Accessibility links

«Назарбаев Университеті» басымдықтарының бірі – қартаюдан құтқарар дәру іздеу


«Назарбаев Университеті» ғимаратының есігі. Астана, 11 қазан 2010 жыл.

«Назарбаев Университеті» ғимаратының есігі. Астана, 11 қазан 2010 жыл.

«Назарбаев Университетінің» президенті Аслан Саринжиповтың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев тіпті оқу орнын дамытудың бас жоспарына өзі тікелей түзету енгізеді екен. Алайда бұл жоғары оқу орны қызметінің ерекше жағдайлары әлі заңмен бекітілген жоқ.


«Назарбаев Университетінде» оқу жылы 2010 жылы қыркүйектің 27-сінде басталды. Оған University College London ережесі бойынша Қазақстанның ең үздік деген төрт мыңнан аса оқушыларының арасынан студенттер таңдап алынды. Бірақ жаңа университеттің мәртебесі де, оның ерекше жағдайлары да әзірге заңмен бекітілмеген.

ГАРВАРДТЫҢ ҚАЗАҚИ ҮЛГІСІ

Жұрт алдындағы сөздерінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев университетті тікелей қамқорлығына алатындығын және оны өз
«Назарбаев Университеті» құрылысын салу жоспары. Астана, 8 қазан 2010 жыл.
есімімен атауға келісім бергенін ресми түрде мәлімдеген болатын. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, «Назарбаев Университеті» – білім беру жүйесіндегі орасан ілгерілеу» болып табылады екен.

«Назарбаев Университетін» өзін өзі басқаратын коммерциялық емес білім беру ұйымы ретінде заңдастыру үшін парламент енді сегіз заңға, соның ішінде салық кодексіне түзету енгізуі керек. Бұның барлығы батыстың білім беру үрдісін көшіріп алып отырған жаңа тұрпатты оқу орнының жұмыс істеуі үшін қажет.

Ал оқу орнына алғашқы жылы қабылданған студенттердің оқуы мен жатын жайы мемлекет есебінен болмақ. 2011 жылғы мемлекеттік бюджетте жаңа оқу орнының инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін 33 миллиард теңге (шамамен 225 миллион АҚШ доллары) көлемінде қаржы бөлу жоспарланып отыр.

«ҚАТЕЛІКТЕР БОЛУЫ МҮМКІН» ДЕЙДІ МИНИСТР

Қолдағы бар деректерге қарағанда, Қазақстандағы ең үздік оқушыларды іріктеп алып оқытуды көздеп отырған «Назарбаев Университеті» толық академиялық еркіндік алып, білім министрлігіне жалтақтамай-ақ оқу бағдарламаларын өзі құрып, қабылдау емтихандарына талаптарды өзі белгілейтін болады.

Бұл жаңа оқу орны бұрын Қазақстанда белгісіз болып келген, ал батыста және өзге елдерде бұрыннан бар классикалық тәсіл – меценаттардың берген қайырымдылық жәрдемінен ғана емес, соған қоса республикалық бюджеттен, «Назарбаев қорының» инвестициялық қызметінің табыстарынан және ақылы білім беру әдісі арқылы қаржыландырылмақ.

Ал мемлекет бұл оқу орнына білім саласындағы тапсырыстар арқылы, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуі және белгілі бір көлемдегі практикалық жұмыстар атқаруына байланысты қолдау танытпақ.

Білім министрі Бақытжан Жұмағұлов «кез-келген жаңа басталған істегі сияқты мұнда да қателіктер мен мүлт кетулер болуы мүмкін, бірақ аталған құрылымның заңмен бекітілген оралымдылығы, жеделдігі, ықшамдығы қателіктерді жылдам түзеуге мүмкіндік береді» деп есептейді.

СОЛТҮСТІКТЕ ОҚУШЫЛАРҒА ЖАҚСЫ БІЛІМ БЕРЕДІ

Жаңа оқу орны студенттерінің құрамы жайында «Назарбаев Университетінің» коммуникация және маркетинг департаменті Азаттық радиосына ұсынған деректері арқылы Қазақстандағы мектептердің белгілі бір шартты түрдегі рейтингін жасауға болатындай.

Білім және ғылым министрлігінің веб-сайтында жарияланған ресми статистикаға сәйкес, 2010 жылы Қазақстанда мектеп бітірушілер арасында білім сапасының бірден көтерілгенін байқауға болады. Бұның себебін түсіндіру қиындау болғанымен, ресми дерек осыны көрсетеді. Мысалы, 2009 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуден кейінгі орташа балл – 74,9 болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 84,8 баллға
Бюджет қаржысының қалай жұмсалатынына да бақылау болуы қажет. Болашақта ұйым басшысының жауапкершілігі заңда көрсетілуі керек.
жеткен. Ал енді ең жоғары 125 баллды 2009 жылы сегіз оқушы алса, 2010 жылы бұл көрсеткіш кенеттен 43-ке бір-ақ көтерілген.

Азаттық радиосының тілшісі қойған сұрақтарды Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов жанама түрде болса да растап кетті. Ол 2010 жылы қазанның 8-інде өткен парламент мәжілісі жанындағы қоғамдық палатаның отырысында ұлттық тестілеу қорытындылары мен «Назарбаев Университетіне» студенттерді «ағылшын» тәсілімен обьективті таңдап алу нәтижесі «мүлде екі бөлек жағдайды көрсеткенін» мәлімдеді.

«Назарбаев Университетіне» Қазақстанның 20 қабылдау пунктінде жүргізілген емтихандар қорытындысы елде ең жақсы білімді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның бұрынғы президенті Тұрғыт Өзал марқұм 1992-1993 жылдары ашқан қазақ-түрік лицейлері беретіндігін анықтады. Биыл «Назарбаев Университетіне» түскен 485 талапкердің 165-і - елдегі 28 қазақ-түрік лицейлерінен шыққан түлектер.

Еске сала кетейік, жыл сайын сәуір айының соңғы аптасында осы қазақ-түрік лицейлері Қазақстан мектептеріндегі ең үздік деген алтыншы сынып оқушыларынан сынақ алады. Бұл емтихан бүкіл ел аумағы бойынша бір мезгілде, бір уақытта өткізіледі. Кейбір деректерге қарағанда, қазақ-түрік лицейлері түлектерінің 99 пайызға жуығы ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бойынша мемлекеттік білім гранттарына ие болады.

Тек Алматыдағы Орынбек Жәутіков атындағы республикалық физика-математикалық мамандандырылған мектеп-интернатының шәкірттері ғана кадеттік үлгідегі білім беретін қазақ-түрік лицейлерімен иық тірестіре алады. Биыл «Назарбаев Университетіне» түскен талапкерлердің 33-і осы мектеп-интернаттың түлектері екен.

Естеріңізге салайық, 38 жылдық тарихында бұл мектепте оқып, тәлім-тәрбие алғандардың арасында қазірде елге танымал тұлғалар аз емес: «Самұрық-Қазына» қоры басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаев; қазіргі премьер-министр Кәрім Мәсімов; «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов; «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы президенті, қазір сотты болған Мұхтар Жәкішев; Қаржы полициясының төрағасы Қайрат Қожамжаров; бизнесмендер Нұрлан Қаппаров, Еркін Қалиевтер. Сонымен бірге түлектердің қатарында Қазақстанның өзге де белгілі саяси және қоғам қайраткерлері бар.

Ал енді жаңа оқу орнына түскендер саны бойынша миллион тұрғыны бар Алматыға қарағанда астаналықтар озып тұр.

Студенттер құрамын саралағанда Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарындағы оқушылардың сапалы білім алатындығы анықталды. Ал ең төменгі бағаны Маңғыстау және Атырау облыстарының оқушылары алған. Бұл мұнайлы облыстар жан басына шаққандағы табыс деңгейі бойынша республикада алда тұр.

«МҰНДА ҚЫЗДАР КӨП ЕКЕН»

Алматыдағы қазақ-түрік лицейінің түлегі Айдын Құрманбай Азаттық радиосының тілшісімен болған әңгімеде, таңғы сегізден кешке дейін
Айдын Құрманбай – «Назарбаев Университетінің» бірінші курс студенті. Астана, 11 қазан 2010 жыл.
университетте қолы босамайтындығын айтып берді. Бірақ ол бұған соншалықты қиналып тұрған жоқ. Оны таң қалдырған бір нәрсе – «Назарбаев Университетінде» қыздардың көптігі. Бір жағынан бұл түсінікті де. Себебі, түрік лицейлерінде 6-11 сынып аралығында ұл балаларды қыздардан оқшау оқытады. Айдын Құрманбай бұны соншалық өрескелдік деп есептемейді. Өйткені, «қыздар ұлдардың көп уақытын алып қояды» дейді ол.

Студент Айдын мемлекеттің шығынын ақтау үшін өз пікірлестерімен бірге интеллектуалдық клуб ұйымдастырмақ.

– Егер «Назарбаев Университеті» Көңілділер және тапқырлар клубының ойындарында чемпион болса, бұл оның мақсатын ақтамас еді. Біз шахмат бойынша чемпионаттар мен интеллектуалдық олимпиадалар өткізіп, солар арқылы біздің университет ең әуелі үздік ғылым ордасы екендігін дәлелдейтін боламыз, – дейді Айдын Құрманбай.

ҚАРТАЮДАН ҚҰТҚАРАР ДӘРУ ІЗДЕП...

Қазіргі уақытта «Назарбаев Университеті» әлемдегі алдыңғы қатарлы он оқу орнымен әріптестік туралы келісімге қол қойғаны жөнінде мәлімдеме жасалды. Академиялық бағдарламалар тізімінде Өмір туралы ғылыми орталық құру, ұлттық зертханалар принципімен энергетикалық зерттеулер жүргізу, «Ғылым және нарық» мектебі мен пәнаралық инженерлік орталық ашу жоспарланған.

Пәнаралық инженерлік орталықты ойға алған жоспарларды іске асырудың негізгі сатыларының бірі деп атайды. Инженерлік орталық идеяларды таңдап алып, оларды университеттің зертханаларында зерттеп, содан соң оны «Назарбаев Университетінің» технопаркінде жүзеге асырмақ. Және де студенттердің ғылыми-практикалық жұмыстары Қазақстан экономикасының мұқтаждықтарына барынша байланысты болады деген уәде беріп отыр.

Мысалы, Азаттық радиосы тілшісінің байқағанындай, «Назарбаев Университетінің» Өмір туралы ғылыми орталығы жасанды жүректің көлемін кішірейту, адам ағзасының қартаюында қабыну мен инфекциялардың рөлі жөніндегі зерттеулерге қатысу туралы мақсат қойған екен. Сонымен бірге, аурулардың алдын алу мен оларды емдеу үшін, қатерлі ісік пен діңдік жасушаларды зерттеу үшін генетикалық
Егер жаңа оқу орны бұрынғы ізбен кетіп, аттестациядан өтіп, лицензия алатын болса, онда түк те шықпайды.
тестілеудің қол жетімді болуын зерттеу жоспарланыпты.

«Назарбаев Университетіндегі» ілінген тақталарда аталған бағдарламалардың орындалу мерзімі де көрсетіліп қойыпты. АҚШ зертханаларында оқып келген қазақстандық ғалымдар 2013 жылға қарай алғашқы зеттеулерге кірісулері тиіс. 2015 жылға қарай технологиялар трансферті аяқталып, 2016 - 2020 жылдарға қарай қазақстандық биомедицинаны коммерциялау жоспары бар. Осылайша, мұндағы ғалымдардың ойларынша, Қазақстандағы өмір сүру мерзімі ұзармақ.

Алайда «Назарбаев Университетінің» автономиялы оқу бағдарламасында да шетелдік әріптестерді таңдауда өзіндік ерекшеліктері мен басымдықтары бар. Мысалы, егер медицина факультетіне басшылық жасауды Гарвардқа, ал бизнес мектебін ашу ісін АҚШ-тың Питсбург университетіне тапсыруды көздесе, мемлекеттік саясат мектебін құруды Сингапур ұлттық университетіне бергісі келеді.

«НАЗАРБАЕВ ӨЗІ БАҚЫЛАП ОТЫРАДЫ»

«Назарбаев Университетінің» алғашқы пәндік үш мектебінің құрылысы 2011 жылға жоспарланған. Алайда Назарбаев тек концептуалды
«Назарбаев Университеті» акционерлік қоғамының президенті Аслан Саринжипов. Астана, 8 қазан 2010 жыл.
мәселелерде ғана қамқорлық жасамайды. «Назарбаев Университеті» акционерлік қоғамының президенті Аслан Саринжиповтың айтуынша, Қазақстан президенті тіпті дамудың бас жоспарына да өзі түзетулер енгізіп отырады.

Мысалы, шығынды азайту үшін Нұрсұлтан Назарбаев қонақ үй мен стадион құрылысын жоспардан алып тастаған. Ал конференц-залдың орнына үш залдан тұратын дәрісхана кешенін салуға кеңес берген. Олардың біреуі мың адамға есептелген. Мұндай көп адамға есептелген аудитория болу қажеттігін Аслан Саринжипов осы оқу орнында Нобель сыйлығының лауреаты дәрежесіндегі ғалымдар дәріс оқуы мүмкін екендігімен түсіндіреді.

«Назарбаев Университеті» президентінің айтуынша, пайдалану шығындарын азайту үшін Жапония үкіметі бір мегаватт мөлшерінде баламалы энергия шығара алатын күн батареяларын грант есебінде бөлуге уәде берген. Ал университетті салу барысында энергия сақтайтын технологияларды пайдалану жоспарланып отыр.

МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ МӘСЕЛЕСІ

Дей тұрғанмен, «Назарбаев интеллектуалды мектептері», «Назарбаев Университеті» және «Назарбаев қоры» желілерінің қызметін бақылаудың ұсынылып отырған моделінің белгілі бір оппоненттері де бар.

Мысалы, Қаржы полициясы академиясының бастығы Марат Башимов университеттің бюджет қаржысын жұмсауы және оқу орны басшылығының жеке жауапкершілігіне байланысты мемлекеттің бақылауы болуы керек деп есептейді.

«Еш бақылаусыз мемлекеттік үлгідегі диплом беруге болмайды және бюджет қаржысының қалай жұмсалатынына да бақылау болуы қажет. Болашақта ұйым басшысының жауапкершілігі заңда көрсетілуі керек», – деп мәлімдеді Марат Башимов Қазақстан қазанның 8-і күні өткен парламент мәжілісі қоғамдық палатасының отырысында.

Алайда білім министрі Бақытжан Жұмағұлов мемлекет тарапынан қысым болмауы керек деген уәж айтты. «...Егер жаңа оқу орны бұрынғы ізбен кетіп, аттестациядан өтіп, лицензия алатын болса, онда түк те шықпайды», – деді ол.

«Назарбаев Университеті» акционерлік қоғамының президенті Аслан Саринжиповтың сөзіне қарағанда, егер сұраныс болып жатса университет жылына мыңға дейін студент қабылдай алады. Алайда, «барлық мәселе үкіметке байланысты».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG