Accessibility links

Чехиядағы босқындар лагерінде отырғандар өздерін кемсіткендерге қарсы бас көтерді


Бела Йезова босқындар лагерінің сыртқы қоршауында: «Шетелдіктерді орналастыруға арналған мекеме» деп жазылған.

Бела Йезова босқындар лагерінің сыртқы қоршауында: «Шетелдіктерді орналастыруға арналған мекеме» деп жазылған.

Чехиядағы депортациялық лагерде отырған босқындар онда кемсітушілік, нәсілшілдік пен жапа-жәбір көрсету режимі орнатылғанына шағым айтты. Чехиялық адам құқығын қорғаушыларға босқындардың қолы жетпей отыр. Лагерь әкімшілігі болса бұл айыптаулардың басым бөлігін жоққа шығаруда.

ДЕПОРТАЦИЯ ЖӘНЕ КЕМСІТУ

Прагадан шамамен 50 шақырым қашықтықта жатқан Бездез түбіндегі Бела атты кенттегі шетелдіктерге арналған чехиялық Бела Йезова жабық лагеріндегі босқындар наразылық белгісі ретінде аштық жариялады. Бұл шараға барлық ерлер мен әйелдер қатысуда, арасында жүкті әйелдер де бар. Созылмалы ауруы бар немесе денсаулығы өте нашар кісілерден басқасының бәрі лагердің ішкі жалпы тәртібін сақтаудан бас тартып отыр.

Чех тілінде бұл лагерь ресми түрде «Шетелдіктерді орналастыруға арналған мекеме» деп аталады және ол босқындар ісі жөніндегі басқарма жүйесінің құрамына енеді. Өз кезегінде бұл басқарма Чех республикасы ішкі істер министрлігінің құрамына кіреді. Бірақ осы мекемеде отырғандар өздері отырған орынды қысқа да нұсқа – депортациялық лагерь деп атайды.

Бұл лагерде Өзбекстан, Вьетнам, Украина, Грузия, Нигерия, Болгария және басқа да елдердің өкілдері өздерін Чехия өкіметінің елден мәжбүрлеп шығарып жіберуін немесе босқын мәртебесін беруін сарыла күтіп отыр.

Азаттық радиосының бұрын хабарлағанындай, діни көзқарасына байланысты Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қазақ босқындарының бірі Бауыржан Иманғалиевтің де отбасы 3 және 5 жастағы екі жасөспірім баласымен осы лагерде жатыр.

Түрлі жағдайда тағдырдың тауқыметімен осы бір жабық мекемеге тап болған босқындардың өз ауызымен айтқанда лагерь асханасының аспазынан бастап, қадағалаушысы бар, басшылығы бар, Бела Йезова полициясына дейін, бәрі жабыла жасап отырған кемсітушілік босқындарды наразылық танытуға итермелеген.

Өзбекстандық Оксана Нарзықұлованың айтуынша, Бела Йезова депортациялық лагеріндегі наразылыққа қатысушылар адам құқықтарын сақтау тұрғысынан қарағанда адамгершіліктен ада қылықтары үшін қызметкерлерді жазаға тартуды өтінеді, талап емес, өтініп сұрайды – мұны Оксана бірнеше рет қадап айтты.

Босқындар, сөзбе-сөз айтқанда, «чехиялық билік өкілдерінің гестаполық қарым-қатынасты» доғаруын сұрайды. Лагерде кемсіту, ұлтшылдық, нәсілшілдік, бөгде дін өкілдері мен терісінің түсі өзгеше адамдарға жапа-зәбір көрсету тамыр жайған. Мұнда ұдайы адам құқықтары тапталады және психологиялық қысым көрсетіледі дейді босқындар.

БІР ҮЗІМ НАН ҮШІН...

Чехиялық билік өкілдерін босқындардың осылайша айыптауына келесідей жайттар негіз болған.

Украинаның Херсонынан келген босқын Светлана Федорованың әңгімелеуінше, тамыздың 13-і – Бела Йезова лагері босқындарының шыдамы біткен күн болыпты. Сол күні абхаздық әйел Мака Гагилия лагерь асханасында өзінің бес жасар ұлы үшін қандай да бір жеңіл
Бела Йезова депортациялық лагері. Чехия, Бездез маңындағы Бела кенті, шілде, 2009 жыл.
тағам, яғни, тоқаш-нан сұраған. Аспаз оның өтінішін орындаудан бас тартып, оған өте анайы да дөрекі түрде жауап берген.

Сол жерде тұрған лагерь бақылаушысы әлгі әйелмен қоса лагердегі барлық босқындарды сөзбен қорлап, әйелдерді – жезөкше, ал ерлерді арамтамақ, қылмыскер деп, т.б. сөздермен кемсіте жөнелген.

Ташкенттік Оксана Нарзықұлованың куәлік етуі бойынша, 15 тамыз күні ересектер де, балалар да тамақтан уланған. Сол кезде уланған абхазиялық Заза Лакербаяның бес жасар ұлы бес күн бойы Млада Болеслав қалашығы ауруханасының педиатриялық бөлімінде жатыр. Асханада тамақтанған баланың жүрегі айнып, көзі қарауытқан, ағзасы суалып, денесінің қызуы көтерілген.

Қазақ босқыны Бауыржан Иманғалиевтің де екі қызының біреуі асхананың тамағынан уланып, қазір де қызуы түспей әке-шешесінің қасында жатыр. Лагерь дәрігері әлдебір сылтау айтып оны ауруханаға жатқызудан бас тартты дейді Бауыржан Иманғалиев.

Тағамның сапасыздығына, ешбір өтініштің және заңды талаптың еленбеуіне, ұдайы кемсітушілікке, адам құқығы мен ар-намысының сақталмауына қарсы наразылық ретінде лагер тұрғындары аштық жариялады. Алайда, бұл шара қызып тұрғанда оған белсенді қатысқандарды босқындарға арналған басқа лагерлерге апарып салды.

ӘЙЕЛДІ КАСТЕТПЕН ҰРЫП-СОҒУ

Бұл жартылай түрмелік орынның басқа тұрғындары жай ғана Мэсси деп атайтын нигериялық әйел Эдобор Истоханды полиция қызметкерлерінің соққыға жығуы босқындардың бас көтеруіне себеп жайттардың бірі болды.

Кішкентай балалардың асхана тағамынан уланғанын естіген Мэсси аспаздан балаларға арналған тамақтың қалай даярланатынын сұрап, білгісі келген. 16 тамызда асхананың сұйық тағамының дәмін татып көріп, ол мұндай сорпа тамақтың балалар мен жүкті әйелдерге жарамсыз екенін түсіндіріп, ағылшынша (Мэсси чех тілін де, басқа тілді де білмейді) аспаздан оны ауыстыруды сұраған.

Мұны көріп тұрған лагерь бақылаушысы мен мекемедегі тәртіпті қадағалайтын полицей, босқындардың айтуынша, «ас бөлменің жанындағы тордың арғы бетінде отырған бойы» полиция жасағын шақырған. Сонда, бақылаушы да, полицей де аспаз секілді ағылшын тілін білмейтін болып шықты дейді Азаттық радиосына сұхбат берушілер.

Бела Йезова депортациялық лагеріне кіретін есік. Чехия, Бендез маңындағы Бела кенті, шілде, 2009 жыл.
Куәгер босқындардың сөзі бойынша бақылаушының шақыртуымен келген екі полиция қызметкерінің біреуі көп ойланып жатпастан, қара нәсілді әйелге жұдырығын ала жүгіріп, оны баршаның көз алдында, балалар мен әйелдердің көзінше аяусыз соққының астына алған.

Абхазиялық босқын Заза Лакербая өзге куәгерлер – Бауыржан Иманғалиев, Светлана Федорова және Оксана Нарзықұлованың әңгімесін толықтырып, мынадай тұсын айтып берді. Кавказдық Заза Лакербая соққыға жығылған африкалық әйелге жалғыз өзі жақтасқан.

Оның айтуынша, Мэссиге жұдырығын ала жүгірер алдында полиция қызметкері қолын қалтасына салып, кастет киген, алдымен әйелдің бетінен ұрып, сосын аяғымен тепкілеген. Заза Лакербая полицейдің дәл жанында тұрғандықтан, оның ешкімге байқатпай қолына кастет кигенін тек өзі ғана байқап қалғанын айтады.

Заза Лакербая әйелге жақтаспақшы болғанда, (босқынның айтуы бойынша, бойы екі метрлік полицей) оны да ұрып тастай алатынын сездіргендей жұдырығын ала жүгірген.

– Мен оған: «Ал, ұршы! Әйелге бұл істеп жатқаның не?!» – дедім. Әйелге обал. Одан кейін аяқпен де тепкіледі. Ресейде тұрған кезімде милицияның қылмыскерлерді жайдан жай ұрып-соққанын көргенмін, ал, бұл әйел қылмыскер емес қой! Бұл – кәдімгі әйел.
Мен оған: «Ал, ұршы! Әйелге бұл істеп жатқаның не?!» – дедім. Әйелге обал. Одан кейін аяқпен де тепкіледі. Ресейде тұрған кезімде милицияның қылмыскерлерді жайдан жай ұрып-соққанын көргенмін, ал, бұл әйел қылмыскер емес қой! Бұл – кәдімгі әйел.
Ол бізбен, балаларымызбен жап-жақсы араласты. Оны алып кетті, әуелде, ол әйелден қан шыққан да жоқ. Боксшылар құсап ұрды оны, – деп өз көргенімен бөлісті Кавказдан шыққан босқын Заза Лакербая.

Тағы бір маңызды жайт – келген полицейлер өздерін таныстырмаған.

Ташкенттік Оксана Нарзықұлова олардың кеуде белгісіндегі номерлерді ғана, сондай-ақ, тәртіп сақшыларының бірінің есімін, екіншісінің тегін жазып үлгерген. Франта деген бірінші полицейдің 310 798 нөмірлі кеуде белгісі болған, ал, тегі -Провозник деген екіншісінің нөмірі 246 580.

Эдобор Истохан-Мэссиді лагерге қайтару – Чехиядағы Бела Йезова депортациялық лагеріндегі наразылық шарасына қатысушылардың білдірген өтініштерінің бірі (талап емес) болып отыр. Лагерь қызметкерлері оны есуас қылып шығаруға тырысады. Сол себепті, ол әйелдің қайда екенін – психодиспансерде ме, жоқ әлде карцерде ме –босқындар нақты білмейді.

БҰҰ ӨКІЛДІГІНЕН МАРДЫМДЫ ЖАУАП БОЛМАДЫ

Азаттық радиосы босқындар ортақ куәлік келтірген осы жайттарға қатысты қандай да бір түсініктеме алу мақсатында БҰҰ-ның Прагадағы босқындар ісі жөніндегі өкілдігіне бірнеше рет талпыныс жасады. Бірақ, бәрі зая кетті.

Өкілдіктің әлеуметпен байланыс жөніндегі қызметкері Марта Миклушакованың әлдебір кездесулерден үнемі қолы тимеді. Ал 19 тамыздан бастап, ол демалысқа кетеді деген жауап берді біз кезекті рет телефон шалғанымызда.

Брно қаласындағы Чехияның адам құқықтары жөніндегі өкіліне сан мәрте телефон шалғанымызбен, автоматты жауап бергіштің дыбысынан өзге ештеңе ести алмадық.

Бела Йезовадағы лагердің меңгерушісі Вильям Андраашымен де хабарласудың сәті түспеді. Оның орынбасары Колачны Азаттық радиосы тілшісімен сөйлесуден мүлдем бас тартты.

ДӘРІГЕРЛІК ҚҰПИЯ

Азаттық тілшілеріне лагердегі жағдайды анықтау үшін 19 тамызда Чехияның көші-қон полициясына телефон шалуға тура келді. Бізді Чехия көші-қон полициясы баспасөз қызметінің жетекшісі Яна Дудовамен байланыстырды. Оның көмегімен біз Чехияның шетелдіктерге арналған лагерлері жүйесінің жетекшісі Мирослав Коудельныймен сөйлестік.

Яна Дудова Бела Йезова лагерінде Чех республикасының заңдарын жиі бұзатын шетелдіктердің ғана ұсталатынын еске салды. Осыны айтысымен ол Бела Йезова лагері қызметкерлерінің бассыздығына қарсы аштық жариялағаны туралы лагер тұрғындарының мәлімдемесін жоққа шығарды, сондай-ақ, Яна Дудова босқындардың тағамнан уланғаны туралы ақпаратты да шындыққа сай емес деді.

Оның айтуынша, лагердің асханасындағы тіркеу журналында онда тамақтанған адамның бәрі жазылады. Әйткенмен ол босқындардың лагердегі асхана тағамдарының жұтаңдығы мен біркелкілігін айтып, шағымданатынын мойындады.

Мирослав Коудельный абхазиялық босқын Заза Лакербаяның бес жасар ұлының ауырып, ауруханаға әкетілгені туралы мәлімдемені растады. Бірақ, Азаттық радиосына сұхбат берген кезде ол ересектер мен балалардың тамақтан уланғанын жоққа шығарды.

Шетелдіктерге арналған лагерлер жүйесінің жетекшісі лагердегі адамдардың ешқайсысының не атын, не жасын ауызына алмады. Олардың бәрін ол «клиент» деп атады. Және де ол егер клиенттердің өздері аты-жөндерінің растығын дәлелдемесе, оны өздерінің растай алмайтынын айтты.

«Біздің клиенттің сырқатының себебі неде екенін мен білмеймін. Тіпті, білгеннің өзінде мен сізге оны айтпас едім. Ал, егер айтсам, онда дәрігерлік құпияны ашқан болар едім. Сол себепті менің ол ақпаратқа қолым жетпейді де. Оны тек біздің дәрігер ғана біледі. Бірақ, ол да сізге ондай ақпаратты әйгілемес еді.

Мен клиенттің лагерге оралғанын білемін. Қателеспесем, ол онда кеше оралған. Бірақ, оның ауруханаға тамақтан уланып түспегенін айта аламын. Әрбірден соң, біздің қызметкерлеріміздің өздері – полицейлер мен күзет мүшелері де лагерде тамақтанады. Ешқайсысы тамақтан уланып көрген емес», – деді Мирослав Коудельный.

КӘСІБИ ПОЛИЦЕЙ

Яна Дудова нигериялық босқын Эдобор Истохан-Мэссиді жергілікті полиция қызметкерінің соққыға жыққанын жоққа шығармады. Оның айтуынша, полициямен төбелесті бастаған Мэссидің өзі.

Мирослав Коудельный де клиенттердің біреуінің арандатуымен әлдебір оқиға болды дейді.

Коудельныйдың өзі асханада болған сол «оқиғаны» көрмеген. Бірақ, оның ақпараты бойынша полицей кәсібилік танытқан. Оқиға кезінде полицейдің кастет қолданғанын, оған бір ғана абхазиялық Заза Лакербаяның куәгер екенін ол бірінші рет естіп тұрғанын айтты. Полицейдің кастет қолдануын Коудельный мүлдем болмайтын жағдай- «нонсенс» деп санайды.

«Полицей де оқиғаның табиғатына сай қимылдау керек. Бірақ, мен қалай болғанда да ол әйел соққыға жығылды деп айта алмаймын.
Полицей де оқиғаның табиғатына сай қимылдау керек. Бірақ, мен қалай болғанда да ол әйел соққыға жығылды деп айта алмаймын.


Менің білетінім – консул әйелдің (Нигерия консулы. – Аутор) Бьела Йезова лагеріне келгені. Оның не себеппен келгенін білмеймін. Бірақ, оның лагерге чехиялық полицияның шақыруымен барғанын білемін. Ал, лагерь басшылығы оның келуін ұйымдастырды.

Оның бұл сапары әлгі болған оқиғамен байланысты деп ойламаймын. Бірақ оқиға ол кеткен соң болған деп ойлаймын. Мен тағы да қайталап айтамын – ол әйел соққыға жығылған жоқ», - деп мәлімдеді телефон арқылы Чехиядағы шетелдіктерге арналған лагерлер жүйесінің жетекшісі Мирослав Коудельный.

Чехия көші-қон полициясының баспасөз хатшысы Яна Дудова да биік мәртебелі шетелдік дипломаттың келу себебін түсіндірмеді.

Ол да Бездез түбіндегі Бела кентіндегі лагерь тұрғындарының бірі Азаттық радиосына кеуде белгісіндегі номерін хабарлаған тегі Провазник деген полиция қызметкерінің бар екенін растады. Яна Дудова оны жақсы полицей деп сипаттады.

«Ол жақта жұмыс істейтін полицейлер, – деп түсіндірді Мирослав Коудельный, – лагерь қызметкерлерінің штатына кірмейді. Бірақ, тамақтану кезінде тәртіпті бақылау және лагерь режимінің сақталуын қамтамасыз ету – солардың міндеті».

Телефонмен сөйлесу барысында көші-қон полициясының баспасөз хатшысы лагерь басшылығы Бела Йезовадағы босқындардың барлық жазбаша шағымы мен өтінішіне дер кезінде жауап беруге, шара қолдануға тырысады деп мәлімдеді.

БАСҚА ЛАГЕРЛЕРГЕ АУЫСТЫРУ

Аталмыш орын тұрғындарының сөздерінен соңғы сәтте белгілі болғанындай, 19 тамыз күні Бьела Йезова лагерінің басшылығы он төрт әйелді Пошторна жеріндегі басқа лагерге ауыстырған. Олардың арасында Оксана Назырқұлова да бар.

Ол лагерь Брно қаласынан шамамен 30 шақырымдық қашықтықта, Австрия шекарасына таяу орналасқан. Бьела Йезовадағы босқындар Пошторна лагеріндегі жағдай әлдеқайда қаталдау екенін айтады.

Чехиядағы шетелдіктерге арналған лагерлер жүйесінің басшысы Мирослав Коудельный он төрт әйел Бьела Йезовада орын қалмағандықтан басқа лагерге ауыстырылды, ал, екі лагердегі жағдайдың еш айырмашылығы жоқ, бірдей дейді.

Қазақ босқыны Бауыржан Иманғалиев. Бендез маңындағы Бела кентіндегі депортациялық лагерде түсірілген сурет, шілде, 2009 жыл.
Осылайша, Бьела Йезова лагеріндегі бас көтеру ың-шыңсыз жылы жабылып қалатын түрі бар. Алайда ондағы отырғандар өз құқықтарының бұзылып, кемсіту көріп жатқандарына шағымдарын жалғастыруда.

Өз Отанында арнайы қызметтерден қуғын көріп, Қазақстаннан бассауғалауға мәжбүр болған мұсылман босқындарының үлкен тобы жайында Азаттық радиосы осыған дейін бірнеше рет хабарлаған болатын. Олар Чехияға негізінен 2006 жылы келген еді, бірақ содан бері босқын мәртебесіне қол жеткізе алмай пұшайман халде жүр. Чехияның Жоғарғы әкімшілік соты оларға Қазақстанда ешқандай қауіп-қатер, қуғын-сүргін төніп тұрған жоқ, сондықтан олар елдеріне қайтулары керек деп санайды. Адам құқықтарын қорғаушылар бұған қарама-қайшы пікір айтады.

Осы босқындардың бірі Бауыржан Иманғалиев аяғы ауыр әйелі және кішкентай екі баласын алып өз бетінше Швецияға барып, сол елден саяси баспана алмақшы болғаны үшін қазір Бьела Йезова лагерінде отыр. Бауыржан бұл лагерде кемсітуге кезіккенін айтып шағынады. Оған мысал ретінде қазақ босқыны денсаулығы науқас, жүкті әйелі лагердің дәрігерлеріне жүгініп, жәрдем сұрағанда үнемі тек бір жасыл түйіршік дәріні ғана беретінін және оны лагердегі барлық босқындарға ауырған жерді басатын дәрмек ретінде берілетінін айтты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG