Accessibility links

Саяси партиялар сайлау заңына қатысты өз талаптарын алға тартты


Үкімет ұсынған жобада демократиялық принциптер сақталмаған деп атап көрсеткен партия өкілдері оған қатысты пікірлері ескерілмесе, саяси шараларға қатысудан бас тартып, бойкот жариялайтындарын ескертті.

Бұл мәлімдеме сәрсенбі күні Қазақстан коммунистік партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Азат» партиясы, «Ауыл» партиясы, «Ақ жол» партиясы, Коммунистік халықтық партия және «Әділет» партиясының аттарынан жасалды.
Парламентке үкіметтің ұсынған жобасында сайлау комиссияларын жасақтау тәртібі мен сайлау блоктарын құруға салынған тыйым, сондай-ақ парламентке өтетін саяси партияларға қойылатын «7 пайыздық кедергі» бұрынғы қалпында қалғанын сынға алған мәлімдеме жасаушылар билікке бірнеше баптан тұратын талап қойды.
ЖСДП төрағасы Жармахан Тқяқбай Алматы, 24 желтоқсан 2008 ж.
Атап айтқанда, Мәжілісті тек екі партиялық қана емес, көппартиялық негізде жасақтау, парламентке саяси партиялардың өтуіне қойылатын шектеу деңгейін үш пайызға дейін азайту, барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының құрамына елдегі тіркелген барлық саяси партиялардың өкілдерін енгізу және бұрынғыдай партиялардың сайлау блоктарына бірігу мүмкіндігін заң жүзінде бекітуді сұрап отыр.
- Бізде осы кезге дейін сайлау атаулының барлығын билік өзі белгілеген ережемен ғана өткізетіндіктен, онымен бәсекелес өзге партиялар дәл бүгінгідей сайлау жүйесінде ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмайтындығына куә болып келеміз. Қазір билік өзіне балама күш ретінде көзбояу етіп көрсету үшін парламентке қуыршақ партияны өзі сайлап, «міне, бізде екі партиялы парламент бар» дегенге келтірмекші. Сондықтан, үкіметтің заң жобасы дәл қазіргі қалпында қабылданған жағдайда біз - осы отырған партиялар - елдегі барлық саяси шараларға қатысудан бас тартуға мәжбүр болатынымызды мәлімдейміз. Біз биліктің ондай саяси ойындарына қатыспаймыз, пікірімізді тыңдап, ескермесе, билік өзімен өзі ойнай берсін, - деді ЖСДП-ның төрағасы Жармахан Тұяқбай.
Сондай-ақ, Қазақстан Конституциясы бойынша президент пен парламент сайлауларын бір жылда өткізуге болмайтындығын еске салған Тұяқбай осы екеуінің біреуінің сайлауы мерзімінен бұрын өтуі мүмкін деген ойын айтты.
«Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов бүгінгі мәлімдемеге қосылып отырған кейбір партияларға өз талаптарын іспен дәлелдеуді ұсынды.
- Егер барлық деңгейдегі сайлау комиссияларында отырған өкілдеріңізді кері шақырып алсаңыздар, құрамы тек қана «Нұр Отан» партиясының мүшелерінен тұратын сайлау комиссияларының заңды күші болмай қалады. Осылайша, егер біз билікті сайлау комиссияларын барша партиялардың тең жағдайда қатысуымен жаңадан құруға мәжбүр ете алсақ бізде сайлауды әділетті, ашық өткізуге мүмкіндік туады, - деді Б.Әбілов.
Бөріхан Нұрмұхамедов, Алматы, 24 желтоқсан 2008 ж.
Дәл осы күні Астанада Парламент Мәжілісінің депутаттары жалпы отырыста үкіметтің ұсынған «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
- Бұл жобаға, басқаны былай қойғанда, тіпті биліктегі «Нұр Отан» партиясының осыған дейін қоғамды демократияландыру жөніндегі мемлекеттік комиссияда мақұлдап бекіткен ұсыныс-пікірлері де енбей қалды. Оның үстіне, аталған жобада әлі ресми тіркелмеген «Алға» партиясына қарсы қабылданған бап бар, оны кім, қалай енгізгені түсініксіз. Өкінішке қарай, біздің елімізде шынайы саяси плюрализмді қалыптастыруға бағытталған саяси ерік-жігер байқалмайды. Биылғы ақпан айында өткен «Ақ жол» партиясы төралқасының мәжілісінде барлық деңгейдегі сайлау комиссияларынан партияның өкілдерін кері шақырып алу туралы шешім қабылданған болатын. Міне, бүгін парламент үкіметтің ұсынған жобасын сол қалпында қабылдағаннан кейін өзге партиялардың тарапынан да сондай қадам жасалады деп ойлаймын. Сонда партиялар сайлауда дауыс беру қортындысы туралы шешімдер бойынша жауапкершілікті өз мойындарына алмайтын болады, - деді «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедов.
Қазіргі кезде Қазақстандағы орталық және жергілікті сайлау комиссияларының құрамы негізінен «Нұр Отан» партиясының мүшелерінен тұралды. Ал Коммунистік, Азат және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялардың өкілдері ол комиссияларда жоқтың қасы.
XS
SM
MD
LG