Accessibility links

Желтоқсан көтерлісіне қатысты жаңа деректер жарияланған тағы бір кітап жарық көрді


15 желтоқсан күні Алматыда 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысып, қудаланғандардың тізімі жарияланған публицист-журналист Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін желтоқсан» кітабының тұсаукесері болды. Кітаптың алғы сөзіне пікір жазған тарихшы, академик Кеңес Нұрпейісовтың пікірінше, жарық көріп отырған еңбектің осыған дейінгі еңбектерден айтарлықтай ерекшеліктері бар.

Академик Кеңес Нұрпейісов бұған дейін желтоқсан тақырыбы бойынша шыққан еңбектерде желтоқсандықтардың көрген қорлығы мен шеккен азаптары ғана баяндалды дей келіп, автор «Біз білмейтін желтоқсан» кітабында осы олқылықтардың орны толып, оқиғаға қатысқан қазақтың қыз-жігіттері туралы жан-жақты мәлімет берілді дейді. Тарихшы сонымен қатар, кітаптың үлкен жаңалығы бар екендігін де айтады.

- Бұл кітаптың басқа шығып жатқан еңбектерден ерекшелігі, мұнда таяқ жеген, жәбір көрген, 1 күннен 8 күнге дейін, бір жылдан бірнеше жылға дейін сотталғандары бар, барлығы 840-тан астам адамның тізімі берілген. Сонымен қатар Желтоқсан оқиғасы кезінде рухы биік қазақ жастарына қиянат көрсеткен адамдардың да есімдері көрсетілген, - дейді Кеңес Нұрпейісов.

Кітап авторы Болатбек Төлепберген осы еңбекті жазуда желтоқсан қаһармандарының көп болғандығын көрсетуді мақсат еткенін, 1986 жылғы оқиғаға баға беруден аулақ болып, оқиғаны алаңға шыққандардың өз аузымен айтқызғанын айтады:

- Бұл кітапта 40 астам адамның естеліктері, 1000-ға тарта желтоқсандықтардың тізімі жарияланған. Кім, қалай қатысты, қандай құжаттарға негізделе отырып сотталды деген сияқты. Біз білетін желтоқсанның алда екендігі, тақырыптың тың екендігі тұрғысынан келдік.

Кітапты бір жылдан астам уақыт жазған автордың айтуынша, бүгінгі таңда желтоқсан тақырыбына қалам тартып, зерттеймін дегендердің жұмыстарына бөгеттер кездесіп отырады.

- Бұл тақырыпта кедергілер бар. Мысалы, осы кітап жазу барысында Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, Прокуратура басшылығына хат жаздық. Бірақ біздің сауалымыз қанағаттандырылмай, суреттерді басып шығаруға рұқсат берілмеді. Алматының архивтерінде осыған қатысты көптеген құжаттар бар. Сол архивтердегі құжаттар әлі де дұрыс жарық көрмей жатыр. Оған рұқсат алу өте қиын, - дейді Болатбек Төлепберген.

Ал тарихшы Кеңес Нұрпейісов желтоқсан оқиғасына кедергілердің болуы, оның саясатпен астасып жатуына байланысты деген пікір білдіреді.

- Шындық әлі айтылған жоқ. Бұл шындықты айтқызбайтын адамдар бар. Өйткені, сол кезде үлкенді-кішілі лауазымды қызметтерді атқарып жүрген адамдардың біразы, сол қызметтерді әлі де атқарып жүр. Егер толық шындық айтыла қалса, кімнің кім екені білініп, олардың беделі түсіп қалуы мүмкін, - дейді Кеңес Нұрпейісов.

Ал желтоқсан оқиғасына қатысқан Гүлнәр Байбосынова жаңа кітаптың құнды екендігін айта келіп, мынадай пікір білдіреді.

- Менің ойынша, Болатбек Желтоқсан оқиғасы туралы шындықты көрсетуге тырысқан. Желтоқсан оқиғасының 85 пайызы осы кітапта көрініс тапты деп ойлаймын. Жалпы, біз, желтоқсандықтар қазір бақыттымыз. Біз туралы кітаптар шығып, ескерткіш ашылды, - дейді Гүлнәр Байбосынова.

«Біз білмейтін желтоқсан» кітабы 1986 жылғы желтоқсан көтерлісінің 20 жылдығы қарсаңында жарыққа шығып отырған екінші кітап. Бұдан үш күн бұрын Алматыда «Желтоқсан 86» атты 10 томдық кітаптың тұсаукесері өткен болатын. Оны құрастырушылар бұл онтомдықта кезінде Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтарды жазалап, кейін марапатталып, қазір билік басында жүрген адамдардың аты-жөндері тұңғыш рет аталғанын айтқан еді.
XS
SM
MD
LG