Accessibility links

Мұнай және демократия: Мұнайдан түсетін пайда ауторитарлық билікке тірек болуда ма?

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ресейдегі жаңа мұнай құбыры

Ресейдегі жаңа мұнай құбыры

Саясат зерттеушілерінің айтуынша, мұнайды демократиялық ел иеленсе, ол ел демократиялық сипатта қала береді. Ал ауторитарлық ел мұнайдан түскен пайда арқылы ауторитарлық билігін нығайта түседі екен.

Әлемде мұнайға бай 10 ел бар. Солардың екеуі ғана демократиялық бағытта. Олар - Норвегия және Мексика елдері. Бұлардың екеуінде де демократиялық құрылым өз жерлерінде мұнай табылғанға дейін өмір сүрген-ді.

Ал қалған 8 елде мұнай табылғанға дейін ауторитарлық билік болған еді. Қазір де қоғам сол күйінде қалуда. Бұған орай кейбір сарапшылар “мұнайдан түскен мол пайда еркін қоғамға апаруы керек” деген пікірлерін білдіріп жатады.

Логикалық жүйе былайша дамуы керек сияқты: мұнайлы ел байлыққа кенелген сайын мұнайдан түскен пайда халық арасында бөлінуі тиіс. Соның нәтижесінде жаңа және тәуелсіз іскер тап пайда болуы керек. Ал аталған іскер (бизнес) тап өз кезегінде билік бөлісуге ұмтылған сайын елде демократиялық үдерістер пайда болуы тиіс. Алайда, мәселе олай болмай тұр.

Лос Анжелестегі Калифорния университетінің ғалымы Майкл Росс мұнайлы мемлекеттердің тарихын зерттеген болатын.

“Ол үкіметтердің билік жүргізу тәсілдерін өткен 50 жыл ішінде статистикалық тұрғыда сараптай отырып, мен мынандай қортындыға келдім. Демократиялық емес үкіметтер мұнай және басқа да минералдық көздерден пайда табар болса, олар билікте мейлінше ұзақ тұруға тырысады. Сондықтан әлгі байлық олардың демократиялық қысымдарды кері қағуына көмектеседі. Себебі, олар халқына көптеген жеңілдіктер мен қамқорлықтар жасайды, салық деңгейін төмен ұстайды. Үкімет тарапынан көптеген жеңілдіктерге ие болып, аз ғана салық төлеп отырған халық, әрине, басшыларынан көп есеп талап ете қоймайды”, - деді Росс мырза.

Ұлттық қазба байлықтарының иесі ретінде әрекет ететін болғандықтан ақсүйек әулеті мен олигархтар ел мұнайынан түсетін барлық табысқа өздерін ие деп есептейді.

Парсы шығанағы елдерінің үкіметтері пайданы өздері бөліске сала отырып, халыққа тегін білім алу, тұрғын үй және денсаулық сақтау мүмкіндіктерін жасап қояды. Ешкім салық төлемейтіндіктен ешкім билікке де таласпайды.

Иран және Ресей сияқты елдерде халық саны көп болғандықтан да Парсы шығанағындағы жағдайды мұнда орнату қиын. Дей тұрғанмен бұл қос елде мұнай пайдасына ие болған көрнекті бизнес тұлғалары үкіметке байлана түседі.

Әрине, мұнай пайдасына ие ауторитарлық билік, өзіне пәрменді қарсылас бола алатын кез-келген оппозицияны басып отыру үшін мықты қауіпсіздік жүйесін құрып, оны қаржыландырып отырады.

Халық алдында есеп бермейтін үкімет мұнайдан түскен пайданың қайда, қалай жұмсалып жатқанын бұлыңғыр ұстайды. Кувейтте ғана мұнай пайдасы кең түрде бөлініп, ел парламенті пәрменді жұмыс істеуде.

Түркменстан және Қазақстан сияқты мұнайға бай елдерде билік қоғамдағы барлық пайдалы салалардан, соның ішінде экономиканың барлық салаларынан пайданы өзіне қарай бұрып отырады. Мұндағы парламенттер пәрменсіз дейді сарапшылар.

Жағдай осылай жалғаса бермек пе? Жоқ әлде мұндай тұйықтан шығар жол бар ма?

Биылғы жылы мұнайдың бір барелі 150 долларға жеткен кезде мұнайға бай елдер пайданың астында қалды. Алайда өткен айларда мұнай бағасы 50 долларға дейін құлдыраған кезде, ол елдердің қоржындары да қағыла бастаған болатын.

“Oil Monarchies” атты кітаптың ауторы, АҚШ-тағы Вермонт университетінің саяси ғылымдар бойынша профессоры Грегори Гаус 3-нің айтуынша, мұнай бағасының құлдырауы әдетте ашық саясатқа, тіпті 1990 жылдардағы Алжирдегі сияқты азамат соғысына да жол ашып беруі мүмкін. Бұл - тым сирек кездесетін жағдай.

Әдетте мұнай бағасы төмендеген кезде ол үкіметтер азаматтарының саяси хұқықтарының сақталуына мейлінше мұқият қарауға мәжбүр болады.

Таяу шығыс елдерінде мұнай бағасы түскен кезде үкімет өз халқымен қаржылық дағдарыс салдарларын бөлісуге тырысады. Ал халық өз кезегінде саяси өзгерістерді талап етіп, мұнай бағасы қайта көтерілісімен ол талап басылып қала береді.

Сауд Арабиясында халық мұнай пайдасының қалай жұмсалып жатқаны жөнінде үкіметтен айқын ақпараттар талап ете бастаған болатын.

Ал Мысыр елінде жағдай біраз өзгеше болды. Биылғы жылы мұнай бағасы шарықтап тұрған кездің өзінде халық ол пайданың кең тұрғыда бөлінуін талап еткен болатын. Әл-Ажар атты діни ұйым Мысыр үкіметіне Зекет талаптары бойынша мұнай байлығының бөлінуі туралы талап қойды. Яғни, мұнай мен газдан түсетін пайданың 20 пайызының халыққа берілуін талап еткен еді.

Ал қазіргі мұнай бағасының төмендеген тұсында сондай қысымдар әлемнің әр түкпірінде көрініс бере ме?

Ресей қаржы министрі Алексей Кудрин егер мұнай барелінің бағасы 70 доллардан төмен болса, Ресейдің 2009 жылға арналған бюджетінде тапшылық болады деп ескерткен болатын.

Өткен жылдарда Ресей елі мұнай бағасының жоғары болуы арқасында ішкі энергия бағасын реттеп, әлеуметтік салаларға жаңа бағдарламалар енгізіп, біраз жетістіктерге қол жеткізген еді. Халық алдында беделі көтерілген үкімет билікті қайтадан бір орталыққа бағындырып алған болатын. Енді қазір Кремль қаржыны үнемдеп жұмсауға мәжбүр болып отыр.

Орталық Азия елдері мен Әзірбайжанда бұған дейін билікке жақын жүріп, мұнай пайдасын бірге көргендер тарапынан қазір үкіметке қысым жасалуы мүмкін.

Қазақстанда оппозициядағы саясаткерлер мен үкіметтік емес ұйымдар мұнай пайдасының жұмсалуында айқындықты талап етіп келген еді.

Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, мұнайдан түскен пайданы президент шетелдік банктерде ұстауда. Ол қаржы 40 миллиард доллар көлемінде, дейді саясаткер.

“Қазақстанда таза суға қол жеткізе алмай, балаларын мектепке жібере алмай отырған, аурудан зардап шеккен азаматтар бар. Олар мұнай пайдасынан түсетін доллардың көлеңкесін де көрген жоқ”, - деді Әбділдин мырза Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG