Accessibility links

Билік "ұлт бірлігі" үшін ақсақалдарды саяси сахнаға шақырды


Үкімет елде ақсақалдар кеңесі құрылады деп хабарлады. Алайда Азаттық радиосына сұхбат берген беделді ақсақалдардың бірқатары мұндай кеңестің қоғамға пайда келтіретіндігіне күмән келтіріп отыр.

ДОКТРИНАНЫҢ ҮШ ТАРАУЫ

Астанада сейсенбіде өткен үкімет мәжілісінде мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ұлт бірлігі доктринасын жүзеге асыру жоспарын таныстырды. Үкімет көп ойланып жатпастан доктринаны жүзеге асырудың 2010 жылға арналған жоспарын бекітті.

Мәдениет министрінің айтуынша, құжат үш тараудан тұрады. «Бір ел - бір тағдыр» деп аталатын алғашқы бөлімде ақпараттық-насихат іс-шаралары қамтылған. «Тегі басқа - теңдігі бір» тарауы Қазақстан азаматтарының өзін-өзі тануын көздейтін әлеуметтік бағдарламаларды қабылдауды көздейді. «Ұлт рухының дамуы» деп аталатын үшінші тарауда мәдениет, тіл және дәстүрді дамытуға бағытталған іс-шаралар айқындалыпты.

Құл-Мұхаммедтің айтуынша, ұлт бірлігін жүзеге асыру жоспары негізінде елде жаңа институт - ақсақалдар кеңесі құрылады.
«Ақсақалдар кеңесі, діни тақырыптарды насихаттауға арналған әдістемелік кеңес құрылатын болды», - деді мәдениет министрі. Алайда Құл-Мұхаммед ақсақалдар кеңесінің атқаратын қызметі мен құзыретін ашып айтпады.

«АҚСАҚАЛДАРДЫҢ АУЗЫНДА ДУА ҚАЛМАДЫ»


Қазақстанда танымал қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің пікірінше, ақсақалдар кеңесінің атынан бұрын, оның құрамы маңызды болуы керек.

– Елде кеңес көп қой, бәрі ештеңе бітірген жоқ. Нағыз азаматтардан құрылған кеңестің ғана пайдасы болады, - дейді қаламгер.

Тағы бір танымал қаламгер Герольд Бельгер ақсақалдар кеңесіне мүше болғысы келмейтіндігін жасырмайды. Оның пікірінше, бүгінгі күні билік кімнің де болса пікірін тыңдаудан қалған. Соған байланысты қаламгер өзінің сөзін босқа шығындағысы келмейді.
Мен енді [ешқандай кеңеске] кірмес едім. Әрі-беріден соң, ашық айтудан қалдым. Жасы келген жазушы сөзінің қазір мәні шамалы-ау деп қалдым

– Шынымды айтсам, мен өз заманында талай кеңестердің, президенттің жанындағы комиссиялардың құрамында болдым. Ақсақалдар дегендерге менің көңілім толмайды. Олар жақсы пікір немесе ашық айтады дегенге менім күмәнім бар. Мен енді [ешқандай кеңеске] кірмес едім. Әрі-беріден соң, ашық айтудан қалдым. Жасы келген жазушы сөзінің қазір мәні шамалы-ау деп қалдым, - дейді жазушы.

ТҮРІКМЕНСТАННЫҢ ҮЛГІСІМЕН

Қоғам белсендісі Кәрішал Асанов болса, ақсақалдар кеңесін 90-шы жылдары тәуелсіздік алған уақытта құру керек еді деп есептейді. Соған қарамастан ол мұндай кеңес елде ертелі-кеш құрылуы керек деген пікір білдіріп отыр.

– Барлық істі тындырып алып барып ақсақалдар кеңесін құру туралы ұсыныс айту томпақтау келетін секілді. Бірақ қай үкіметке болса да үлкеннің кеңесі керек. Ал, оған кімнің мүшелікке қабылдануы президенттің қолында тұр. Бәлкім, өзінің жасы келген соң ақсақалдарды да ойлап жатқан шығар, - деген Кәрішал Асанов биыл Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 70 жасқа толатындығын меңзеп өтті.

Серікболсын Әбділдин бұл кеңес әлемнің бірқатар мемлекеттерінде бар екендігін және мұндай институт пайдалы жұмыстары атқарып жатқандығын айтады. Саясаткердің пікірінше, Қазақстанда ол түрікменбашы Сапармұрад Ниязов басқарған Түрікменстандағы ақсақалдар кеңесінің үлгісін қайталауы мүмкін.

– Түрікменбашының жолын біздің басшы ұстанып отырғаны көрініп тұр. Бұл елде кеңес халықты дінге баулу, ақыл айту қызметін атқарды. Қазақстанда билікті жақтап сөйлейтін ұйымдар толып жатыр, - дейді Әбділдин.

Еске сала кетсек, Орталық Азия мемлекеттерінде ақсақалдар кеңесі Түрікменстан, Қырғызстан және Өзбекстанда бар.
XS
SM
MD
LG