Accessibility links

1986 жылғы Алматыдағы оқиғалардың жаңғырығы аймақтарға дейін таралды


Теміртау тұрғыны Тілеукен Смағұлов 1986 жылы металлургиялық комбинаттың партия комитеті төрағасының орынбасары болатын.

Теміртау тұрғыны Тілеукен Смағұлов 1986 жылы металлургиялық комбинаттың партия комитеті төрағасының орынбасары болатын.

Теміртау қаласының тұрғыны Тілеукен Смағұлов желтоқсан оқиғалары кезінде Компартия Орталық комитетінің жиынында болған екен, ал Нина Вахитова жастар жатақханаларында кезекшілікті ұйымдастырған. 1986 жылғы желтоқсанды Теміртау қалай өткерген еді?

ЖЕЛТОҚСАНДАҒЫ ІССАПАР

Сонау 1986 жылы Теміртау тұрғыны Тілеукен Смағұлов металлургиялық комбинаттың партия комитеті төрағасының орынбасары еді. Иә, 1960 жылдары қарапайым жұмысшы Нұрсұлтан Назарбаевтың үш ұйықтасаң түске кіргісіз карьерасы басталатын сол комбинат, сол партком.

Сол кезде, Совет мемлекетін Горбачев басқарып тұрған жылдары, өндірісте мемлекеттік қабылдау деген болатын. Ол өнімнің сапасын жақсартуға арналған кезекті науқан еді. Соған байланысты Смағұловты Алматыға жиналысқа шақырыпты, оның іссапары 1986 жылдың 17 желтоқсанына сәйкес келген-ді.

Бірақ Алматыға келген делегацияны ешкім қарсы алмаған. Тілеукен Смағұловтың айтуынша, осы жағдайдан-ақ көпшілік секем алған екен.

– Қала көшелерімен келе жатқанда біз түсініксіз жайттарды көрдік: көліктер, жиналған адамдар. «Қазақстан» қонақ үйіне жеттік. Неге екендігін қайдам, телефондар жұмыс істемеді. Ешкім бізге ештеңені түсіндіріп жатпады, түнді осылай өткіздік, – деп еске алады Т.Смағұлов.

Таңертең делегацияны жинаған екен, олар көшенің екі жағына тізілген әскерилерді көреді.

– Солардың орталарымен жүріп отырып Компартияның Орталық комитетіне де жеттік. Жиналысқа жүзге жуық адам келген еді. Ғимараттың ішіне кірдік, жұрттың бәрі абыржулы күйде, сыбырласуға да қорқатын сияқты, – деді теміртаулық.

Тілеукен Смағұловтың айтуынша, жиналысты сол жылдары Қазақ ССР Министлер советінің төрағасы болып қызмет істеген Нұрсұлтан Назарбаев жүргізуі керек екен.

– Ол мінберге көтеріліп кеше жастардың толқуы болғандығын, қазір осы іспен шұғылданып жатқандығын баяндай бастады. Оның бар айтқаны осының төңірегінде болды. Алматыға не үшін келгенімізді ұмытып та кеттік, ойымыз басқа жақта еді, – дейді Т.Смағұлов.

Жиналыс осылай аяқталыпты, бәріне жедел түрде үйлеріне қайтуды тапсырған, ешкім де бір ауыз сұрақ қойып үлгермепті.

Делегация Теміртауға жеткенде ғана бұл жастардың шовинистік әрекеті екен дегендей әңгімелер айтыла бастады, дейді бұрынғы партком төрағасының орынбасары Тілеукен Смағұлов.

ТЕМІРТАУҒА ЖЕТКЕН ЖАҢҒЫРЫҚ

Теміртаудағы ардагерлер кеңесінің төрайымы Нина Вахитова бұл тақырып төңірегінде әңгімелегенді аса ұнатпайды және сол кезеңді есіне де алғысы жоқ. Бірақ Азаттық радиосына осыдан 23 жыл бұрынғы оқиғаларды қысқаша баяндап берді.

1986 жылы 17 желтоқсанда ол әдеттегідей қалалық партия комитетіне келіпті. Сол жерде ол Алматыда жастар алаңға шығып бас көтергені туралы естиді. Ол жылдары Нина Вахитова қалалық партия комитетінің
Теміртау ардагерлер кеңесінің төрайымы Нина Вахитова.
идеология жөніндегі хатшысы болып істеген екен.

Ол сол кезде Алматыдағы оқиға жайлы жеткен хабарды өздерінің қалай қабылдағаны туралы былай деп әңгімеледі:

– Жастар алаңға көп жиналған, әуелі олар бейбіт түрде жастардың проблемалары шешімін табуы тиіс екендігін және бұл іске олар тікелей атсалысуы керектігін айтып жатты. Жастарға ұлттар мәселесіне қатысты шешімдер өздері ойлағандай емес болып көрінген. Бірақ бұл жастардың алғашқы жалыны еді.

Вахитованың айтуынша, Алматыдағы оқиғаларда арандатушылар болған, бірақ көпшілік олардың аты-жөнін атауға қорқады.

– Біз бірден бұл мәселені шешудің қиын екендігіне назар аудардық, өйткені ол жөнінде әртүрлі алыпқашпа әңгімелер тараған еді. Мысалы, біз алаңға көліктермен спирт жеткізіп, жастарды қоздырған деп естідік, – дейді Нина Вахитова.

Оның айтуынша, Алматыда кейбіреулерді тұтқындағаны туралы, бірақ жастардың қатарына жаңадан адамдар қосылып жатқандығы жайында дақпырт әңгімелер жетіпті.

– Әрине, бұл жағдай Теміртауға үлкен жауапкершілік жүктеді. Өйткені қалада тыныштықты сақтау қажет еді.

Вахитова кез келген мәселені шерулердің көмегімен емес, ақылмен шешу керек деген пікірді ұстанады.

– Тәртіпсіздіктер басталып кетпес үшін біз жастар тұратын жатақханаларға бірден кезекшілік қойдық. Тыныштық сақталуы үшін мұғалімдер жатақханаларды аралады, сабақтарда студенттермен әңгімелер өткізді, – дейді Теміртау ардагерлері кеңесінің төрағасы.

Сол жылдары ресми ақпараттарда Желтоқсан оқиғасы жастардың жаппай бұзақылығы деп айтылды. Тек кейін, Совет одағы құлаған соң, оған тәуелсіздік үшін күрес деген сипаттама берілді.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG