Accessibility links

Бай Мөңке мен мәймөңке немесе Дәркембай Шоқпарұлының қолтаңбасы

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ


САНАҒА СӘУЛЕ ТҮСІРГЕН КӨРМЕ

Жылдар белестерінде екшеле келе, іріктеле сақталып қалған шағын ғана жеке мұрағатымды ақтарыстырудамын... Қызмет бабымен шетелде болған соңғы он бес жылымның ішінде оларға тіпті қол тигізбеген екенмін.

Кенет, советтік кезеңдегі бір бет сары қағазға қаламсаппен салынған сурет көзіме оттай басылды.

Иә, бұл жас шебер, ұста Дәркембай Шоқпарұлының салған қолтаңба - суреті еді.

Қолтаңба 1982 жылдың қаңтар айында қағазға түскен болатын. Олай дейтінім, сол жолы ұйымдастырылған Дәркембай ұстаның жеке көрмесінің ресми шақыру-бағдарламасы да сол суретпен бірге сақталып қалыпты.

Шақыру қағазының шет-шетіне ұста шығармашылығына қатысы бар, әрі өзіме қажетті деген деректерді түртіп ала берген екенмін.

Әлі есімде, көрмеге барушылардың саны едәуір еді. Себебі, бұл көрменің табиғаты ерекше, оған қойылған әрбір заттың ұлттық нақышы әудем жерден менмұндалап, қазақы болмысы көзге ұрып тұрған-тын.

Сол жылдары суретші-мүсіншілердің жеке көрмесіне барар болсаңыз, әдетте өнер иесінің машығына қарай, негізінен не тек қана мүсіндер, немесе түрлі полотнолар, я болмаса металдан жасалған бұйымдар қойылатын.

Ал, «Қолданбалы қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлының жеке көрмесі» деп аталған бұл көрмеде, Дәркембай ұстаның қолынан шыққан түрлі нақыштағы өнер туындылары өзара терең үйлесіммен бір жерде тоқайласқандай еді.

Кәдімгі жанторсық және мүйізді торсықтан бастап, ежелгі қазақ отбасына керекті сандық, келі-келсап, ұршық, шырағдан дейсіз бе, әйтеуір көшпенді қазақ бабадан қалған небір өнер туындыларының айшықты үлгілері атойлап алдымыздан шыққандай болған-ды.

Оған қоса әр жылдары ұста Дәркембай жасаған домбыраның неше атасы, шертердің небір түрлері де көрмеден ойып тұрып өз орынын алған екен.

Ал ақ қағазға салынған, осы көрмедегі жиырмадан аса қазақы ою-өрнектер советтік кезеңнің талай көрерменінің санасына сілкініс жасады-ақ...

Көрмені аралау барысында Дәркембай ұстамен республикалық «Лениншіл жас» газетінің тілшісі ретінде сұхбаттасқан болатынмын.

Әңгіме барысында, әлгінде ғана өзім қызықтаған кісе белдіктегі айрықша бедерлер сырын сұрастыруды жөн көрдім. Себебі, бала кезімде, біздің ауылда да ұстахана болушы еді. Алайда ондағы ұсталар күміс білезік, кісе белдік, ер-тұрмандарға ою-өрнектерді ойып салатын.

Ал, аталмыш көрмедегі кісе белдік пен басқа да темір бұйымдарда оймышты оюлармен қатар сырттан қондырылған томпақ бедерлер де жетерлік еді.

Мұның түп-төркінін сұрадым. Сауалымды тыңдап, Дәркембай ұста бір сәт тіпті қуанып қалғандай көрінді маған.

«БАЙ МӨҢКЕ» ҚАЛАЙ «МӘЙМӨҢКЕ» БОЛДЫ?


Дәркембай Шоқпарұлы бір парақ қағазды қолына алды да, әңгімесін айта отырып, сурет салуға кірісті.

Қай ауылдан дегені есімде жоқ. Баяғыда бір бай Мөңке деген кісі бопты. Күндердің күнінде әлгі бай қызын ұзатпаққа ниет етеді. Мөңке ауыл ұстасын шақыртып алып, қызына алтын-күмістен әшекей бұйымдар жасауға тапсырыс берген екен.

Ол өзінің мынандай өтінішін қоса айтады.

- Балқытылған күміске ойып бедер салу таңсық емес. Қызымның күміс әшекейлеріне ерекше өрнек керек. Ол оймышталып салынған өрнек қана емес, бүршік бедерлі де болсын! - дейді бай Мөңке.

Сонымен ауыл ұстасы бақуатты тұтынушысының ұсынысы төңірегінде небір шығармашылық қиялдарына ерік беріп, ақырында зергерлік бұйымдарға сырттан қондырылатын бедер үшін арнайы аспап ойлап табады.

Әңгіменің осы тұсында Дәркембай ұста әуелі ақ қағазға бай Мөңке сипаттаған сол бір бедерлерді салды да:

- Ұстаның ойлап тапқан аспабы мынандай екен, - деп, оймақтай ғана оймышы бар қалыптың суретін салып, оны айқындай түсейін дегендей, айналасын сызықпен қоршап өтті.

- Ауыл ұстасы жаңа құралын «Бай Мөңке» деп атаған екен. Уақыт өте келе ол атау тілдік өзгерістерге ұшырап, «Мәймөңке» атанып
Ұста Дәркембай Шоқпарұлының қолымен 1982 жылдың қаңтар айында салынған "Мәймөңке" аспабы. Қолтаңба алғаш рет жарияланып отыр.
кеткен екен. Бұл сөз қолөнер құралының атауы ретінде ұмытылып барып, бүгінде қайта жаңғырып отыр. Ал ел аузында «мәймөңке» сөзі «жәдігөй, жағымпаз» сияқты жағымсыз мағынада қолданылып кеткен, - деген еді Дәркембай Шоқпарұлы.

Ағаштан ғана емес темір, тері, тіпті тастан да «түйін түйген» хас шебердің осынау зеректігіне біз тәнті болғанбыз.

Тәнті болуымыздың орны бар. Советтік қыршаңқы саясат кесірінен сол 1980-жылдары ұмыт бола жаздаған небір ұлттық қолөнер жәдігерлерімізді қайта тірілтіп қана қоймай, қолданыстан шығып, ұмытылып бара жатқан немесе мағынасы өзгеріп кеткен, мысалға айтар болсақ, «іскенже», «мәймөңке», «желқобыз» сияқты небір көне сөздерімізді қайта тірілтіп, сөздік қорымызға «жетелеп» әкеп қосқан еді Дәркембай ұста!

Әлі есімізде, сол өткен ғасырдың сексенінші жылдары дара талант иесі Дәркембай Шоқпарұлы көне сөздерді қайта жаңғырту ісіне республикалық газет-журналдар бетіндегі арнайы айдарлар арқылы айрықша үлес қосып жүрді.

Тіпті кейбір арнайы айдарларды өзі жүргізіп отырды.

ЖИЫРМА СЕГІЗ ЖЫЛДАН КЕЙІН ЖАРЫҚҚА ҰМТЫЛҒАН ҚОЛТАҢБА

1982 жылдың қаңтарында болған аталған көрмеден, республикалық «Лениншіл жас» газеті үшін арнайы репортаж жасап қайтқаным есімде.

Алайда, Совет одағының құрылғанына алпыс жыл толуына орайластырылған ол көрме жайлы мақалада «мәймөңке» қолтаңбасына не себепті орын тимей қалғаны көзі қарақты оқырманға айтпаса да түсінікті болса керек.

«Сом болатты балшықша илеген Дәкеңнің өз болмысы да болаттан құйылғандай-ау», - деуші еді менің базбір әріптестерім.

Сол болат болмысты зергердің саусақтарынан туындаған осынау кішкентай ғана жәдігер-қолтаңбаның араға жиырма сегіз жыл уақыт салып, Азаттық арқылы жарыққа шығуға талпыныс жасағанын көрмейсіз бе!

«Балғам менен қаламым - қос қанатым,
Өлең, өнер, бәйгеге қосқан атым», - деп жазған Дәркембай өзінің шығармашылық өміріне өзі нақты баға бергендей еді.

Ол «Қайтсем туған елімнің ұлттық рухының қайта оянуына өз үлесімді қосамын» деп шарық ұрып ғұмыр кешкен талант иесі.

Сөз зергері, қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлының болмысын өз көңіл төрімізде сипаттар тұста, оның тұтас шығармашылық табиғатына зер сала отырып, «құрыштан құйған қасиет» деген сөз тіркестерінің ойымызға орала беретіні бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG