Accessibility links

Қазақстанға дефолт пен банк жүйесінің күйреу қаупі төніп тұр

  • Есен СМАҒҰЛОВ

"Халыққа баспана қалсын!" қозғалысының талабы жазылған шар. Алматы, 27 қараша 2008 ж.

"Халыққа баспана қалсын!" қозғалысының талабы жазылған шар. Алматы, 27 қараша 2008 ж.

Wall Street Journal мәліметінше, Дүниежүзілік банк Қазақстанды Исландиядан кейінгі банк жүйесінің күйреуіне кандидат болып отырған ел деп есептейді. Ал Euromoney журналы мерзімі өтіп кеткен банк несиелерінің күрт өсіп кеткенін жазады.

Өткен аптада Дүниежүзілік банк дамушы елдерге әлемдік қаржы дағдарысының кезекті соққысы — бұл елдердің экономикалық өсуінің негізі болып отырған капитал ағынының сарқылуы болатынын ескертті.
«Әлемдік экономикалық дамуға арналған соңғы мәлімдемесінде Дүниежүзілік банк кейбір дамушы елдердегі қаржылық қысымның арта түсуі банктердің банкроттығы мен валютаның дағдарысына әкелетінін айтып, қаржы тұрақтылығын қорғау мақсатында тоқтаусыз шаралар жасау мен қажет болған жағдайда Халықаралық валюта қорына қайрылуға ұсыныс білдірді», — деп жазады американдық іскер басылым Wall Street Journal.
Бұл қауіп ең алдымен Шығыс Еуропа елдеріне төніп тұр. Венгрия мен Украина сияқты аймақтағы көптеген елдер Халықаралық валюта қорынан көмек алып та үлгерді. Дегенмен, баяндама авторларының бірі Ханс Тиммердің сұхбатында айтылғандай, сырттан қаржы алу күмәнділігіне байланысты бұл ең осал аймақ болып қала бермек.
Wall Street Journal-дың жарияланымында Дүниежүзілік банктің Қазақстанды Исландиядан кейінгі несиелік міндеттемелер дефолты жағдайында банк жүйесі күйреуге кандидат ел есебінде санап отырғаны айтылған.
Банк үкіметті банк жүйесінің игілігін қолдау әрекетіне үндегенімен, экономикалық өсуді қолдауда өте абай болуға, яғни болуы мүмкін инфляцияның ұзақ мерзімділігі мен мемлекеттік қарыздардың жоғарылығынан қашуға шақырады.
Euromoney халықаралық журналы Қазақстан үкіметінің қаржы жүйесін қорғау шаралары туралы жазды. Басылым ел үкіметінің өткен жылдың тамызынан бері, яғни дағдарыс жағдайында банктер шетелдерден арзан несие алу мүмкіндігінен айырылғаннан бастап, белсенді қадамдарға барғанын айтады. Сонымен бірге экономиканың ішкі жағдайы да барынша нашарлауда. Биылғы жылы күтілгендей ЖІӨ 4,5 пайызға дейін азаяды — бұл он жылдан бергі он пайыздық орташа жылдық көрсеткіштен екі есе төмен.
Журнал сондай-ақ банк қарыздарының өсуі туралы да егжей-тегжейлі ақпарат бере келе: «Экономиканың таршылық жағдайы мерзімі өтіп кеткен қарыздық міндеттемелердің күрт өсуіне әкеліп отыр. Несие дағдарысына дейін мерзімі өткен міндеттемелер көлемі 1,5 пайыздан 3 пайыз аралығында тұрақталса, қазір ол 7-8 пайызға бір-ақ шыққан, тіпті кейбір шолушылар бұл көрсеткіш шындығында 15 пайыз болуы мүмкін деп болжайды», — дейді.
Осындай қорқынышты тұжырымдамалармен қоса Euromoney «қазақстандық банктердің акция курстары күрт құлдырады, сондықтан инвесторлар банктердің сыртқы қарыздарын қайтару қабілеті мен аз көлемдегі кіріс мүмкіндігіне күмәндануда» деп жазады. Үкіметтің елдегі төрт ірі банк акцияларының 25 пайызын алу мен алғашқы ондықтағы банктерге көмектесуге ниет танытқаны жағдайды сәл де болса жақсартқандай болды. Сонымен, «Казкоммерцбанктің» акция курсы 176 пайызға шарықтап, 24 қазанда белгіленген 2,9 доллармен салыстырғанда 8 долларға жетті.
Осы аралықта, өткен аптада үкімет тарапынан сарапшыларды алаңдатқан тағы бір дабыл соғылды. Әңгіме Қазақстан банктері 40 миллиард долларды құрайтын сыртқы қарыздарының бөлігін ағымдағы төлемдерді кешіктіру арқылы реттеу мәлімдемесі туралы болып отыр.
«Халық Банкі» үкіметтің ниетіне қарсылық білдірді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, «Халық Банкі» сыртқы қарыздарын реттеуге мұқтаждық жоғын айтып, үкіметтің мұндай сарында мәлімдеме жасау өкілеттігін қабылдаған жоқ. Елдегі ірі үш банктің бірі осылайша инвесторларға қарыздарды мерзімінде қайтаруға қаржылары жеткілікті екенін және реттеуді жоспарлап отырмағандықтарын түсіндірді.
Дегенмен, Reuters тілшісінің байқауынша, несие бойынша орындалмаған міндеттемелердің өсуін айналып өтпесе де «Халық банкі» басқа қазақстандық банктерге қарағанда шетелдермен азырақ байланысқан көрінеді.
Ал басқа банктердің әрекеті жөнінде агенттік тіл қатқан жоқ. Бірақ баспасөздегі соңғы кездегі жарияланымдар мен мәлімдемелер сарыны қазақстандық қаржы институттарының тұрақтылығы мен сенімділігіне күмәндануға жетелейді. Әйтпесе дағдарысқа қарсы миллиардтар бағдарламасын қабылдаған және 47 миллиард доллардай алтын қоры бар үкіметке сыртқы қарыздарды реттеу не үшін керек?
XS
SM
MD
LG