Accessibility links

Сенат сайлауы 4-ші қазанда өтеді


Астанада тамыздың 1-і күні Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов биыл күзде парламент сенатының кезекті сайлауы өтетіндігін хабарлады.


Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов, биыл 4-ші қазанда сенат сайлауын өткізу жөнінде ел президенті Назарбаевтың жарлығы шыққанын жариялады:


- 2002 жылы 8 қазанда сайланған сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі 2008 жылдың 9 желтоқсанында аяқталады, сондықтан 4 қазан күні өкілеттіктері аяқталған депутаттардың орнына республиканың 16 өңірінен әрқайсысынан 1 депутаттан сайланатын болады.

Парламент сенатына 15 депутатты Қазақстан президенті тағайындайды.

Ресми мәлімет бойынша сенат әр облыстан республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан астанасынан 2 адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Және сайлау комиссиясының төрағасы Тұрғанқұлов айтып өткендей 15 адамды ел президенті Назарбаев тағайындайды.


Астанадағы Еуразия университетінің ұстазы саясаттанушы Рәбиға Байымбетова дәл осы сенаттағы «Патриоттар» партиясының төрағасы Ғани Қасымов депутат екендігін еске салды. «Демек президент парламенттің жоғарғы палатасына өзге партиялардың өкілдерін кіргізе алады», дейді ол.


Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәжіліс сайлауы да тиісті мерзімде өтетіндігі туралы айтты:


- Мәжіліс депутаттарының құзыреті 2012 жылы аяқталады. Президент Назарбаев парламент мәжілісінің кезектен тыс сайлауы қажет деп айтқан жоқ. Ол тек кем дегенде екі партиялық парламент болу үшін мәжіліске кем дегенде екі партия қатысудың заңдағы механизімін ескеруді ғана айтты, – деді Тұрғанқұлов.

Былтыр өткен мәжіліс сайлауында парламентке оппозициядан бірде бір адам өткен жоқ.

Ал, радикалды емес оппозицияға жатқызылып жүрген «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедов жаңадан мәжіліс сайлауы өтпеуі мүмкін деп есептейді. Ертеректе президент Назарбаевтың бір партиялық парламент жасауға септігін тигізгендігін айтқан, оппозициялық саясаткер, Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин оппозицияға парламенттен орын бұйыратындығына сенімді емес.


Бір жылдан бері тіркеле алмай жүрген оппозициялық «Алға» партиясының басшылығында болған Асылбек Қожахметов партия құрылысы саласында билік оппозициямен ымыраға келуі ықтимал деп санайды.


Маусымның 29 күні Астанада Қазақстан президенті Назарбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік ассамблеясының сессиясында «қоғамды одан әрі демократияландыру үшін конституция әлеуетін пайдаланып Қазақстанда кем дегенде екі партиялық парламент құратын механизм жасау керек», деген болатын.


Бірақ, саясаттанушы Байымбетова парламентке оппозициялық партиялардың енуі теориялық жағынан мүмкін деп есептегенімен, іс жүзінде жүзеге асуын екіталай деп отыр.

Парламент сенатына депутаттарды жергілікті мәслихаттар сайлайды.

Қазақстанда сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі 6 жыл. Сенат депутаттарын сайлау жанама жүйе негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүргізіледі. Депутаттар құрамының жартысы әр 3 жыл сайын қайта сайланып отырады. Депутаттыққа үміткерлерді мәслихаттар ұсынады.

Сонымен қатар азаматтардың өзін-өзі ұсыну құқы бар. Сайлау рәсімдерінің барлығы 73 күнге созылады. Үміткерлерді ұсыну 2 тамызбен 3 қыркүйек аралығында, тіркеу 13 қазанға дейін жүргізіледі. Сайлауалды үгіт 14 қыркүйекте басталып 2 қазанда аяқталуға тиіс. Сайлау комиссиялары сайлау нәтижесін 4 қазан күні анықтайды, бірақ, Орталық сайлау комиссиясы қорытындыны 10 қазаннан кешіктірмей беруге тиіс.

Сайлауды өткізуге бюджетте 134 миллион теңге бөлу көзделген. Долларға шаққанда 1 миллион 100 мың долларға тең. Сайлау заңына сәйкес, әр үміткерге үгіт жүргізуге және көлік шығындарына республикалық бюджеттен ақша беріледі. Мұның сыртында әр үміткер 8 миллион теңгеден аспайтын қор құра алады. Дауысқа түсетін кандидаттар үшін сайлау жарнасы 180 мың теңге.

XS
SM
MD
LG