Accessibility links

Әблязовты азаптаған түрмедегілер тәндерін тілгілеп тастады


Түрме торы. Көрнекі сурет.

Түрме торы. Көрнекі сурет.

Ақмола облысындағы қатаң режимдегі ЕЦ 166/26 түзету мекемесінде сотталушылар тәндерін тілгілеп тастады. Тиісінше, қызметтік тексеру басталды. Бірақ қылмыстық-атқару жүйесінің облыстық басқармасындағылар колония әкімшілігін жақтап отыр. Бұл түрмеде кезінде Мұхтар Әблязов та отырған еді.


ОН ТӨРТТІҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Ақмола облысының Державинск қаласында орналасқан ЕЦ 166/26 қатаң режимдегі колониясының 14 сотталушысы өз денелерін өткір затпен тіліп, жарақаттаған. Осыны растайтын фото-бейне материалдарды Азаттыққа петропавлдық құқыққорғаушы Вадим Курамшин жіберді.

Бейнесюжетте бір топ сотталушы өзінің аты-жөнін атап, өздерінің өліміне колония басшылығын айыптайтындықтарын айтқан. Ал фото
Сотталушының қарын тұсы өткір затпен тілінген. Вадим Курамшин жолдаған сурет.
суреттерде дәл сол азаматтардың денесінің тілінгені бейнелеген.

Вадим Курамшиннің сөзінше, сотталушылар осылайша өздеріне қатысты болған азаптауларға қарсылық білдірген.

– Маусым айының 20-ларында колонияға қылмыстық атқару жүйесінің Ақмола олыстық басқармасының қызметкерлері колонияның режим бөлімінің қызметкерлері қатаң жазалау отрядындағыларды бір бірден соқыға жыққан. Оларды күні бойы қатыгездікпен ұрып-соғып, әртүрлі құқыққорғау секцияларына мүше болуға мәжбүрлеген, – дейді құқыққорғаушы.

Ресми түрде, секцияның бірден бір міндеті сотталушыларға ішкі тәртіпті үйретуде колония басшыларына қолғабыс болу. Ал шын мәнісінде бұл адамгершілік ұстанымнан мүлдем жұрдай, ешкімді аямайтын, қатыгездердің тобы. Курамшиннің сөзінше, сотталушылар осыған наразы болған.

РЕЖИМГЕ БАҒЫНБАҒАНДАР

Қылмыстық атқару жүйесінің Ақмола облыстық басқармасының бастығы Қанат Тұманов, денесін тілген сотталушылардың денсаулығы қанағаттанарлық екендігін айтады. Сондай-ақ ол колония басшылығы тарапынан ешқандай заң бұзушылық болған жоқ дейді.

– Бұл - түрме қатаң режимдегі түрме. Сондықтан соған сәйкес ішкі қатаң тәртіп бар. Ал аталған сотталушыларға сол режим ұнамайды, олар кезекшілікке шығып, екі сағаттық жұмыс істеп, еден жуу сияқты қызметтерді атқарғысы келмейді. Бұл - әр сотталушының міндеті. Осы сотталушылар - бұдан бұрын басқа колонияларда болғанда да дәл осылай денесін жарақаттағандар. Ал түрме әкімшілігі тарапынан ешқандай заң бұзушылық болған жоқ, – дейді Қанат Тұманов.

Оның сөзінше, денесін жарақаттаған 14 сотталушы бұдан бұрын түрменің ішкі тәртібін бұзғаны үшін Оңтүстік Қазақстан, Павлодар және басқа да облыстардан ауыстырылғандар. Олар – бұзақылық, қарақшылық және адам өлтіріп 15- тен 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылғандар, – дейді Тұманов.

Әділет министрлігінің ресми өкілі Ерболат Ерімбет, Азаттыққа берген түсініктемесінде, осы іске қатысты қызметтік тексеру жүріп жатқандығын айтты.

Ал денесін жарақаттағандардың ішіндегі бесеуі қарсылық білдіргені үшін айып изоляторына жатқызылған.

ТУЫСТАРДЫҢ УАЙЫМЫ

Азаттық тілшісі хабарласқан сотталушылардың туыстары бір ауыздан түрме ішінде азаптаулардың болатындығын айтады.

– Мен ініммен жарты сағаттық қысқа мерзімді кездесуде болдым. Ол маған азапталған азаматтардың аты-жөні жазылған хат беріп үлгерді. Оларды колония әкімшілігі соққыға жығады, – дейді сотталушы Руслан Черниязовтың бауыры Андрей Шевченко.

Оның сөзінше соңғы кездесуде Русланның денесінде көгерген іздерды байқаған.

– Мен колония әкімшілігінің көзінше әдейі футболкасын шешуді сұрадым. Денесі соққыдан көгерген. Ол бұдан бұрын басқа колониядан отырғанда ондай болмаған, – дейді Андрей Шевченко.

Өз денесін өткір затпен тілгендердің бірі – 27 жастағы Данияр Тұяқов. Оның інісі Дәурен, Державинскіге бауырының денсаулығын білуге келген, алайда туыстарға кездесуге рұқсат берілмеді.

– Кезекші кездесуге рұқсат беретін колония басшысы мерекелерге байланысты жұмыста жоқ екендігін айтты. Бірақ мен колония басшысының көлігін көрдім, – дейді Дәурен Азаттыққа.

ӘБЛЯЗОВТЫ АЗАПТАҒАН АБАҚТЫ ЕДІ

Айта кету керек, соңғы кездері сотталушылардың өз денесін зақымдау фактілері жиілеп кетті.
БTA банкінің экс-президенті - Мұхтар Әблязов.
Жыл басында, ақпанның 2-сі күні Шығыс Қазақстан облысы Солнечный елді мекеніндегі 156/17 қатаң режимдегі түрменің бірнеше сотталушысы өз қарындарын тіліп тастаған еді. Бұл жайтқа колония басшылығымен сотталушылар арасындағы дау себеп болуы мүмкін деген болжам бар.

Одан өзге, мамырдың 27 күні Қарағанды облысындағы АК 159/6 түзету колониясының бес сотталушысы да өз денесін тіліп, ауруханаға түскен еді. Кейін, облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі басқармасы, колония қызметкерлері тарапынан ешқандай заң бұзушылықтар болмағандығын мәлімдеген болатын.

Бұл түрмеде 2002 жылы сотталған Мұхтар Әблязов та отырған болатын. Сол жылы 6 жыл арқалап кеткен Әблязов арада бір жыл өткенде кешірім сұрап, рақымшылыққа ілікті.

Оның төңіргіндегілердің айтуынша, осы аралықта түрмеде Әблязовтың өзі де азаптауға ұшырады. Өткен жылдан беріде БТА банкінің басқарудан шеттетіліп, ішіп-жеп кеттілер үшін айыпталған Әблязовтың қазір шетелде бас сауғалап жүрген жайы бар.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG