған сотта, Қайрат Досметов «полицияға шақыру оның діни сеніміне байланысты болғанына жазбаша дәлелдер келтірген жоқ» деп мәлімдейді.

Қайраттың айтуына қарағанда, олардың Ақтаудағы қауымында 30-40 ер адам болған. Олар бірлесіп намаз оқу және Құранды оқып-үйрену үшін бір-бірлерінің пәтерлерінде және саяжай үйлерінде кездесіп жүрген.

Алайда арнаулы қызметтер олардың жиылысы туралы біліп қалып аңду жасаған, олармен «тәрбиелік әңгімелер» жүргізген, жергілікті баспасөзде оларға «уаххабшылар» деп айдар таққан. Қайрат 2005 жылы есірткі сақтады деген айыппен 5 жылға түрмеге отырғызылған олардың имамы Әділжан Мұздыбаевтың жақын досы болған.

Әділжан Мұздыбаев қазірге дейін түрмеде отыр. Оған түрме режимін бұзғаны үшін тағы жарты жыл мерзім қосып берген. Оның әйелі Әлия Артықбаева үш баласымен Чехиядан босқын мәртебесін ала алмаған соң Аустрияға қашып, сол жақтан баспана алуға әрекеттенуде.

Әділжан Мұздыбаевтың анасы Тәрбие Ниязова да Чехиядағы 200 қазақ босқынының қатарында. Оларға Чехиядан Қазақстанға депортациялану қаупі төніп тұр. Өйткені, чех соттары олардың саяси баспана сұрау туралы өтінішін орынсыз деп тапқан.

Сол 2005 жылы полицейлер Қайраттан Мұздыбаевтың отбасына көмектесуін доғаруын талап еткен. Чех ІІМ кейінірек бұл жағдай Қайраттың қудаландым деген сөзіне «толық дәлел» бола алмайды деген қорытындыға келген.

Сонымен бірге, чех билігі қазақ арнаулы қызметтерінің Қайратты «құпия ақпарат беруші, жалдамалы тыңшы болмасаң, түрмеге отырғызамыз» деп мәжбүрлеуін де қабылдаған жоқ. Сол 2005 жылы Қайрат жұмыстан айрылды. Жекеменшік фирманың директоры оны жұмыстан босатуға мәжбүр болып отырғанын оған кінәлі түрмен айтты.

Чех билігі мұндай жағдайда бұл қазақ азаматтары өз Отанында соңына дейін күресулері керек еді дейді. Тиісінше, чех билігі босқын
Францияда орналасқан «Орталық Азиядағы адам құқықтары» қоғамының төрайымы Надежда Атаева Азаттық радиосының Прагадағы кеңсесінде. 20 ақпан 2009 жыл.
мәртебесінен үміткерлердің қолында олардың «тұрақты түрде қудалауда» болғандығы жайында жазбаша дәлелдері болулары керек деп есептейді.

Францияда орналасқан «Орталық Азиядағы адам құқықтары» қоғамының төрайымы Надежда Атаева Азаттық радиосына берген түсініктемесінде чех билігінің бұл сөздерін жай ғана сылтау деп есептейтінін айтады.

«Қудалау мен қуғын-сүргін жайында жазбаша дәлелдер келтіре алмаған жағдайда Чехияның иммиграциялық кеңселері Қазақстандағы жалпы жағдайды қаперге алуы керек. Тұтастай алғанда, чех билігінің қазақ босқындарына қатысты шешімдері айыптау сипатында», – дейді Надежда Атаева.

Босқын мәртебесінен үміткерлер, Чехияның иммиграциялық кеңселері мен соттарына, оларға және діни қауымдастықтағы олардың жолдастарына қатысты қуғын-сүргіндер сипатталып жазылған қазақстандық газеттер мен интернет-басылымдардың материалдарын ұсынған.

Мұндай материалдар қосымша ақпарат беріп, босқын мәртебесінен үміткерлердің дәлелдерін бекітуі керек. Өзі де кейбір мақалалардың кейіпкері болған Қайрат Досметов дәл осылай жасаған.

Алайда чех билігі қазақ босқындарының бұл дәлелдерін де қабылдамай отыр. Әдетте, бұл мақалалардың оларға тікелей қатысы жоқ деп айтады. Қайратқа қатысты чех ІІМ ол баспасөзді өзінің мүддесіне пайдаланды деп анықтама шығарды.

ВИТАЛИЙ ПОНОМАРЕВ ЖӘНЕ ОНЫҢ ОБЪЕКТИВТІЛІГІ

Жаңаөзен – шағын ғана қала. Мұндағылар бірін-бірі біледі. Арнаулы қызметтер Қайрат Досметовке жұмыстан айрылған соң біраз уақыт сантехник болып жұмыс істеп жүрген кезінде де маза берген жоқ. Оның жолдастары біраз жылдан бері қылмыстық айыптаумен түрмеде отырған. Қауымның өзге де мүшелерін арнаулы қызмет кеңсесіне шақырып алып, ол жақта соққыға жығу қалыптасқан тәртіпке айналды. Жергілікті баспасөздегі қаралау үдей түсті. Бұлар жайында мәскеулік құқыққорғаушы Виталий Пономарев «Қазақстан: Маңғышлақтағы «салафиттермен» күрес» атты баяндамасында жан-жақты айтып берді.

Осы жерде айта кететін мәселе, қазақ босқындарының ісіне байланысты шешімдерінде чех ІІМ Виталий Пономаревтің баяндамасын «объективті емес, біржақты» деп атайды.

Чех ІІМ халықаралық қорғаудан үміткер (саяси босқын мәртебесі) қазақтардың ісіне қатысты шешімдерде әдетте «олар өздерінің
Виталий Пономарев, Мәскеудегі «Мемориал» құқыққорғау ұйымы орталықазиялық бағдарламасының директоры. Алматы, 15 желтоқсан 2009 жыл.
құқықтарын Қазақстанда қорғаудың барлық заңды тәсілдерін пайдаланбаған» деп жазады. Бұл жерде чех билігі әркімге жекелей келу принципін таңдап алған.

Мысалы, Қайрат Досметовтың жағдайында полицияға ондаған мәрте шақырылдым дегеніне чех полицейлері жазбаша дәлел талап етеді. Ал, жолдастарын қуғын-сүргінге салды деген сөзіне бұның оған тікелей қатысы жоқ дейді.

Қайрат Досметовтің шағымы осылайша қабылданбады. 2008 жылдың қараша айында Чехияның жоғары әкімшілік соты оның әйелі Айнұр Иманғазиеваға да дәл осылай саяси баспана берген жоқ. Айнұр да тәуелсіз мұсылман қауымында болған. Оның қуғындалғандығы - алдын алу әңгімелерін жүргізу үшін полицияға бірнеше мәрте ғана шақырылған дейді чех билігі. Чехияда дүниеге келген Қайраттың бір жарым жасар қызы Амира Досметоваға қатысты, «оның әкесіне халықаралық баспана берілмегендіктен ол да депортациялауға жатады» деп шешім шығарған.

Бірақ чех билігі Қазақстанда қудаланғандығы жөнінде айқын дәлелдер болған күннің өзінде саяси баспана беру туралы өтінішті қанағаттандыруды қажет деп есептемейді. Осы қауымның 34 жасар бұрынғы имамы, Жаңаөзен қаласының тумасы Қуаныш Кәменовке қатысты дәл осындай жағдай болды.

Тіркелмеген «Таза дін» мұсылман қауымында болғаны үшін қуғындалғаны жайында оның айтқаны чех билігінің шешімдерінде объективті емес деп көрсетіліп, діндес жолдастарының қуғындалуына қатысты дәлелдері оның жеке ісіне қатысы жоқ мәселелер деп бағаланды.

2006 жылдың мамыр айынан бастап Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің Қуаныш Кәметовке халықаралық іздеу жариялағаны да чех билігін сендірген жоқ. Бұл хабарландыру Маңғыстау облыстық полициясының сайтында осы күнге дейін ілуілі тұр. Кәменовке есірткіні заңсыз сақтағаны, Қазақстанда тыйым салынған діни ағым – уаххабизмге қатысты болғандығы үшін айып тағылған.

Азаттық радиосына Қуаныш Кәменовтың өзі айтып бергеніндей, Краловград өлкелік соты 2009 жылдың қараша айында чех ІІМ-нің шешімін мақұлдаған. «Ал, Маңғыстау облыстық полициясының іздеу жариялағандығы туралы айтқан сөзімізге судья қайдағы бір қылмыстық істерді тексеріп отырмақ емеспіз деп басын ала қашты», – дейді Қуаныш Кәменов.

БРНО СОТЫНЫҢ ШЕШІМІНДЕГІ ЖЫЛТ ЕТКЕН ҮМІТ

Чехияның иммиграциялық орындары де Еуропаның көптеген елдеріндегі сияқты принциппен жұмыс істейді. Яғни, босқын мәртебесінен үміткерге оның өтінішін қарауға кететін көптеген айларға, тіпті жылдарға созылған кезеңде әлеуметтік және заңдық қорғау беріледі.

Алайда, ең соңында Еуропада баспананы саяси себеппен емес, әлеуметтік себеппен іздеп жүргенің анықталса, немесе сен өз еліңде қуғын көргеніңді дәлелдей алмасаң, немесе сенің дәлелдерің қабылданбаса, онда сен бұл еуропалық мемлекеттен кетуің керек.

Чехия – демократиялық мемлекет болғандықтан, босқын мәртебесінен үміткер иммиграциялық кеңсесінің шешіміне шағымдана алады. Бұл жерде босқындармен ІІМ құрамындағы Босқындарға қатысты саясат және миграция бөлімі (Odbor azylove a migracni politiky) айналысады.

Бірінші теріс шешім («бірінші негатив») біршама уақыт өткен соң аймақтық деңгейдегі сотта қаралады. Осы уақыт аралығында босқын мәртебесінен үміткер өзін қорғауға қажетті қосымша материалдарды жинауға және егер мемлекет есебінен берілетін адвокаттың қызметін пайдаланғысы келмесе, өз ақшасына адвокат табуға мүмкіндік алады.

«Екінші негатив» болған жағдайда, яғни аймақтық сот (Қазақстандағы облыстық сот сияқты өлкелік сот) теріс шешім шығарған жағдайда Жоғары әкімшілік сотқа шағымдануға болады. Оның теріс шешімі, яғни «үшінші негатив» – соңғы шешім болып табылады. Бұдан соң сен өз еркіңмен Чехиядан шығып, сенің қазақы төлқұжатың мүмкіндік беретін жаққа кетуің керек.

Бір қызығы, Қайрат Досметовтың жағдайында, Брно өлкелік соты чех ІІМ-нің теріс шешімін бір рет обьективті емес деп тауып, өзгерткен. 2007 жылғы 21 маусымда шығарған шешіміне қарағанда, соттың басты дәлелі – бұл тәуелсіз мұсылмандарға өз елінде, Қазақстанда заңсыз тінту жасалды деген ешқандай ақпарат жоқ.

Брно қаласының соты, Қайрат Досметов Қазақстанда өзінің құқын қорғаудың заңды мүмкіндіктерін толық пайдаланған жоқ деген чех полициясының негізгі дәлеліне де жауап берді. Брно соты «қазақ полициясы мемлекеттің саясатын жүргізе отырып, тәуелсіз мұсылмандарға қарсы әрекет еткендігі көрініп тұр» деп жазды.

Брно соты Қайрат Досметовтың Қазақстандағы діни азшылықтардың қуғындалуы жайындағы «Форум-18» халықаралық құқыққорғау ұйымы мен мәскеулік «Мемориал» құқыққорғау ұйымының мақалаларын ұсынғанын көрсетті.

Брно қаласының соты осылайша чех иммиграциялық кеңсесінің теріс шешімін өзгертті. Қайрат Досметов бұдан кейін халықаралық босқын мәртебесін алуы керек еді. Алайда көп ұзамай Қайрат Досметовты басқа аймақтағы, басқа босқындар лагеріне жіберген. Бұдан соң дәл осындай өлкелік деңгейдегі өзге сот чех полициясының теріс шешімін қуаттап шықты. Босқын жігіт осылайша тұйық шеңбердің ішінде қалғандай күй кешті.

ROZSUDEK IMENEM REPUBLIKI

Қазіргі уақытта Қайрат Досметовтің қолында екінші «негатив» шешімі бар. Ол Жоғары әкімшілік соттың шешімін күтуде. Карловград өлкелік соты 2009 жылдың 23 қыркүйегінде чех ІІМ-не қарсы оның дәлелдері сенімсіз деп қаулы шығарып, осылайша саяси баспана беруге қатысты теріс шешімді қолдады.

Ішкі істер министрлігі мұсылман қазақ босқындарының талабына қатысты теріс шешім шығарудың стратегиясын былай құрған.
Қазақ босқыны Қайрат Досметовтің ісі бойынша чех соты шығарған шешімнің алғашқы беті. Прага, 14 қаңтар 2010 жыл.
Біріншіден, олар өздерінің діни қауымдарын мемлекеттік тіркеуден саналы түрде бас тартқан және мемлекеттің зайырлылық сипатын жоққа шығарған.

«Егер арызданушы бұл заңдарға бағынғысы келмесе, бұл оның мәселесі. Ол кейінгі болған салдарлармен санасуы керек», – дейді чех ІІМ.

Осыдан барып тіркелудің қажеттілігі туралы қазақ билігінің келіссөздерін қуғындау деп қабылдамау керек деген байлам жасалады. Қайрат Досметовтың айтуынша, олардың діни қауымын тіркеу туралы тезис соншалықты маңызды емес, Чех билігі осы бір жанама детальға жармасып алып, түймедейді түйедей қылып отыр.

Бұдан ары сот шешімінде мынаған сілтеме жасалады. Яғни, босқындарға қатысты чех заңына сәйкес, мемлекет тарапынан қудалау белгілі бір интенсивтілікпен жүруі керек. ІІМ Қайрат Досметовтың ісінен бұны таппаған.

Бұдан ары чех ІІМ, Қазақстан діни төзімділікті қорғау мен діни азшылықтардың құқын қорғау ісінде бұрынғы ССРО-ның өзге елдерінен
Қазақ босқыны Қайрат Досметовтің ісі бойынша чех соты шығарған шешімнің соңғы бетіндегі мөр.
озып кетті деп есептейді. Бұдан ары чех ІІМ, Қазақстанда мемлекеттік органдар тарапынан заңдылықты сақтауға қатысты бақылау болғанымен әңгіме «Таза дін» деп аталатынды қудалауға дейін бармайды деген пікірде.

«Тәуелсіз мұсылман қауымдары өздерінің ҚМДБ-дан дербестігін жоғалтпайды. Қазақстанда жекелеген ислам қауымдарын бір ұйымның аясына жинап, орталықтандырудың әрекетіне қарсы тұра алатын механизмдер мен институциялар бар», – дейді чех ІІМ.

«Дін бостандығы Қазақстан Конституциясында жазылған, әңгіме тұтастай алғанда діни бостандық мәселесіне қатысты либералды мемлекет жайында болып отыр», – деп мәлімдеді сотта чех ІІМ-нің өкілі.

ЧЕХ СІМ АСТАНАНЫҢ МАҚТАУЫН АСЫРДЫ

Градец Кралове қаласындағы 2009 жылы қыркүйекте болған сотта Қазақстанда діни ұйымдардың қызмет ету еркіндігіне қатысты құқықтары бұзылады деген мәселеге қатысты дәлелдер айтылды.

Қайрат Досметов өз сөзінің растығының дәлелі ретінде құқыққорғаушы ұйымдардың материалдарын келтірді. Қазақ босқындарының 2009 жылғы ақпан айында Прагада өткізген шеруінен соң бұл іске қазақтың кейбір саяси эмигранттарының да кіріскені белгілі. Сотта чех сыртқы істер министрлігінің де пікірі қаралды. Оны чех СІМ-нің қызметкері Леош Яврук түсіндірді.

Чех сотының үкімінде чех СІМ-нің пікірі келтірілген. Онда Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасау қарсаңында адам құқының халықаралық стандарттарын («Мадрид уәделері») сақтауға қатысты бірқатар қадамдар жасады делінген.

Бірақ дәл осы жерде, бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың пікірінше, бұл саладағы нақты қадамдар жеткіліксіз болып қалған, Қазақстанда діни азшылықтарды арнаулы қызмет тарапынан қудалау қаупі бар деп айтылған.

Бір қызығы, чех сотының үкімінде эмиграциядағы қазақ оппозициясының жетекшісі Ержан Досмұхамедовтің де аты аталды. Ол Чехияның сыртқы істер министріне жасаған үндеуінде Қазақстандағы жағдайды теріс бағалап, чех билігінің қазақ босқындарына қарым-қатынасын өткір сынға алды, иммиграциялық қызметтер мекемесіндегі босқындарға қатысты қарым-қатынасты кемсітушілік деп атады.

Ержан Досмұхамедовтің аты Чех республикасының ЕҚЫҰ-дағы тұрақты өкілдігіне баруына байланысты сотта екінші рет аталады. Чех ІІМ-нің өкілі, Ержан Досмұхамедовтің Венадағы чех кеңсесіне барып, Чехияда босқын мәртебесінен үміткерлерге нашар қарайды деген мәлімдеме жасауына байланысты оларға нота тапсырылғанын айтты.

Алайда чех ІІМ-нің өкілі сотта «әңгіме белгілі жария тұлға жайында болып отырған жоқ, сондықтан оның куәлігін қаперге алмау керек», – деп мәлімдеді.

Чех ІІМ-нің өкілі чех СІМ-нің 2007 жылғы 17 шілдедегі ақпаратына сілтеме жасады. Мұнда Қазақстандағы «таза ислам» проблемасының діни азшылықтағы шіркеулер проблемасынан айырмашылығы жоқ және мемлекеттік органдар тарапынан оларға жасалған назардың да айырмашылығы жоқ делінген.

Және ІІМ өкілі, Қайрат Досметов Қазақстанда ел Конституциясы мен заңдарының негізіндегі өз құқын қорғау мүмкіндіктерін толық пайдаланған жоқ дейді.

Чех ІІМ тағы мынаған назар аударды. Яғни, Қайрат Досметов өз елінде ешнәрсеге байланысты айыпталмаған; Қазақстаннан өзінің шетелдік төлқұжатымен заңды түрде кеткен. Оның Қазақстанға қайтып оралуына келсек, чех ІІМ Қазақстан қатынас еркіндігін сақтайды дейді.

Чех СІМ-не сілтеме жасай отырып Қазақстанда өзінің тарихи Отанына оралған этникалық қазақтар үшін арнайы бағдарламаның бар екендігін айтады. Сонымен бірге, чех ІІМ қазақ заңдарының негізінде өлім жазасын күтіп тұрған азаматтарды беру туралы Қазақстанның өтініш жасаған жағдайының оларға белгісіз екендігін айтты.

Градец Кралове қаласындағы өлкелік сот 2009 жылдың қыркүйек айында чех ІІМ-нің осы дәлелдерін қабыл алып, Қайрат Досметовтің шағымын кері қайтарды. Енді оның мәселесі Чех Республикасының Жоғары әкімшілік соты деңгейінде қаралуы керек.

Чехияда, тұтастай алғанда, «таза дін» қауымының мүшесі болып табылатын, әртүрлі ұлттан құралған екі жүзден астам Қазақстан азаматтары мен олардың балаларының тағдыры осындай әрі-сәрі күйде тұр.

Олардың кейбіреулері бұдан арғы тағдырын тәлкекке салғысы келмей, енді Чехиядан Еуропаның өзге елдеріне қаша бастады.

Кейбіреулері ол жақтан Чехияға кері қайтарылып, босқындар заңын бұзған адамдар ретінде күшейтілген режимдегі босқындар лагеріне отырғызылған. Қазақстанға бір ғана босқын – Марғұлан Мұхамбетов күштеп қайтарылды. Чех айдауылы 2009 жылдың қазан айында оны Алматының әуежайына жеткізді. Содан бері Марғұлан жайында нақты дерек жоқ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG