Accessibility links

Желтоқсан оқиғасына қатысушы туралы оң пікір айтқаны үшін қудаланған адам


Валерий Александрович Каро-Мадэ, ғалым, 1987 жылы Әркен Уақтың сотында оны қорғап сөйлеген 4 куәгердің бірі. Алматы, 15 желтоқсан 2009 жыл.

Валерий Александрович Каро-Мадэ, ғалым, 1987 жылы Әркен Уақтың сотында оны қорғап сөйлеген 4 куәгердің бірі. Алматы, 15 желтоқсан 2009 жыл.

«Ұлтшыл» және «қоғамдық тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды» деген айыптармен сотқа тартылған Әркен Уаққа араша түскен 4 адамның бірі – Валерий Александрович Каро-Мадэ. Айыпталушының пайдасына куәлік еткені үшін жұмыстан қудаланып, 5 жылға жуық өзге совет елінде бас сауғалауға мәжбүр болған.


КУӘГЕРЛЕРГЕ БАСЫЛҒАН «ҚАРА ТАҢБА»

1980 жылдары Валерий Каро-Мадэ Алматы архитектура және құрылыс институтының (ААҚИ) аға оқытушысы қызметін атқарды. Әріптесі Әркен Уақ сынды ол да Компартияға мүше болмаған. Оның айтуынша, осы жайт Әркен Уақ екеуінің жақын араласуына түрткі болып, қоғамдық мәселелерге байланысты пікірлерін олар бір-бірінен бүкпей-ақ айта берген.

– Әркенді қалайша ұлтшыл деуге болады. Оның мен сынды орыс достары көп болды. Ол адамдарды адамгершілігіне қарап сыйлайтын, – дейді Каро-Мадэ.

Әркен Уақ, 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін Совет өкіметі «ұлтшыл, бүлікшіл» деген айыппен 8 жылға соттаған диссидент, ғалым.
Сондай-ақ, ол 1987 жылы шілдеде Әркен Уақтың ісіне байланысты сот отырыстарына қатысып, куәгер ретінде Әркенді қорғап сөйлеген. Сол сотта бастан-аяқ заң өрескел түрде бұзылды деп еске алады ол.

– Айыптаушы жақтың куәгерлері сот залына еркін кіре берсе, бізге түрлі тосқауылдар қойып, тоқтатуға тырысатын. Мен адвокаттың сұрау-өтініштерінің арқасында сотқа қатыса алдым. Бірде сот мәжілісіне Әркен екеуміздің студентіміз Щербина деген орыс бойжеткен келді. Ол әдейі айыптаушы жақтың куәгерімін деп кіріп, оған сөз бергенде: «Әркен Батталұлы, мен сізді өзімнің әкемдей көремін. Сізді айыптау үшін емес, қорғау үшін келдім», – деп еңіреп сала берді.

Алайда бұл сот Әркен Уақты 8 жыл мерзімге түрмеге кесуге үкім шығарып, ол жазасын Колымада өтеді. Ал сотта оны қорғап куәлік еткен әріптесі Каро-Мадэні қудалау әрекеттері басталған.

Ғылым кандидаты Каро-Мадэ жұмыс істейтін жоғары оқу орнының ректоры «1986 жылғы желтоқсандағы оқиғаларда саяси сауатсыздығын көрсетті» деген мінездеме беріп ол институттан жұмыстан шығарылды. Оған қоса Қазақ ССР Жоғарғы соты Әркен
Бізге «үкімет партиясының басты мақсаттарын түсінбейді» деген кінә тағылды.
Уақтың сотына қатысқан қорғаушы жақтың 4 куәгеріне «Жоғарғы сот жазаға тартқан қылмыскерді негізсіз қорғады» деген анықтама берген. Бұл құжат олардың қызметтерінің жолдарын кесетін «қара таңбаға» айналды.

– Жоғарғы сот шешімі бойынша маған, Нинель Фокинаға (ААҚИ ұстазы) және Шәміл Омаровқа (ААҚИ-ның партия комитетінің хатшысы) жеке анықтамалар беріліп, бізге «Компартияның басты мақсаттарын түсінбейді» деген кінә тағылды. Мен Қазақстанның үш оқу орнына, сондай-ақ Совет одағының басқа қалаларындағы білім ордаларына жұмысқа тұрмақ едім. Бірақ бізге басылған «қара таңба» ешқайда аяқ бастырмады, үнемі жолымызды кес-кестеді, – дейді Каро-Мадэ.

ҚУҒЫНДА

1987 жылы желтоқсан оқиғаларынан кейін Алматы архитектура және құрылыс институтының ректоры орнынан алынып, оқу орнына басқа кісі келеді. Каро-Мадэнің сөзінше, бұл кісінің келуімен бірге институтта Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға шыққан студенттер мен оқытушыларға қарсы кең көлемді репрессия басталған.

– Ол 360 студентті оқудан шығарып, 70 оқытушыны негізсіз жұмыстан босатты. Бірақта ешбір бұйрықта сіз «Желтоқсан оқиғалары» деген тіркесті таба алмайсыз. Бәрінің тігісін жатқызып қойған. Егер оның адамгершілігі болса, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар ақталған күні
360 студентті оқудан шығарып, 70 оқытушыны негізсіз жұмыстан босатты.
ол шәкірттерді қайтадан оқуға алып, мұғалімердің жұмысын қайтаруы керек еді, – дейді ғалым.

Жаңа басшы оқытушы Әркен Уақты қорғағандарды бірден нысанаға алады. Каро-Мадэ өзін осы ректордың «ендігі кезек сенде, сені де түрмеге жабамын» деп қорқытқандығын айтады.

Осындай қоқан-лоқыдан соң көп ұзамай Валерий Александровичке мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) өзіне бейтаныс бір қызметкері хабарласқан. Алайда бұл адам ғалымды тұтқындау үшін емес, алдын ала ескерту үшін іздеген екен.

– Мені КГБ-нің адамы құтқарды. Әйтпегенде, темір тордан бір-ақ шығушы едім. Әлгі адам мен үшін басын бәйгеге тігіп, маған Мызниковтың (Қазақ ССР Бас прокурорының орынбасары) үстелінде мені тұтқындау туралы құжаттардың жатқандығын ескертіп айтты. Мен онымен кездестім. Ол менен паспортымды беруді сұрады. Басында күдіктеніп қалып едім, оның дұрыс адам екенін өз ақпарат көздерімнен сұрап білдім. Ол адам мені Алматыдағы тіркеуден шығарды. Сосын Фрунзе (Бішкек) арқылы Мәскеуге жетуге көмектесті. Себебі, Алматыдан ұшу қауіпті болатын, – дейді Валерий Каро-Мадэ.

Валерий Александрович Мәскеуге аттанған күннің ертеңінде үйіне өзін тұтқындауға милиция қызметкерлерінің келгендігін кейін әйелінен естиді.

БЕС ЖЫЛ КҮТКЕН «ЖЫЛЫМЫҚ»

– Мен Мәскеуде ағамның үйіне бардым. Одан Феодосия қаласында тұратын бұрынғы студентіме хабарласып жұмыс тауып беруін өтіндім. Ол маған Қырымнан жұмыс тауып берді. Сол жақтағы Судак қаласында жоспарлау бюросының жоба бойынша аға инженері болып 5 жыл жұмыс істедім, – дейді Каро-Мадэ.

Осы аралықта ол Қазақстанға үш рет жасырын келіп кетеді. Сол келгендерінің бірінде әріптесі Фокинадан Әркен Уақтың ақталғандығын,
Жұмысқа өзімен қоса бізді де қайта алмайынша жұмыс істемейтіндігін айтты. Ал бұл талап орындалмаған күйі қалды.
Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың ақталғандарын естиді. Бас бостандығына енді еш қатердің жоқ екендігіне көзі жеткен соң ол көп ұзамай елге қайта оралады.

– Келісімен мен бізге таңылған жала-мінездеме мен сот анықтамасын жоюға қол жеткіздім. Түрмеден оралған Әркен де жасымаған екен, сот арқылы бұрынғы жұмысына қайта оралды. Бірақ ол жұмысқа шықпады. Жұмысқа өзімен қоса бізді де қайта алмайынша жұмыс істемейтіндігін айтты. Ал бұл талап орындалмаған күйі қалды, – деп еске алады Каро-Мадэ.

Әркен Уаққа араша түсіп, өзі де абақтыға қамала жаздаған Валерий Каро-Мадэ өзінің азаматтық парызы үшін осынай қуғындауға ұшырайтындығы үш ұйықтаса да түсіне кірмегендігін айтады.

– Мен осылай болатынын білмедім. Мен кінәсіз адамды қорғап, кез келген сотқа қатыса аламын деп ойладым. Өзімді Совет одағының азаматымын ғой деп санадым. Бірақта Әркен Уақты қорғағаныма еш өкінбеймін, – дейді Каро-Мадэ.

23 ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН СЕРГЕЛДЕҢ

Бүгінде 75 жасқа келген ғалым әлі тың. Кітап пен теледидарды көзәйнексіз қарайды һәм қимылы да шапшаң.

Алматы архитектура және құрылыс институтының бұрынғы аға ұстазы Валерий Александрович Каро-Мадэ мемлекеттен зейнетақы алмайды. Үкіметтегілер «сен біраз жылдар бойы шет елде тұрдың, сол жақтан аласың!» деп шығарып салатын көрінеді. Алайда, ол бұл
Мен қазақстандық соттар мен үкімет 1986 жылғыдай әділетсіз және қатал болмайды деп үміттенемін...
мәселені сот арқылы шешуге үмітін әлі үзбей келеді.

– Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы қарсаңында елдегі сот мекемелері істерді жіті қарай бастады. Бізге де жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр, біз әділеттілік іздеп халықаралық ұйымдарға шағымдана аламыз. Мен қазақстандық соттар мен үкімет 1986 жылғыдай әділетсіз және қатал болмайды деп үміттенемін, – дейді қарт ғалым.

Қазақстанға қайтып оралғанымен, бұрынғы оқытушылық жұмысына қайтадан тұра алмаған құрылыс маманы Каро-Мадэ осы күнге дейін арнайы тапсырыстармен құрылыс жобаларын жасап, нәпақасын тауып келген.

Сондай-ақ, ол қазір өнертапқыштықпен де айналысады. Әйтсе де, Валерий Александрович Каро-Мадэ бұрынғы оқу орнына қайта барып дәріс оқығысы келетіндігін жасырмайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG