Accessibility links

Болат Назарбаевтың бизнес әріптесі болған Эдгар Салдузи жоғалып кетті


Қазақстан президентінің інісі, бизнесмен Болат Назарбаев.
Қазақстан президентінің інісі, бизнесмен Болат Назарбаев.

Эдгар Салдузидің әйелі ерінің жоғалып кеткенін оның жұмысымен байланыстырады. Жоғалған бизнесмен мен Қазақстан президентінің інісі Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі арасындағы дау-шар баспасөзде көптен бері сөз болып жатыр.


ІЗІМ-ҚАЙЫМ ЖОҒАЛДЫ

Қазақстанда «SM market» супермаркеттер желісі иелерінің бірі, 34 жастағы қазақстандық бизнесмен Эдгар Салдузидің белгісіз себептермен жоғалып кеткені туралы хабарды оның әйелі Анастасия Салдузи растады деп хабарлады ҚазТАГ агенттігі.

Зайыбының айтуынша, тамыздың 14-і күні таңғы сағат 9.30-да Алматыдағы үйінен өз көлігімен шыққан Эдгар Салдузи іскерлік кездесуге баратынын айтқан. Кездесуден шыққан соң үйіне қайтып келетінін ескерткен кәсіпкерді содан кейін туыстары да, достары да таба алмай отыр.

Анастасия Салдузи сенбі күні түс кезінде күйеуінің қол телефоны сөндірулі болғанын айтады. Күнделікті жұмысқа жеке күзетшімен және жүргізушісімен бірге баратын Салдузи сол күні үйінен жалғыз шығып кетіпті. "Әдетте тек демалыс күндері ғана автокөлігін өзі жүргізетін" дейді әйелі.

Тамыздың 14-і күні кешкі сағат бестің шамасында Эдгар Салдузидің жақын досы оның үйіне келіп, Достық даңғылының бойында орналасқан «Биладжио» мейрамханасы жанында уәделі кездесуге Эдгар Салдузидің келмегенін айтқан. Досы әлгі мейрамхана жанынан кәсіпкердің автокөлігін ғана көріпті.

Анастасия Салдузи теміржол вокзалдары мен аэропорттағы жолаушылар тізімінде, ауруханаға түскен адамдар арасында күйеуінің жоқ екендігін айтады. Ол күйеуінің жоғалып кетуін жұмысынан көреді. "Құқық органдары ұстаған болса, осы уақытқа дейін бір хабарын беретін еді" дейді әйелі.

Күйеуі жоғалып кеткені туралы Анастасия Салдузи тамыздың 14-і күні Алматының Медеу аудандық ішкі істер басқармасына өтініш бергенін полиция өкілі Азаттық тілшісіне растады.

ПРЕЗИДЕНТ ТУЫСТАРЫМЕН ДАУ-ШАР

Бизнесмен Эдгар Салдузи мен ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі Майра Назарбаеваның (қыз күніндегі фамилиясы Құрманғалиева ) арасындағы дау-шар Қазақстан баспасөзіндегі шулы мақалаларға негіз болған-ды.

Биыл қаңтар айында «Время» газетінде жарық көрген «Турецкий демарш» атты мақала авторы Геннадий Бендицкий Алматы машина жасау зауытының бұрынғы иелері Майра Назарбаеваны рейдерлік іс-әрекет жасады деп айыптап, сотқа бергенін жазған-ды. Сот істі арыз иелерінің пайдасына шешкен.

Майра Назарбаева да «ақпараттық майданға шындап кірісті» деп хабарлады «Время» газеті. «Еркін баспасөзбіз» дейтін бір басылымда Эдгар Салдузи деген әлдебір қазақстандық бизнесменді әшкерелейтін бірнеше мақала жарық көрді. Ол Майраның сеніміне кіріп алып, миллиондаған долларды жымқыра жаздапты-мыс», – деп жазады журналист Геннадий Бендицкий.

Сонымен бірге, оппозициялық «Свобода слова» газетінде Эдгар Салдузи туралы жарияланған бірнеше журналистік зерттеу мақалаларында бизнесмен жағымсыз кейіпте, ал оның Болат Назарбаев сияқты оппоненттері ұнамды жағынан сипатталды.

Болат Назарбаевтың есімімен байланысты бизнес дау-дамайлары бұған дейін де оқта-текте баспасөзде қылаң беріп қалатын. Болат Назарбаевтың өзі немесе оның сенімді өкілдері әдетте коррупция мен қулық-сұмдықтар жайында айтылған ондай айыптаулардың барлығын жоққа шығаратын, немесе мұның барлығы Қазақстан президенті інісінің атын жамылған әлдекімдердің ісі деп түсіндіретін.
XS
SM
MD
LG