Accessibility links

"Қазақтың қара домбырасы Еуропаның ешбір классикалық аспаптарынан кем емес"


1986 жылы Майтөбе жайлауынан табылған тастағы сурет. 6 мың жыл бұрын қашап түсірілген бұл суретте билеп жүрген адамдар мен домбыра бейнеленген.

1986 жылы Майтөбе жайлауынан табылған тастағы сурет. 6 мың жыл бұрын қашап түсірілген бұл суретте билеп жүрген адамдар мен домбыра бейнеленген.

Қазақтың байырғы музыкалық аспабы – домбыраның құпиясы мол, ғылыми зерттеулер үшін әлі күнге шейін түрен түспеген тың өлке тәрізді. Қазақтың ұлы аспабын жан-жақты зерттеу ісіне өзінің саналы ғұмырын арнаған Жұмагелді Нәжімеденов домбыраны классикалық аспаптар қатарына қоюға болатындығын айтады.

Ақын Қадыр Мырзалиев «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра» деген еді. Осының астарында көп мән бар дейді домбырашы Жұмагелді Нәжімеденов. Оның пайымдауынша, қазақты әлемге танытып отырған бұл аспап әлі тиісті дәрежеде зерттелмеген. Соның кесірінен қазіргі таңда домбыраның нағыз өзіне ғана тиесілі қоңыр үні жойылып барады дейді сұхбаттасымыз.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Майтөбе жайлауында тастан табылған таңбалы тастағы билеп жүрген төрт адам мен домбыра суретінің осыдан 6 мың жыл бұрын қашалып жасалғанын зерттеушілер дәлелдеген. Тастағы суретті 1986 жылы профессор С. Ақатаев этнограф Жағда Бабалықұлының көмегімен тапқан.
Өнер тану ғылымының кандидаты Жұмагелді Нәжімеденов. Алматы, 8 сәуір, 2009 жыл.

Музыка мәдениетінің, оның ішінде шекті аспаптардың қайдан шыққанын осыдан-ақ аңғара беруге болатын сияқты дейді зерттеуші. Себебі музыка аспаптары арасында бұдан көне жәдігер ғылымда жоқ. Осыдан "Еуропадағы классикалық музыка аспаптарының түп тамыры қазақ жерінен шыққан" деуге негіз бар. Нәжімеденов домбыраның акустикасын зерттей келіп, соған сәйкес параметрлерін жетілдірсек, ешбір Еуропа аспаптарынан кем болмас еді дегенді айтады.

Маман домбыра тартудың үш тәсілі бар екендігін айтады. Біріншісі – дәстүрлі тәсіл – қолға қарап, көзбен көре отырып, жадыға тоқитын "құймақұлақтық" амалы. Екіншісі – халықаралық ноталық жүйе бойынша үйрену. Ал үшіншісі – сандық жүйе тәсілі. Соңғысының авторы Жұмагелді Нәжімеденов.

Маманның сөзіне қарағанда, бұл – аяқ астынан ашылған жаңалық емес, шәкірттерге музыкалық аспапты меңгерту үшін бізге дейін Үндістан, Қытай, Жапон, т.б. шығыс елдерінде ежелден қолданып келе жатқан әдіс. Ол елдерде күні бүгінге дейін әндерін осы сандық тәсілмен газеттерінде, тіпті сіріңке қорабының екі жағына сыйып кететіндей етіп жазып, үнемді пайдаланады екен. Біздің естуімізше, Қытайда осы сандық қарапайым тәсілмен кейде симфониялық оркестрге де шығармалар ойнатады деген мәлімет бар.

Сұхбаттасымыз бұрыннан-ақ белгілі осы әдісті Қазақстанда пайдаланып келе жатқанымызға біршама жыл болды дейді. Осындай сандық тәсілді әркім өз түсінігімен пайдаланып, жүзеге асырып жатыр. Бірақ белгілі жүйеге келтіріп, дамытып, кітап қылып шығарғандар өте аз. -

"-Мен өз тәжірибемде осы сандық тәсіл бойынша домбыра үйретудің адам айтса сенгісіз нәтижелеріне қол жеткіздім десем, өтірік емес. Мәселен, 3 минут ішінде 8 жасар балаға бір күйді ойнатып үйретуге шығаруға болады,- дейді Жұмагелді аға..

6 мың жылдық тарихы бар аспапты қазіргі таңда шеберлердің әрқайсысы өзінің білгенінше дайындап жатыр дейді маман. Алайда оларға ешқандай кінә таға алмайсың, себебі бұл аспапты дайындаудың әлі күнге дейін мемлекеттік стандарты жоқ. Ал стандарт болу үшін арнайы зерттелуі қажет. Жұмагелді Нәжімеденов егер зерттеу жұмыстары жүзеге асырылатын болса, ежелгі домбыраның қоңыр үні қайтып оралар еді дегенді айтады.

Домбыра аспабының шығу тегін зерттеуде аңыз-әңгiмелерге жүгінуге болады

«Ертеде бiр хан қызының кедей жiгiтпен көңiл жарастырғанын сезiп қалады да жiгiттi дереу дарға астырады. Екi қабат болып қалған қыз мезгiлi жетiп босанады. Оны аңдыған мыстан кемпiр егiз баланы көз көрмес, құлақ естiмес, алыс жерге апарып, жап-жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып iлiп кетедi. Сәбилердiң көз жасы тамған бәйтерек солады, жүрегi тоқтаған нәрестелермен бiрге ағаш та қуарады.

Қаңқу әңгiме халық арасында жата ма, оны естiген ана егiзiн iздеп, жолға шығады. Жолдан шаршаған ана ағаш түбiне келiп, демалады. Құлағына күмбiрлеген сарын естiледi. Қайдан шығатын әуен екенiн бiлгiсi келiп ағаш үстiне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетедi. Ағаштың түбiнен басына дейiн iшi қуыс екенiн көредi.

Екi басында бұтақтан-бұтаққа керiлiп қалған iшектердi көредi. Екi iшек самал желмен тербелiп, одан әуен шығады екен. «Егiз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар» деп сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған iшегi бостау, шығысқа қараған iшегi қаттылау керiлген екен.

«Астыңғы iшек - жiңiшке дауысты қызым Зарлық, ал, үстiңгi iшек - бос қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын» деп екi iшекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен» дейдi аңыз-әңгiме туралы еңбегiнде этнограф Өзбекәлі Жәнiбеков

Домбыра дыбысының ерекшеліктерін анықтау үшін, музыкалық аспап ретінде эталондық үлгі даярлау, алдымен оның және басқа да қазақ ұлттық аспаптарының акустикасын зерттеу керек. Зерттеушінің айтуынша, қойдың немесе ешкінің ішектерінен жасалған ішектерде серпінділік қасиет басым. Сол себепті ұлттық қасиетті қоңыр үнді бірқалыпты (құлақ күйін) ұстап тұруға осындай ішектерді пайдаланған тиімді және табиғи қоңыр үнді осы ішектер ғана бере алады.

Қазақтың мәдениет және өнертану ғылыми-зерттеу институтының акустика және музыкалық технология лабораториясының меңгерушісі Жұмагелді Нәжімеденов, ұлттық үннің еуропалық үннен ерекшелігін алғаш рет компьютер арқылы шкала диапозонында дәлелдеген. Өнер зерттеушісі «Домбыраның қоңыр үні» деп аталатын ғылыми еңбегінде домбыраны геометрия, физика, математика, химия, тарих, археология, музыкатану ғылымдары тұрғысынан жан-жақты саралап береді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG