Accessibility links

Билл Клинтонның Қазақстанға сапары оның әйелінің мемлекеттік хатшы болуына кедергі келтіруі мүмкін


Билл Клинтон мен Хиллари Клинтон АҚШ президентін сайлауға дауыс беру үшін кезекте тұр. Нью-Йорк, 4 қараша 2008 ж.
Билл Клинтон мен Хиллари Клинтон АҚШ президентін сайлауға дауыс беру үшін кезекте тұр. Нью-Йорк, 4 қараша 2008 ж.

Хиллари Клинтонды Барак Обама үкіметінің мемлекеттік хатшылығына лайықты нөмірі бірінші кандидат деп атады. Американдық басылымдар оның күйеуінің іс-әрекетінің күдікті деректерін, әсіресе 2005 жылғы Қазақстанға сапарын еске алды.

Жуықта Американың бұқаралық ақпарат құралдарында жаңадан сайланған АҚШ президенті Барак Обама бұрынғы президент Билл Клинтонның әйелі, сенатор Хиллари Родхэм Клинтонға сыртқы саясат мекемесі басшысының қызметін ұсынуы мүмкін деген ақпарат пайда болды.

Американдық басылымдарда сол заматта-ақ Клинтон қорының қаржы көздері мен экс-президенттің шетелдердегі кейбір фирмалардың іскерлік қызығушылықтарын өз мүддесіне пайдалануы мүмкін екендігі болжанды. Нью-Йорктің Newsday газетінің жазуынша, әңгіме «болуы мүмкін мүдделер қақтығысы, сондай-ақ Билл Клинтонның шетелдік іскер басшылар мен Мемлекеттік департамент курсы өкілдерімен байланысы қаншалықты екендігі туралы».

Басылымның көп сұрағын туындатып отырған бұрынғы президенттің Ақ үйден кеткеннен кейін құрған Уильям Дж. Клинтон (William J Clinton Foundation) қоры туралы мәселелер. Аталған қор халықаралық даму бастамаларын қолдау, СПИД дертімен ауыратындарды қорғау сияқты мақсатта құрылған еді.

Басылымның мәліметінше, қайырымдылық көрсетушілерден (оның ішінде шетелдіктер де бар) қор есебіне 375 миллион доллардай ақша түскен. Кейбір жағдайларда американдық бұқаралық ақпарат құралдары қайырымдылық көрсетушілерге күдіктене қарады.

Сонымен Билл Клинтонға тағылған кінәлардың басында оның Қазақстанға жасаған сапары тұр. Бұл туралы жоғарыда аталған Newsday, сондай-ақ Los Angeles Times сияқты бірнеше ірі басылым жазды.

Ресми мәлімдемелерге сәйкес, 2005 жылдың қыркүйегінде Алматыда сөйлеген сөзінде Билл Клинтон СПИД дертінен емделушілерге дәрілерді арзан бағамен сату бағдарламасының басталғанын, сондай-ақ Қазақстан басшылығына қолдау білдіретінін мәлімдеген еді. Сондай-ақ Алматыға Клинтонмен бірге Қазақстанның мемлекеттік атом компаниясымен келісім жасаспақшы канадалық бизнесмен Фрэнк Гистраның келгені кадрдың сыртында қалды. Бірнеше айдан кейін Гистра кейінірек тағы 100 миллион беремін деген уәдесімен бірге Клинтон қорына 31 миллион доллар аударды.

«Экс-президент Гистрамен бірге Қазақстанға аттанды, онда Клинтон мемлекет басшысының демократияны қорғайтын халықаралық ұйымға (ЕҚЫҰ-ны меңзеген) төрағалық ету ниетін қолдауы тиіс, — деп жазады Los Angeles Times. — Бұл ұстаным Қазақстандағы адам құқықтарын қорғауға қатысты американдық саясатқа қайшы келеді. Кейінірек Гистраның компаниясы уран жобалары жөнінде Қазақстанмен келісімге қол қойды.


Билл Клинтонның Қазақстанның бұрынғы астанасына жасаған сапары туралы 2008 жылдың қаңтарында New York Times газеті егжей-тегжейлі жазды. «Клинтон Алматыдан кеткен соң 48 сағаттан кейін Гистра келісім жасасты», — дейді басылым. Әңгіме уран кендерін игеру туралы Гистраға тиесілі UrAsia Energy Ltd компаниясы мен «Қазатомпромның» өзара келісімі туралы. Келісім құны 450 миллион долларды құрады.


Баспасөз хабарламасында Қазақстан басшылығы Клинтонның елдің ЕҚЫҰ төрағалығына қолдау білдірген мәлімдемесіне баса назар аударды. «Менің ойымша, мұның уақыты келді және сіздердің оған дайын екендіктеріңізге қуаныштымын», — деген еді сол кезде Клинтон.

«Клинтонның мақтауы тосын болғандықтан да, АҚШ Назарбаевтың өтінішін қолдаған жоқ, — дейді бұл туралы New York Times. — Бұған қоса АҚШ Конгресі комиссиясының мүшесі, Клинтонның әйелі осы мәселеге қатысты өзінің күдігін білдірді».

Клинтонның мәлімдемесінен бір жыл бұрын оның әйелі Мемлекеттік департаменттің комиссиясына Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуінің заңдылығына күмән білдіріп хат жазған еді. Күмәннің себебі ретінде қоғамды жайлаған жемқорлық пен еркін сайлаудың жоқтығы және БАҚ-қа мемлекеттің бақылауы көрсетілген еді.

Los Angeles Times Американың бұрынғы бірінші ханымының күйеуінің ғана емес, өзінің де айып-кінәларын тізбелейді. Хиллари Клинтон ұзақ уақыт бойы өзінің сыртқы саясат мәселелерін шешуге қатысқанын басты көзір санап келді. Шынымен, ол президенттің әйелі ретінде 80-нен аса елде болған.

«Бірақ ол кейде қосып та айтатын, — дейді басылым. — Ол 1996 жылы Босния мен Герцеговина әуежайында мергендер оғынан тығылуға тура келгені туралы айтқан өз әңгімесінен бас тартуға мәжбүр болды. Мұрағаттағы бейнематериалдар сапардың ол айтқандай үрейлі емес, бейбіт жағдайда орындалғанын көрсетті». Және Клинтон ханым өзі қатысқан бір де бір сыртқы саясатттағы шиеленісті есіне түсіре алмады.


Американдық шолушылардың бағамдауынша, Обамаға Сенатта Хиллари Клинтонның кандидатурасын мақұлдату үшін жағымсыз сұрақтарға жауап беруге тура келеді.

XS
SM
MD
LG