Accessibility links

Қазақстан 25 қазан – Республика күнін неге атаусыз қалдырады?


Астанадағы «Бәйтерек».

Астанадағы «Бәйтерек».

Осыдан 20 жыл бұрын Қазақ ССР-ның егемендігі туралы декларация қабылданған еді. Азаттықтың дөңгелек үстеліне қатысқандардың кейбірі Тәуелсіздік күніне «бәсекелес» болған Республика күні мерекесін жойып, Қазақстан президенті дұрыс жасады деп есептейді.




Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысқандардың кейбірі Тәуелсіздік күніне «бәсекелес» болған Республика күні мерекесін жойып, Қазақстан президенті дұрыс жасады деп есептейді.

Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана енгізілді. Республика күнін ел 17 рет тойлады, ал өткен жылы оны үн-түнсіз жылы жауып қоя салды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың сәуір айында қол қойған «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енген жоқ.

Әйткенмен, бұл мерекені алып тастауға соншалықты бір маңызды себеп болған емес. Былтырға дейін қазақ шенеуніктері Республика күнінің маңызы одан кейін келетін Тәуелсіздік күнінен мысқал кем еместігін ауыздан тастамайтын.

Мысалы, кезекті Республика күніне орай 2008 жылы қазанның 24-і күні «Российская газетаға» берген сұқбатында сол кездегі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Нұртай Әбіқаев: «Бұл шындығында да менің елімнің барлық азаматтары үшін елеулі күн. Және мәселе тек осыдан он сегіз жыл бұрын, 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанды өзінің дербес ұстанымы, өзіндік салт-дәстүрлері, сонымен бірге өзінің даму жолы бар республика ретінде танытқандығында ғана емес», – деп мәлімдеген.

Заң жүзінде алынып тасталғандығына қарамастан, әдет болып қалғандықтан ба, болмаса олар бұны білместікпен жасап отыр ма, әйтеуір Қазақстанның аймақтарында кейбір мекемелер бұл мерекені әлі күнге дейін тойлайды. Егемендік туралы Декларация жарияланған маңызды жалпыұлттық бұл мереке қазақ билігіне не үшін жақпай қалды екен?

Азаттық радиосының тақырыпқа арналған дөңгелек үстеліне: Серікболсын Әбділдин – 1990 жылғы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы төрағасы, «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация жобасының жетекшісі; Александр Перегрин – 12-ші шақырылған Қазақстан Жоғары Кеңесінің бұрынғы депутаты, декларация жобасын даярлауға қатысушы; Ирак Елекеев пен Нұртай Сабильянов – Қазақстанның қазіргі парламентінің депутаттары қатысты.

Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізді.


МЕРЕКЕНІ ӨЗГЕРТУДІ ҚҰПТАЙТЫН СЕБЕПТЕР

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, биліктің жалпыұлттық мерекені өзгерту туралы шешім қабылдауына не ықпал етті деп ойлайсыздар?

Александр Перегрин:

– Мерекені не үшін өзгерткеніне жауап беру менің құзырымдағы мәселе емес. Бұл сауалға қазіргі парламенттің депутаттары толыққанды жауап беретін шығар деп ойлаймын.

Жүргізуші:

– Ендеше мынаны түсіндіріңізші, Қазақ ССР-інің егемендігі туралы декларация не үшін қабылданды?

Александар Перегрин:

– Сөз жоқ, Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуында осы декларация маңызды рөл атқарды. Бірақ жалғыз ол ғана емес, Қазақстанның тәуелсіздігі үшін республика президенті қызметін белгілеу де өте маңызды қадам болды. Және де президент бірден сайланып, қызметіне кірісті.

Қазақстанның жаңа тарихындағы бұл [президент қызметін енгізу] маңызды оқиға 1990 жылдың сәуір айында болды. Оның
Қазақстан ең соңына дейін Совет Одағын сақтап қалуды жақтаушылар жағында болды.
маңыздылығы кейінірек қабылданған Қазақстанның егемендігі туралы декларациядан кем болған жоқ. Айтпақшы, біздің еліміз бұл декларацияны өзге республикалардан кейін қабылдады. Өйткені Қазақстан ең соңына дейін Совет Одағын сақтап қалуды жақтаушылар жағында болды.

Сол кездері республиканың атын өзгерту туралы алғашқы ұсыныстар болғанымен, Декларацияда Қазақ ССР-і деген атау қалды. Атап айтқанда, президиум мүшесі Виталий Воронов ел атауын – Қазақ Республикасы деп атауды ұсынған-ды. Өкінішке қарай, оның ұсынысы қолдау тапқан жоқ.

Сонымен бірге Декларацияда Қазақстанның барлық азаматтары үшін ССРО азаматтығы сақталып, оған кепілдік беріледі деген сөз үнемі қайталанып, нақтыланып отырады. Онда Одақтық Конституцияның үстемдігі жөніндегі нормалар да сақталған. Идеологиялық жағынан ол өте маңызды құжат болды. Бірақ, соған қарамастан, менің ойымша, заңдық тұрғыдан келгенде оның маңызы президенттік қызметті енгізуге қарағанда төмендеу болды деп ойлаймын.

Сол сияқты, министрлер кеңесі таратылып, оның орнына жаңадан министрлер кабинетінің құрылғаны Қазақстанның жаңа тарихындағы тағы бір елеулі өзгеріс болды деп есептеймін. Қазақстан орталық билікке жалтақтамастан бұл шешімді жылдам қабылдады. 1990 жылдың күзінде қабылданған «Мемлекеттік билікті нығайту туралы» заңның маңызы да өзгелерінен ешқандай кем емес еді.

1991 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылданды. Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау осы бір революциялық реформаларға нүкте қойды.

Бір сөзбен айтқанда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуында Декларациядан маңызы еш кем емес бірқатар оқиғалар тізбегі болды.

Нұртай Сабильянов:

– Декларацияның тарихи маңызын кеміткім келмейді. Бірақ ол Қазақстанның халықаралық қатынастарды дербес жүргізуіне кепілдік бере
Парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов. Астана, 31 желтоқсан 2009 жыл.
алмады. Өзге мемлекеттер тек декларацияның негізінде ғана Қазақстанды дербес субьект ретінде тани алмайтын. Онда Қазақ ССР-інің егемендігі жайында айтылды. Тек 1991 жылы желтоқсанның 16-сы күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заң қабылданған соң ғана Қазақстан заңды түрде әлемдік қауымдастық мойындаған тәуелсіз мемлекетке айналды.

Декларация қабылданған соң да біз бұрынғысынша ССРО құрамында қала бердік. Иә, біздің одан шығуға құқымыз бар болатын. Меніңше, бұл мерекені өзгертуге осы жағдай себеп болды деп ойлаймын.

Парламенттің «Мерекелер туралы» заңға өзгерістер енгізгені дұрыс қадам болды деп есептеймін. Заң жобасын ашық талқылауға қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен мүдделі адамдар қатысты. Біздегі ендігі ұлттық мереке – Тәуелсіздік күні.

Ирак Елекеев:

– Менің ойымша, бұл мерекеден бас тартуымыздың қажеті жоқ. Бұл – Қазақстан тарихының бір бөлшегі. Аса бір ауқымды болмаса да, қалай болғанда да, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарған күн ретінде біз оны атап өтуіміз керек.

Жақында ғана парламент мәжілісінің депутаты Алтай Тілеубердин еліміздің егемендігін жариялаған күнді қалпына келтірудің
Парламент мәжілісінің депутаты Ирак Елекеев. Астана, 13 қазан 2010 жыл.
дұрыстығына байланысты дәлелдер келтіріп президентке хат жазды. Бүгін біздің әріптесіміз депутат Перегрин де осындай дәлелдер келтірді.

Екінші жағынан, Республика күні мен тәуелсіздік күндері бір бірімен байланысып, астасып жатыр. Сондықтан бір ғана мерекені – Тәуелсіздік күнін қалдырғаны дұрыс та болған шығар.


«НАЗАРБАЕВ ОСЫЛАЙ БОЛҒАНЫН ҚАЛАДЫ»

Жүргізуші:

– Серікболсын мырза, сіз «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация жобасының жетекшісі болдыңыз. Осы мерекеге байланысты билік пікірінің күрт өзгеруін қалай түсіндіресіз?

Серікболсын Әбділдин:

– Сол жылы Жоғары Кеңестің комитеттері түрлі заңдардың жобаларын жасады. Мен тек жұмысшы тобының қызметін үйлестіріп ғана қоймай, осы жобаның жұмысын да бақыладым. Сол себепті мен осыдан 20 жыл болған оқиғаның жай-жапсарын жақсы білемін.

1990 жылдың ортасынан бастап егемендік шеруі деп аталатын оқиғалар немесе президенттік институттарын енгізу басталды.
Серікболсын Әбділдин - Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы. Алматы, 14 қазан 2009 жыл.
Перегриннің дұрыс айтты. Қазақстан егемендік туралы заңды ең соңғылардың бірі болып қабылдады. Және осы заңның қабылдануына қарамастан біз Одақ құрамында қала бердік.

Аталған Декларацияның барлық баптары Совет Одағының сол кездегі Конституциясына байланыстырылып жасалды. Ол Одақтан шығуды, сонымен бірге өзге де республикалармен ынтымақтасуды жоққа шығарған жоқ. «Мықты» орталығы бар «күшті» республикалар қоғамда басталды делінген демократияландыруды қамтамасыз етеді деп есептеген Горбачев республикаларға осындай мүмкіндік берді.

Бірақ мына бір мәселені айта кеткім келеді. Декларацияны қабылдаған кезде ол мереке күні болады деген ешқандай әңгіме болған жоқ. Заң бір жыл екі айдан соң қабылданды. Тек осыдан кейін ғана қандай күндерді мереке ретінде белгілеу керек деп ойлай бастадық. Біз советтік мерекелердің барлығын зерттедік. Ал тәуелсіз Қазақстанның тарихына келсек, болашақтағы жалпыұлттық мерекелер ретінде тек екі күн ғана қаралды. Олар – 1990 жылдың 25 қазаны мен 1991 жылдың 16 желтоқсаны.

Түпкілікті шешім қабылдау кезінде субьективті факторлар да ықпал етті. Себебі, қазанның 25-ін Республика күні ретінде белгілеуді Нұрсұлтан Назарбаев қалады. Өз қалауын ол 1990 жылдың 25 қазаны оған Қазақстан Республикасының сайланған президенті болуға мүмкіндік береді деп түсіндірді. Шындығында ол Қазақ ССР-інің президенті болып 1991 жылы желтоқсанның 1-і күні сайланды. Сол жылы желтоқсанның 10-ы біз бұл заңды күшіне енгіздік, ал ертеңінде ел атауындағы «Советтік Социалистік» деген сөздерді алып тастап,
Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев ант беру рәсімінде. Алматы, 10 желтоқсан 1991 жыл.
Қазақстан Республикасы деп атадық. Бұның барлығы заңдық жағынан бұрмалау еді.

Мен ол кезде Жоғары Кеңестің жетекшісі болатынмын. Біз уақыт жоғалтқымыз келген жоқ және бізді мұндай қадамға итермелеген өзге де себептер болды. Сондықтан Жоғары Кеңестегілер Назарбаевқа президенттік өкілеттік берер алдында республиканың атауын өзгертуді қажет деп таптық.

Осы оқиғалардан соң біз тәуелсіздік күні туралы мәселені көтере бердік. Тек қазақтар ғана емес өзге де мемлекеттер тәуелсіздікті осы күнмен байланыстырады. Бірақ Назарбаев Республика күнін 25 қазанға белгілеу жөніндегі талабынан қайтпады және бұны тікелей маған айтты. Оның Қазақ ССР-інің президенттігінен Қазақстан Республикасының президенттігіне өтуі осылайша жасалды. Мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым.

Бірақ 1993 жылдың күзінде Назарбаев 12-ші шақырылған Жоғары Кеңесті авантюралық жолмен таратып жіберді. 13-ші шақырылған Жоғары Кеңестің ғұмыры да бір жылға жетпеді. Содан соң Назарбаев өз ойын жүзеге асырып, қазанның 25-ін де, желтоқсанның 16-сын да бір мезгілде мереке күндері жасады.

Ал қазір енді Республика күнін өзгерткендері дұрыс болды. Республика күнін өзгерту туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығын ықыласыммен оқып шығып, рахаттана күліп алдым. Сол кезде ол ақымақтық жасады. 25 қазан мен 16 желтоқсанның екеуі де, шын мәнінде, бір ғана нәрсені – тәуелсіздікті көздейтін мереке екендігі халыққа түсіндірілген жоқ. Кез-келген елде мемлекеттік тәуелсіздік жарияланған күн ұлттық мереке ретінде белгіленген.


ҚАЙҒЫ ТАБЫ БАР МЕРЕКЕ

Жүргізуші:

– Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданған күнді мерекелер қатарынан алып тастады, ал одан кейінгі Тәуелсіздік күнін Қазақстанда дәл сол Астана күнімен салыстырғанда да қарапайымдау атап өтетіндігі белгілі. Бұның себебі неде?

Ирак Елекеев:

– Мен бұл қойылған сұрақпен толық келісе алмаймын. Биыл біз Конституция күнін аса ауқымды түрде, әскери шерумен атап өттік. Мүмкін бұл елдің Негізгі заңының қабылдануына 15 жыл толуымен байланысты болған шығар.

Келесі жылы да бізді тағы бір айтулы оқиға – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы күтіп тұр. Қазақстандықтардың оны қалай тойлайтындығы қазірдің өзінде талқыланып жатыр.

Астана күнінің де үлкен салтанатпен аталып өтетіндігінен де соншалықты бір өрескелдік көріп тұрған жоқпын. 1997 жылы алғаш астана болып белгіленгенде болашақ Астананың қандай жағдайда болғанын жұрттың бәрі жақсы біледі. Қаланың өзгергені соншалық, қазір оған сену де қиын. Қазақстандықтардың бұл жетістігін неге атап өтпеске?

Александр Перегрин:

– Мен мынаған назар аударғым келеді. Астана күні мереке ретінде бір ғана күн, ал Тәуелсіздік күні – қатарынан екі күн атап өтіледі. Тәуелсіздік күні – айрықша мереке, бұл елімізді тәуелсіздікке алып келген оқиғаларға деген құрмет. Екіншіден, бұл еске алу күні де. Бұл – қайғы табы бар мереке. Сондықтан оны көңілді ойын-сауықтармен атап өту дұрыс бола қояр ма екен деп ойлаймын. Бірақ бұл менің жеке пікірім, онымен өзгелер келіспеуі де мүмкін.


«БҰЛ ЖЕРДЕ ЖАҒЫМПАЗДАНУДЫҢ ЖӨНІ ЖОҚ»

Нұртай Сабильянов:

– Бізде мемлекеттік мерекелерде ресми шаралар өтеді, ал ұлттық мерекелерді ұйымдастыруға орталық және жергілікті мемлекеттік органдар ат салысады. Яғни, «Мерекелер туралы» заңға сәйкес Қазақстан барлық мерекелерді жоғары деңгейде атап өтеді.
Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуымен байланысты барлық мерекелерді атап өтіп, қолдауымыз қажет.


Астана күнін ауқымды түрде атап өткенімізге қуаныштымын. Астананың қалыптасуы тәуелсіздіктің қалыптасуымен тығыз байланысты. Оның үстіне бұл – астана, сондықтан оған ерекше назар аударылғаны орынды.

Келесі жылы тәуелсіздіктің 20 жылдығы тойланады. Оны да жақсылап атап өтейміз деген үміттемін. Оны тойлаудың тұжырымдамасы қазірден қолға алынып отыр. Шамасы, ол 2011 жылы қаңтар айынан желтоқсанға дейін жыл бойы аталып өтетін шығар. Біз «тәуелсіздік – Қазақстан үшін ең қасиетті дүние» деген президенттің, ұлт көшбасшысының сөзін есте ұстауымыз керек. Біз Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуымен байланысты барлық мерекелерді атап өтіп, қолдауымыз қажет.

Серікболсын Әбділдин:

– Мен турасын айтқым келеді: Қазақстанның тәуелсіздігін Жоғары Кеңес, ал Астана күнін – президент жариялады. Бұл жерде жағымпазданудың жөні жоқ. Егер ұмытып қалмасаңыздар, Астана күні мүлдем басқа күн болатын. Оны президенттің туған күніне «қосақтап» қойған жоқ па?! Енді Астана күні мен президенттің туған күні бір мерекеге айналды. Бұл да кезекті ақымақтықтың бірі!

Конституция күні мен Астана күнінің, жай кездің өзінде де, Тәуелсіздік күніне қарағанда әрдайым жақсырақ тойланатынын білемін. Ал шындығында желтоқсанның 16-сы біз үшін ғасырлар бойы аңсап күткен тарихи күн емес пе? Бұл күні көп қан төгілді және қазақтардың тәуелсіздікке қандай қиындықпен қол жеткізгенін біз ұмытпауымыз керек. Тәуелсіздік күні Қазақстанда барлық мерекелерден жоғары тұруы керек. Тәуелсіздіктің 20 жылдығының қалай аталып өтетіндігін білмеймін. Бірақ күні кешеге дейін ол елеусіз қалып келді.

Астанада жақында Қазақстан халқының Ассамблеясы өтіп, Конституцияға «Елбасы» мәртебесін енгізу жөнінде ұсыныс жасалды. Қазаққа, ұлтқа, жалпы президенттің өзіне бұның қажеті не? Мен басшыны көкке көтеріп мадақтай беруді жақтамаймын. Менің алдымда
Президенттің көптеген кемшіліктерін сылап-сипап, құдды ол бір керемет шаруа тындырғандай, оны данышпан қылып көрсеткісі келеді.
сөйлеген адам жағымпаздық танытып отыр.

Астана күніне келер болсақ, бұл астананың салынуының өзі өзге қалаларға зиян болып тиді. Осы «ғасыр құрылысына» байланысты өзге қалалардың 80 пайызы зардап шекті. Бүкіл қаржының барлығы жаңа астанаға төгілгендіктен олардың коммуникациялары шіріп кетті. Қазақстанда жарты миллион адамның – Астанада тұратындардың – ғана қалыпты өмір сүріп, қалған он бес миллион адамның жағдайы тек күнін көру болғаны дұрыс па?

Біздің президенттің көптеген кемшіліктерін сылап-сипап, құдды ол бір керемет шаруа тындырғандай, оны данышпан қылып көрсеткісі келеді. Ол ерекше ешнәрсе де жасаған жоқ. Ол, ең аяғы, Астана күнін өзінің туған күнімен біріктіріп қойса, басқа не айтуға болады? Мен бұны айыптаймын.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, Азаттық радиосы Республика күнін өзгертудің себептеріне арналған кезекті дөңгелек үстелін осымен аяқтайды. Пікірталасқа қатысқандарыңыз үшін рақмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG