Accessibility links

«Шығыс Қазақстан облысында билік пен қылмыс әлемінің өкілдері жымдасып кеткен»


Әділғазы Бергенев, Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі.

Әділғазы Бергенев, Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде болған жанжалды оқиға ұйымдастыру жұмысына тиісті әсер етті. Облыс әкімі қызметінен қуылып, ал оның жұмысын президент әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин қатаң сынға алды.

4-ші наурыз күні осы өңірдің басшылығында ауыс-түйістер жасалды. Басты оқиға ретінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Әділғазы Бергеневтың орнынан алынуын айтуға болады.

Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып қызмет атқарған Әділғазы Бергеневтің жұмысын сынады.

«Осы өңірде жүргізілген сараптамалар көрсеткендей, аймақ әкімі Әділғазы Бергенев жағдайды өз қадағалауынан шығарып алған. Кадрларды таңдау және орналастыру мәселесі де белгілі бір тұлғалардың араласуымен жүргізіліп отырған. Осыдан кейін Елбасы әкімді қызметінен босату туралы шешімге келді», - деді Аслан Мусин.

Әділғазы Бергеневтің орнына Бердібек Сапарбаев тағайындалды, ол осыған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып қызмет атқарған еді. Жаңа басшыны облыс активіне премьер-министр Кәрім Мәсімовтың өзі таныстырды.

Әділғазы Бергеневтің орнынан алынуын бақылаушылар облыстың жоғары лауазымды шенеуніктерінің арасында болған жанжалмен байланыстырады. Өткен аптада болған төбелестің кесірінен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Қайрат Орынханов ауыр жарақаттанып, қазір ауруханада емделіп жатыр.

28 ақпан күні Өскемендегі түнгі клубтардың бірінде аймақтағы лауазымды басшылар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланбаевтың туған күнін тойлайды. Ал түнгі сағат бірлер шамасында осы клуб ғимаратының алдында төбелес шығып, оның аяғы Дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Қайрат Орынхановтың соққыға жығылуымен тынады.

Басында Қайрат Орынхановты кімнің сабағаны белгісіз болады, бұл ретте күдік Ерлан Нұрланбаев пен Ұлан ауданының әкімі Марат Мұзапаровқа ауады.

Кейінірек республикалық басылымдардың бірінде осы оқиғаның толық мән-жайы туралы мақала жарияланды. «Время» газетіне берген сұхбатында Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Лариса Поломошнова Қайрат Орынхановты Ұлан ауданының әкімі Марат Мұзапаровтың соққыға жыққаннын растады.

Дене жарақатын алған жәбірленуші арыз жазудан бас тартқанына қарамастан, Марат Мұзапаровқа қатысты Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінде қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.

«Марат Мұзапаров аудан әкімі қызметіне тағайындалғанға дейін екі жарым жыл бойы Дене шынықтыру және спорт басқармасына басшылық етті. Қайрат Орынханов одан бұл қызметті өткен жылдың 5-ші наурызында қабылдап алған еді», - делінген «Время» газетінде. Сонымен қатар, басылымда Марат Мұзапаров пен жәбірленушінің арасында жеке басының араздығы болғаны айтылған.

«Азат» оппозициялық партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Серік Ғабдуллин бұл жағдайлардың барлығын облыстағы кадр саясатының сауатсыз жүргізілуінен көреді.

– Көптеген жоғары шенді басшылар қылмыстық ортаның белді өкілдері. Барлығы да Марат Мұзапаровтың бұрын кім болғанын және немен айналысқанын жақсы біледі. Мұндай адамдар жоғары мемлекеттік лауазымды иеленсе де, дегенін жүргізу үшін өзінің кәнігі бұзақылық әрекеттерінен бас тартпақ емес, - деп санайды Серік Ғабдуллин.

Наурыздың 4-і күні ҚазТАГ агенттігі таратқан хабарламада, Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусиннің Шығыс Қазақстан облысында қалыптасқан қылмыстық ахуалды криминалдық құрылымдардың жергілікті билік жұмысына араласып, ықпал етуімен түсіндіргені келтірілген.

Жоғарғы билік өкілінің мәлімдемесінде «әкім Бергеневтің аймақтағы ахуалды қадағалауды босаңсытып алғаны, ал кадрларды тағайындау ісі белгілі бір тұлғалардың араласуымен жүргізілетіндігі және мұндай мәселелерді шешуге өзінің табандылығы жете бермейтіні» айтылған.
XS
SM
MD
LG