Accessibility links

«Ешкіні бақшаға жіберу». Неміс баспасөзі Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы турасында


2010 жылдан бастап Қазақстан ЕҚЫҰ ға төрағалық етеді, ал 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы ұйымды басқарушы «үштіктің» мүшесі қатарына енді. Германия газеттері Батыстың Қазақстан кандидатурасын қабылдау себептерін іздестіріп әлек.

«Ешкі қораға кіргізілді: Қазақстан ЕҚЫҰ басқару құқығын алды»

Осындай тақырыптармен жарияланған мақалаларында немістің ықпалды саналатын Welt газеті алдағы 2010 жылы Қазақстанның Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететінін айтады. Мақаланы жазуға түрткі болған мәселе Астананың жаңа жылдан бастап ЕҚЫҰ басқаратын, ұйымның болашақтағы, қазіргі және кейінгі төрағаларын біріктіретін «үштіктің» қатарына кіруі.

«Мұнай, газ, терроризммен күрес, немесе геостратегиялық жағдайлар—осы мәселелердің әрқайсысы жекелей алғанда адам құқығын сақтау, құқықтық мемлекет орнату жолындағы демократияға мейлінше кедергі келтіретін себептер. Қазақстанда қырсық болғанда осы төрт себептің бәрі де бар,-дейді газетке берген сұхбатында адам құқығын қорғау жөніндегі Қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис. Оның бюросы және алты қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп «Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық ету жөніндегі шешімі елдегі реформаны тездете алмады» деген ортақ шешімге келген.

«Көптеген жылдар бойы Астанамен халықаралық қатынастарда энергетикалық саясат, терроризммен күрес стратегиясы, сонымен қатар геосаяси мүдде көзделініп, Ресей мен Қытай арасында орналасқан экономикалық және саяси алып елдің ықпалын арттыру мақсаты болды» - деп жазады Welt газеті. Басылым сондай-ақ, ЕҚЫҰ-ның Қазақстанға төрағалық орнын беру мүмкіндігіне ұзақ уақыт бойы күмәнмен қарап келген Батыс астаналарының күдігі сейілгенін де еске сала кетеді. Мұндай қадам жасап, осындай маңызды жолға түскен Астана енді тезірек халықаралық құқықтың қарапайым стандарттарын қабылдап оны орындауы керек дегенді білдіреді. Мақалада атап көрсетілгеніндей, сыншылар Қазақстан мәлімдемесін «моральдық құлдыраудың жария етілуі» деп бағалап отыр.

Келесі бір неміс газеті Badische Zeitung өз мақалаларын «Қазақстан — әміршіл, бірақ мұнайы бар» деп айқайлатып-ақ берген.

Басылым халықаралық құқық қорғау ұйымдарының болашақта Астананың төрағалық етуі ЕҚЫҰ-ның беделіне нұқсан келтіріп, оны төмендетіп жіберуі мүмкін деген ескертпелерін жариялаған.

Human Rights Watch халықаралық ұйымының жақында жасаған баяндамасында келтірілген дәлелдеріне сүйеніп, газет Қазақстан демократия саласының ең төменгі стандарттарына да жауап бере алмайды дейді: «ЕҚЫҰ Қазақстаннан саяси реформаларды жүзеге асыруды талап етіп, ол туралы есеп сұрағаны жөн. Олар осы уақытқа дейін президент Назарбаев сылап-сипап берген мәліметтерден де арғысын сұратулары керек», - деп жазады.

Газет сонымен бірге, Қазақстанда болып жатқан әділетсіз сайлаулар, оппозицияға жасалған кедергілер, сөз бостандығы мен пікір бостандығының шектелуіне қарап, Батыс Еуропа мен АҚШ алғашында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа ұмтылысын ерте деп есептегенімен, кейіннен ол туралы әңгіме мүлдем тоқтатылды.

Батыстың көзқарасының бұлай өзгере қалуын Badische Zeitung газеті екі фактор арқылы түсіндіреді: бір жағынан Қазақстанның байлығы- мұнай мен газға қатысты болса, екінші жағынан, НАТО мен АҚШ-тың Орталық Азияға әскерлерін орналастыруды күшейтуді көздеуінен.

"АҚШ алдағы уақытта Орталық Азиядан Ресейді ғана емес, сонымен бірге Қытайды да ығыстырып шығаруды көздеп отыр" деп жазады газет өз мақаласында.
XS
SM
MD
LG