Accessibility links

Екі жасар Дихан Израильде жасалған операциядан соң өздігінен демала бастады


Сәбиге жасалған сәтті операциядан соң бірнеше аптадан кейін. Дихан Торғаев пен анасы Ғалия Торғаева. Тель-Авив, 22 қаңтар 2010 жыл.
Сәбиге жасалған сәтті операциядан соң бірнеше аптадан кейін. Дихан Торғаев пен анасы Ғалия Торғаева. Тель-Авив, 22 қаңтар 2010 жыл.

Екі жасар Дихан Торғаевқа жасалған операция сәтті өтті. Сәби қазір өздігінен демалады, тамақтанады және сөйлей бастады. Баланың емделуіне қажетті 30 мың доллардай ақшаны жинауға Азаттық радиосының көптеген тыңдармандары мен оқырмандары да үлес қосты.


ЕРКІН ДЕМАЛУ

Павлодар облысы Екібастұз қаласының тұрғыны екі жасар Дихан Торғаев ақпан айының соңында елге қайтуы керек. Өткен жылдың желтоқсан айында жасалған сәтті операциядан соң қазір ол израильдік дәрігерлердің бақылауында. Жақында дәрігерлер Диханның тыныстауы үшін оның кеңірдегіне хирургиялық жолмен бекітілген түтікшені алып тастап, сәби өздігінен демала бастады.

Күні кеше ғана Дихан ауруханадан шықты, алайда, әзірге берер апта ол Тель-Авивте болады.

Дихан Торғаевтың әжесі Наткен Дабылбекова Израиль клиникасында Диханның қасында отырған қызы Ғалиямен телефон арқылы сөйлесті. Ғалия – Диханның анасы.

– Телефон тұтқасын көтерді. Ол сөйлей бастады, содан соң Ғалия баланың өздігінен тыныстай бастағанын айтты. Дихан анасын атымен атай бастапты, ал әкесін жай ғана Маха деп атайды екен, – дейді Дихан Торғаевтың әжесі Азаттық радиосының тілшісіне.

Әжесінің айтуынша, Дихан қазір дәрігерлердің бақылауында. Дәрігерлер оған көп қозғалуға рұқсат бермейді. Сондықтан бала сурет салумен айналысуда. Клиникада оған қажеттінің барлығын берген.

– Оның сауығуын 31 қаңтарда болатын туған күніме сыйлық деп қабылдаймын. Мен сол кезде 72 жасқа толамын. Барлығына рахмет, Алла барлығына денсаулық, бақыт берсін, – дейді Диханның әжесі.

СЫРҚАТ

Естеріңізге сала кетсек, Дихан тумысынан бронхөкпе жүйесінің сырқатымен – трахеобронхомаляциямен, дауыс желбезектерінің семуімен сырқаттанған. Өмірге келген алғашқы үш айда Диханның өкпесін жасанды демалдыратын аппаратқа қосылып қойған. Операцияға дейін
Екі жасар Дихан өкпе жүйесінің туа біткен ақауы - трахеобронхомаляция дертімен ауыратын, дауыс шымылдығының жаны кеткен еді. Диханға Израильде операция жасалғанға дейін түсірілген сурет.
ол кеңірдегіне хирургиялық жолмен бекітіліп қойған трахеотомикалық түтікшенің көмегімен демалды.

Операцияға дейін баланың әке-шешесі Ғалия мен Махамбет балалары сөйлей алмай қалатын шығар деп қорыққан. Оның сөйлегісі келетін, бірақ дауысы шықпайтын. Оның бұлай қиналғанын көріп, баласының болашағы үшін ата-анасының жүрегі ауыратын. Бұдан бөлек, ата-анасы Дихан байқаусызда түтікшесін жұлып алып, тұншығып қала ма деп қорқатын

Бұл түтікшені Диханның анасы Ғалия Торғаева күніне бірнеше мәрте тазалайтын. Бала күн суытқанда далаға шыға алмады, қонаққа бара алмады және қонақтарды күте алмады. Өйткені, бұл оның денсаулығына қауіпті еді.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ АУДИТОРИЯСЫНЫҢ КӨМЕГІ

Шарасыздықтан түңілген Диханның ата-анасы Ғалия мен Махамбает Торғаевтар не істерлерін білмеді. Бірақ, оған хирургиялық операция жасау керектігін, мұндай операцияны Израильде жасайтынын естіп білді.

Сондықтан, кейінге ысырмастан, Диханға дәрігерлер қойған диагнозды, тексеру қорытындыларын израильдік клиникаға жіберді. Ол
Сәтті жасалған операциядан соң бірнеше апта өткенде. Бүлдіршін Дихан ата-анасы Ғалия және Махамбет Торғаевтармен бірге. Тель-Авив, 22 қаңтар 2010 жыл.
жақтағылар балаға операция жасауға келісімін берді. Бірақ бұл үшін 30 мың доллар қажет болды. Ақша табу үшін баланың ата-анасы волонтерлерге қайрылды.

Олар өз кезегінде Дихан Торғаевтың интернет-парақшасын ашуға көмектесті. Азаттық радиосы кішкентай Дихан туралы бірнеше мәрте жазды. Біз өз репортаждарымызда баланың ата-анасының банкілік реквизиттерін бердік.

Немістің Ein Herz fur Kind («Балаға арналған жүрек») қоры баланың 24 қазандағы туған күніне сыйлық ретінде 10 мың еуро бөлді. Біздің тыңдармандарымыз бен оқырмандарымыздың арқасында Диханның ата-анасына қалған ақшаны табуға мүмкіндік туды.

Азаттық радиосының кейбір тыңдармандары мен біздің сайттың оқырмандары Қазақстанның өзге аудандарынан Екібастұздағы Диханның үйіне келіп, оларға ақшаны өз қолдарымен ұсынды және баланың тезірек жазылып кетуіне тілек білдірді.

Азаттық тілшілеріне Тель-Авивке телефон шалып, Диханның ата-анасымен тілдесудің сәті түсті. Бүлдіршіннің анасы Ғалия Торғаева былай деді:

– Біз, оның әке-шешесі, екі жылдан бері баламыздың өздігінен демалғанын алғаш рет көріп қуанышымызда шек болмады. Құдайдың және біздің қолы алтын дәрігеріміз Арио Дироның көмегімен Дихантайымыз түтіксіз еркін демалады. Ол ауа-райына қарамастан көшеде еркін жүріп қыдыру мүмкіндігіне ие болғанына қуанышты. Мұндағы жұрттың бәрі ашық-жарқын, мейірімді, күн жарқырап тұр.

Ғалия Торғаева Диханның екінші рет дүниеге келуіне жәрдем берген барлық қайырымды жандарға, волонтерлерге, Азаттық радиосының тыңдармандары мен оқырмандарына өз отбасының атынан жүрекжарды алғысын айтты:

– Бізге қол ұшын созып, моральдық та, материалдық та тұрғыдан көмегін ұсынған Азаттық радиосының тыңдармандарына ризашылығымызды білдіреміз. Баршаға алғысымыз шексіз. Құдай-тағала әрқайсыңыздың отбасына береке берсін, балалар ешқашан ауырмасын!
XS
SM
MD
LG