Accessibility links

Даниал Ахметовтен мұраға бомба жарылыстары мен жемқорлыққа қатысты дау-дамай қалды


Даниал Ахметов, қорғаныс министрі қызметіндегі кезі. Астана, қаңтар, 2009 ж.
Даниал Ахметов, қорғаныс министрі қызметіндегі кезі. Астана, қаңтар, 2009 ж.

Даниал Ахметов ойда жоқта қорғаныс министрі қызметінен босатылды. Запастағы генералдардың біреуі ол кеткенімен қорғаныс министрлігінде жемқорлар азая қоймайды дейді.

ГЕНЕРАЛДАР МЕН ПОЛКОВНИКТЕР ТҮРМЕГЕ ТОҒЫТЫЛУДА

Даниал Ахметов қорғаныс мекемесінде жемқорлыққа қатысты дау-дамай қызып тұрған шақта қызметінен кетті.

Содан бірнеше күн бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті, қазірде жемқорлыққа қатысты айып тағылып, қамауда отырған қорғаныс вице-министрі генерал Қажымұрат Маермановтан маусымның 9-ы күні жауап алу кезінде, ол өзіне өзі қол салуға әрекет жасап, өз мойынын кеңсе пышағымен жаралап ауруханаға түсті деп хабарлаған болатын.

Қажымұрат Маерманов, қорғаныс вице-министрі, генерал-лейтенант.
Қажымұрат Маерманов реактивті қаруды сатып алу және артиллериялық жүйелерді жетілдіруге қатысты израильдік фирмалармен бірқатар келісім-шарт жасау кезінде өз өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікпен ұсталған болатын.

Қылмыстық іс қорғаныс министрлігінің 82 миллион доллар сомасындағы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануы жайлы Есеп комитетінің жасаған материалдары негізінде қозғалған. Тергеудің анықтағанындай, келісім-шарттар 2006 жылдан бастап қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Қажымұрат Маермановтың тікелей жетекшілігімен жасалынған.

ҰҚК ол келісім-шарттар жасалған үш артиллериялық жүйені сатып алуға 190 миллион доллар жұмсалғанын айтады. Тергеушілер олар әдейі қымбат бағамен көрсетілген деп санайды.

Сонымен қатар 11 маусым күні әскери сот ірі мөлшерде қаржы қымқырған деген күдікке ілінген қорғаныс министрлігі құрылыс және әскерді пәтермен қамтамасыз ету бас басқармасының бастығы полковник Әнуарбек Оразалиновты тұтқындауға санкция берді. Қазір ол тергеу абақтысында қамауда отыр.

Тағы бір генералды – Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы Асхат Шойынбаевты – билікті асыра пайдаланғаны үшін айыпты деп тапқан Ақмола гарнизонының әскери соты оны төрт жылға түрме жазасына кесті.

«Асхат Шойынбаев Қылмыстық кодекс баптарында көрсетілген «Баспананың қол сұғылмаушылық құқығын бұзу және билікті асыра пайдалану» қылмыстарын жасағаны үшін кінәлі деп танылды», - деп хабарлады бас әскери прокуратураның баспасөз хатшысы Болат Тазабеков.

Сот талқысы барысында генералдың әскери қызметкердің отбасын жатақханадан шығаруға заңсыз бұйрық бергені дәлелденген. Сондай-ақ, ол офицерге қол жұмсаған. Сот-медициналық сараптама қорытындысында әлгі офицердің орта деңгейде жарақат алғаны жазылған деді Болат Тазабеков.

Болат Тазабековтың айтуынша, үкімнен бөлек сот Асхат Шойынбаевты «генерал-майор» әскери атағынан айыру туралы ұсыныс жолдаған.

ӘСКЕРИ МЕКЕМЕ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ШАШ-ЕТЕКТЕН МАЛЫНҒАН

Жоғарыда келтірілген ақпараттарға қарап, жемқорлық әскери мекеменің тек жоғарғы жағында ғана бар деп ойлап қалуға болады. Ал, шындығында, деректер жағдайдың күрделі екендігін көрсетеді.

Айталық, 12 маусымда Қарағанды гарнизонының әскери соты әскери бөлімнің бұрынғы командирі полковник Асхат Қалибаевты екі жыл түрмеге отырғызуға үкім шығарды. Сонымен бірге, сот Асхат Қалибаев «иемденіп кеткен 16 миллион 961 мың теңгені [113 мың доллар шамасында]» мемлекет пайдасына өндіру туралы қаулы етті.

Хабарламаға сәйкес айыпталушы сотта өз кінәсін мойындаған.

«2007 жылғы 6 қыркүйекте әскери бөлім командирі Асхат Қалибаев пен жеке кәсіпкер А.Сатыбалдин 93 мың дана бланкілік өнім даярлау жөнінде 17 миллион 277 мың теңге [шамамен 115 мың доллар] сомасында 10 шарт жасасқан. Ал, тексеріс барысында барлық
Қорғаныс министрлігіндегі жемқорлықққа қарсы наразылық ретінде запастағы баспанасыз офицерлердің дайындаған коллажы. Алматы, 28 қазан 2008 ж.
бланкілердің қарапайым А-4 форматындағы қағазға кәдуілгі лазерлік принтерде басылғаны анықталды», – дейді Орталық аймақ әскери прокурорының орынбасары Талғат Бегаев.

Дүйсенбі, 15 маусым күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Макс Дорстройсервис-21» кәсіпорнының бас директоры Александр Скоропадский қорғаныс министрлігінің шарт бойынша кәсіпкерлер алдындағы өз міндеттемелерін орындамай келе жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, компания қорғаныс министрлігі үшін Жамбыл облысындағы министрліктің «Гвардиялық аудандық пайдалану бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тұрғын жайлық қалашығында құрылыс жұмыстарын атқарған.

Александр Скоропадский 2007 жылдың қазанынан 2008 жылдың мамырына дейінгі аралықта барлық жұмыстар аяқталып, 89,57 миллион теңгенің [шамамен 600 мың доллар] жұмысы атқарылғаны туралы актілерге қол қойылғанын айтады. Осы сомадан компания шамамен 23 миллион теңге [150 мың долларға жуық] алған. Бүгінгі таңда қорғаныс министрлігінің кәсіпорынға қарызы 66,1 миллион теңгені [шамамен 450 мың доллар] құрайды.

Бұған қоса, Кәсіпкерлердің тәуелсіз ассоциациясының вице-президенті Тимур Назханов қорғаныс министрлігі «шарттарға сәйкес кәсіпкерлердің алдында алған өз міндеттемелерін өрескел бұзып отырғанын» айтады. Атап айтқанда ол 2008 жылы қорғаныс министрлігі үшін 107 миллион теңгенің [шамамен 700 мың доллар] құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізген «Виват» кәсіпорынын мысалға келтірді.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мекеменің кәсіпкерлер алдындағы міндеттемелеріне байланысты ештеңе білмейтіндіктерін алға тартып, бұл мәселеге түсінік беруден бас тартты деп хабарлайды «Қазақстан бүгін» агенттігі.

ӘСКЕРИ САЯСАТ ЖӘНЕ САЯСАТШЫЛДЫҚ

Президент әрі жоғары бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы сәуірдің 7-інде өткізген Қауіпсіздік кеңесінің мәжілісінде әскери мекемедегі ахуал да сөз болды.

Қорғаныс министрлігінің басшылығына қатаң сөгіс берілді және Оңтүстік Қазақстан облысында оқ-дәрі жарылғаны үшін ескерту жарияланды.

Сол кезде қорғаныс министрі Даниал Ахметов ескерту, ал штаб басшылары комитетінің төрағасы – қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Алтынбаев пен қорғаныс министрінің орынбасары Қажымұрат Маерманов қатаң сөгістер алған еді.

Сол Қажымұрат Маерманов бүгінде ҰҚК-нің түрмесінде отыр. Кеше ғана өз-өзіне қол салуға әрекет жасаған көрінеді. Бар-жоғы ескерту алған Даниал Ахметов қызметінен алынды. Ал Қауіпсіздік кеңесінде генерал Маермановпен бірдей жаза алған Мұхтар Алтынбаев болса, былайша айтқанда, «бір саты жоғарылады» – енді ол қорғаныс министрінің міндетін атқаруда.

Осыдан 8 жыл бұрын Мұхтар Алтынбаев МИГ ұшақтарын Солтүстік Кореяға сату төңірегіндегі жемқорлыққа қатысты дау-жанжалға байланысты қызметінен алынған болатын. Онымен бірге сол кездегі ҰҚК-нің төрағасы Нұртай Әбіқаев та қызметтен «ұшып кеткен» еді. Сол жолы Мұхтар Алтынбаев қорғаныс министрі қызметін Сәт Тоқпақбаевқа қиюға мәжбүр болды.

Содан, көп ұзамай, Мұхтар Алтынбаев қорғаныс министрінің қызметін тағы да өзіне қайтарды деуге болады. Ал, одан соң бұл қызмет алғашқы азаматтық министр Даниал Ахметовке тапсырылды. Ал, қазір енді, Даниал Ахметовтан кейін Мұхтар Алтынбаев тағы да қорғаныс министрі лауазымына, әзірге міндетін атқарушы болып, қайта кірісті.

Айтпақшы, Астанада президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің 7 сәуірдегі сол бір мәжілісінде сол кездегі «Қазатомпром» ұлттық компаниясының басшысы Мұхтар Жәкішевтің есебі де тыңдалған-ды.

Қауіпсіздік кеңесі мәжілісінің толық мазмұны құпия, жұртқа айтылмайды. Әйтеуір сол жиында, қорғаныс министрлігінің басшылығымен салыстырғанда, Мұхтар Жәкішевтің атына қандай да бір ескерту немесе сөгіс берілгені туралы хабар болған жоқ. Бірақ, мамырдың соңынан бері Мұхтар Жәкішев ҰҚК-нің Астанадағы түрмесінде қамауда жатыр. Оның қазіргі хал-жағдайын туған-туыстары мен адвокаттары да біле алмай отыр.

«ДАНИАЛ АХМЕТОВ КЕТКЕНІМЕН, ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНДЕГІ ЖЕМҚОРЛЫҚ АЗАЯ ҚОЙМАС»

Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, запастағы генерал-майор Айтқали Есенғұлов министр орнынан алынғанымен қорғаныс министрлігіндегі жемқорлық азая қоймайды деп санайды. Ол Азаттық радиосына өз пікірін телефон арқылы былай білдірді:

«Мен Мұхтар Алтынбаевтың жеке басын сыйлаймын, бірақ, мекемені, әсіресе оның ұшар басын шырмап отырған жемқорлықты ол жеңе алмайды. Міне, өз басым — бақытты адаммын. Мен кеткенде қорғаныс министрлігі маған екі бөлмелі пәтер бөлді. Ал, енді бес-бестен үш бөлмелі пәтерлері бар генералдар аз емес. Есесіне, менің ұйқым тыныш, өйткені, сезікті не айыпталушы, ең болмаса куәгер ретінде тергеуші шақырып көрмеген жалғыз генерал — мен ғана шығармын.

Қорғаныс министрлігіндегі жемқорлық жүйелі сипатта. Соған орай, оны жүйелі түрде түбегейлі тазалау керек. Сол себепті, тағы да айтамын, бір ғана Даниал Ахметов кеткенімен қорғаныс министрлігіндегі жемқорлық азаймайды», – деп ойын түйіндеді генерал Айтқали Есенғұлов.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG