Accessibility links

Ширек ғасырға жуық уақыт өткен Желтоқсан оқиғасы әдебиетте әлі саяқ тақырып


Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға келе жатқан қазақ жастары. Желтоқсан, 1986 жыл. Алматыдағы орталық мемлекеттік мұрағаттағы сурет.

Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға келе жатқан қазақ жастары. Желтоқсан, 1986 жыл. Алматыдағы орталық мемлекеттік мұрағаттағы сурет.

Биыл 23 жыл толып отырған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы Қазақстанда әлі күнге толыққанды көркем әдеби шығарма жоқ. Ал, қазақ театрлары сахнасында Желтоқсан оқиғасын өзек еткен қойылымдар саусақпен санарлық.

ЖАЗУШЫЛАР КУӘГЕРЛЕРГЕ СІЛТЕЙДІ

Желтоқсан оқиғасы туралы жекелеген өлең-жырлар аз емес, деректі кітаптар да бар. Тіпті, кішігірім прозалық жанрдағы әңгімелерде бар. Бірақ, Желтоқсан оқиғасының санқырлы сырын ашып толыққанды суреттеген, көпшіліктің талғамынан шығатындай көркем шығарма әлі жоқ.

Қазақстанда 1931-1933 жылғы болған жаппай ашаршылық туралы «Ақ боз үй» трилогиясын жазған жазушы Смағұл Елубай Желтоқсан оқиғасын көркем шығарма етіп, сол оқиғаға қатысқандардың өздері ғана жаза алады деп отыр.

– Сол тұста алаңда болған, бәрін көзбен көрген азаматтар жазуы керек. Көзбен көріп, қолмен ұстамаған жазушыға оны жазу қиын
Смағұл Елубай, қазақ жазушысы.
болады. Сондықтан, желтоқсанға қатысқан азаматтар деректі повесть, деректі роман болса да, жазуы қажет. Өкінішке қарай, желтоқсан туралы ондай шығарманың жазылғанын көрмедім. Кім біледі, мүмкін жазылатын шығар, – деді Смағұл Елубай.

Алайда, жазушының бұл пікірмен келіспейтіндер де бар.

Ол оқиғаны көзімен көріп, қатысқандардың бәрі бірдей қаламгер емес дейді Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін кезінде жазаланған ақын Аманғазы Кәріпжан.

Ол өзі 1995 жылы мың дана таралыммен «Жаралы желтоқсан» деген атаумен жыр жинағын шығарған. Қазір Желтоқсан оқиғасын толық баяндайтын «Әулет пен нәубет» деген көлемді шығармасы дайын тұрған көрінеді.

Алайда, оны жарыққа шығаруға қаражаттың жоқтығы қолбайлау болып отыр дейді Аманғазы Кәріпжан.

– Желтоқсан оқиғасы мен оған қатысушыларға саяси-құқықтық мәртебе берілмей, желтоқсан ақиқатын билік мойындамай өнер мен
Аманғазы Кәріпжан, ақын, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы. Алматы, 5 желтоқсан 2008 жыл.
әдебиетте толыққанды көркем шығарма өмірге келмейді. Шыны керек, қысқа әңгіме, жекелеген өлеңдер бар. Бірақ, Желтоқсанның шындығын толық ашып суреттейтін көркем шығарма, жеке кітап жоқ. Желтоқсан оқиғасына қатысып, оны көзімен көргендердің орнына әлі күнге дейін сол тұста алаңда болмаған, есесіне, кейіннен мемлекеттік сыйлықтар алған жазушылар Желтоқсан туралы айтып жатады. Қазіргі күні Желтоқсан куәгерлерін әртүрлі кездесуге шақырып жатыр. Сонда барғанда жұрт Желтоқсан оқиғасы туралы кітап сұрайды. Ал, ондай кітап әлі жоқ, – дейді Аманғазы Кәріпжан.

Өз сөзінде Аманғазы Кәріпжан тәуелсіз сана қалыптаспай тәуелсіз әдебиет қалыптаспайды деген байлам жасайды. Ал, тәуелсіз әдебиеттің негізгі сюжеті – Желтоқсан оқиғасы деп санайды ақын.

«ЖЕЛТОҚСАНДАҒЫ ЖЕНДЕТТЕР ӘЛІ БИІК ОРЫНДАРДА ОТЫР»

Әдебиеттің бір жанры болып табылатын драматургия саласында Желтоқсан оқиғасына құрылған пьесалардың саны тіптен аз.

Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрының репертуарында драматург Серік Асылбекұлының «Желтоқсан желі» атты қойылымы бар. Өзге театрларда Желтоқсан оқиғасын арқау еткен сахналық қойылым жоқ.

Драматург Исраил Сапарбай өнер мен әдебиетте Желтоқсан тақырыбының кең көлемде қаузалуына бүгінгі билік мүдделі емес дейді. Оның ойынша, ағымдағы жылы Тәуелсіздік мерекесіне Үкіметтің төрт күн демалыс беруінің өзінде Желтоқсан оқиғасы болған атаулы күнге тіксіне қарайтын үрей мен саяси астар бар.

– Уақыт өткен сайын Желтоқсан оқиғасы біз үшін қатардағы күнге айналып бара жатыр. Тек сол бір атаулы күн жақындағанда ғана айтып, жазамыз. Желтоқсан туралы көркем шығарманы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар жазуы керек деген ой үстірт айтылған. Десе де, проза ауыр жанр болғандықтан жазушылардың Желтоқсан туралы толғаныстары толыспай жатқан да шығар. Театрға келсек, Серік Асылбекұлының «Желтоқсан желі» атты қойылымы бар. Желтоқсан туралы басқа сахналық қойылымды көрмеппін. Асылы, өнер мен әдебиетте Желтоқсан тақырыбына қозғау салу керек мемлекет тарапынан, арнайы бәйге жариялай ма, әлде басқа бір жолы бола ма. Бірақ, бүгінгі билік Желтоқсан оқиғасы десе, әлі күнге дейін, Абай айтқандай, «ит көрген ешкікөзденіп» қарайды ғой, – деді Исраил Сапарбай.

Исраил Сапарбай сөз арасында өзінің мемлекеттік грантты жеңіп алған «Мәжнүн» атты пьесасы әлі күнге сахналанбай келе жатқанын да айтып өтті. Оның сөзінен белгілі болғандай, аталған драматургиялық шығармадағы басты екі кейіпкердің Желтоқсан оқиғасына қатысы бар.

Ғабит Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрының директоры әрі Желтоқсан оқиғасын негіз еткен «Қызғыш құс» фильмінің режиссері Талғат Теменов Желтоқсан тақырыбына шығарма жазу әр қаламгердің патриоттық сезіміне, адамгершілік болмысына байлаулы нәрсе деп біледі.

Сондай-ақ, Талғат Теменов «Желтоқсан желі» қойылымның жүріп жатқанын, оған көрермендер шамадан тыс көп келіп жатқандығында сөз етті.

Желтоқсан оқиғасы қазақ тарихындағы сыры ашылмаған, құпиясы көп тақырып болғаннан кейін қазіргі драматургтер бұл тақырыпқа
Болат Атабаев, режиссер, «Ақсарай» жеке меншік театрының көркемдік жетекшісі. Алматы, 19 наурыз 2009 жыл.
баруға қорқады, дейді «Ақсарай» театрының көркемдік жетекшісі әрі режиссер Болат Атабаев. Оның ойынша, Желтоқсанның ақиқаты ашылмай тұрғанда тарихи оқиға туралы драматургиялық, прозалық шығармалар жарық көрмейді.

– Желтоқсан оқиғасына қатысқандар тек қана өз басынан өткен оқиғасын баяндап береді. Ал, ол тарихи оқиғаның қалай басталғанын, не болғанын, қалай аяқталғанын саралап, сараптап жақтан ешкім жоқ. Оның үстіне оны сараптауға мұрсат та, рұқсат та бермейді. Сондықтан да, жабулы қазан жабулы күйінде тұр. Өйткені, желтоқсанның жендеттері әлі күнге тірі жүр, әлі күнге биік орындарды отыр. Олар бұл тақырыптың шынайы түрде үлкен экранға, үлкен сахнаға шығуына, үлкен шығармаға айналуына өліп бара жатса да рұқсат етпейді. Кедергі жасайды, – деді Болат Атабаев.

Қазіргі кезде Желтоқсан оқиғасы туралы ел арасында танымал «Желтоқсан желі» әнін Әбдірахман Асылбековтің сөзіне Әбиірбек Тінәлиев жазған. Қойылым атаулыдан драматург Серік Асылбекұлының «Желтоқсан желі» пьесасы ғана сахналанып келеді.

Ал, Желтоқсан оқиғасына арқау еткен әрі жеке кітап болып шыққан әдеби көркем шығарма әлі күнге жоқ. Ал, Желтоқсан оқиғасын толыққанды суреттеген, көпшіліктің талғамынан шығатындай көркем шығарма әлі күнге жоқ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG