Accessibility links

Елтай ауылында тұрғындар 40 жыл бойы қара суға жарымай отыр


Тоғыс су қоймасы. Төле би ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 29 маусым 2009 ж.

Тоғыс су қоймасы. Төле би ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 29 маусым 2009 ж.

Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Елтай ауылының халқы қыста қарды ерітіп, жазда көрінген келіп шомылатын көлдің суын ішуге мәжбүр. Жергілікті билік болса елді құрғақ уәдеге тойдырумен келеді.



ЕЛТАЙЛЫҚТАРДЫҢ ҚЫРЫҚ ЖЫЛҒЫ АРМАНЫ


Екі мыңға жуық халық мекен еткен Елтай ауылының жұрты үш жарым шақырым жерде орналасқан Тоғыс су қоймасының суын ішіп отыр. Таза суға зар болған халық әкімқаралардың құрғақ уәдесінен әбден шаршағандарын айтады.

– Әкімдерді сайлау алдында ғана көреміз. Сол кезде келгіштеп, уәделерін үйіп-төгіп кетеді де артынан жоқ болады, содан кейін оларды
Патшайым Медеева, Елтай ауылының тұрғыны. 29 маусым 2009 жыл.
көрмейміз. Құдайдың өзі сақтасын деп отырмыз. Ауылда ауру көп: іш ауруы, сары ауру дейсіз бе, толып жатыр. Уәде бергіш әкімдер келіп, үйімізден шай ішіп кетсін. Мүмкін, сосын өзгеретін шығар жағдай, – дейді ауыл тұрғыны Патшайым Медеева Азаттық тілшісіне.

Оның сөзін отағасы Байыш Медеев те қостайды:

– Қараң қалған ауыл болды бұл. Не жол, не суымызға қарамайды. Жергілікті билік – өз алдына бір мемлекет, халық – басқа бір мемлекет болып жүріп жатқан жайы бар. Ал сайлау жақындағанда жанашырлық таныта келеді де тайып тұрады. Әкімнің қарасын да көрмейміз, отыратын жеріне барсақ, аудан басшысының алдына кірудің өзі қиямет.

Өздерін көштен қалып қойған жұттай сезінетін ауыл жұрты басшылардың көбік сөзіне кейіс білдіреді. «Еліміз гүлденіп, дамып келеді деген ел ағаларының ертегілерін естігенде жүйкеміз қозады» дейді ауыл адамдары.

Елтай ауылындағы үйлердің бірінің ауласы. 29 маусым 2009 жыл.
Ауыл тұрғыны Шәрипа Садықова ауыз суды көрші ауылдардан тасып ішеді екен. Үйінің жанынан көлдің суын тартып алуға жағдайы жетпеген қария қыс бойы қардың суын ерітіп ішіп келгенін айтады. Кейуана өздерінің жоғын жоқтап, мұңын тыңдар құлақ жоқтығына ашынады.

– Қурап отырғанымызға 30 жылдан асты. Бір күні ана көршіңнен, келесі күні мына көршіңнен су сұрайсың. Біреу жақтырса, енді біреу жақтырмайды. Алыстан арбалап әкелген суымызды апталап, тіпті айлап ішуімізге тура келеді. Сарғайтып сақтап қоямыз. Кішкентай балаларымыз іш ауруынан көз ашпайды. Ауылда сары ауру мен бауыры ауыратындар көп. Бұл әкімдер халықтың мұндай күйін біле ме екен?! Халық қара суға зар боп отырғанда, олар ұялмай телевизордан: «біз дамып жатырмыз» дегенді айтады, – дейді назалана Шәрипа Садықова.

Ауыл халқы көлден алынған судың ішінде құрт-құмырсқаның өріп жүретіндігін, оны сүзіп алып, лай судан амалсыз шәй қайнатып, тамақ жасайтындарын айтады. Жұрт суын ішіп отырған көлді мал да кешіп, шөлін қандырады екен.

Болат Дүйсеқұлов, Елтай ауылының тұрғыны. 29 маусым 2009 жыл.
– Халықтың көрген күні осы. Мен көл суын көршілерден тасимын. Оны есіктің алдына орнату да қымбат. Мал да, жан да осы жерден су ішеді. Плотинаның жанынан өтіп бара жатып, жұрттың суға түсіп жатқанын көріп, көпке дейін ішпей қоямыз. Мал не, біз не – айырмашылығымыз жоқтай. Құрттап, иістеніп кеткен суды ішіп отырмыз. Біздікі – тек өлместің күні, – дейді Елтай ауылының тағы бір тұрғыны Болат Дүйсеқұлов.

Ауылға құбыр тарту жұмысы осыдан 35 жыл бұрын қолға алынғанымен аяғына жетпей жайына қалған екен. Одан бері ұмыт қалған құбырлар әбден іріп-шіріп, тозып біткен дейді жұрт. Ішер суға зәру Елтай халқы мектеп пен емханаға да зар болып отыр. Аудан орталығынан отыз шақырымдай қашықтықта жатқан бұл ауылға телефон байланысы да тартылмаған, жөні түзу жол да жоқ.

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК ЕЛТАЙДЫ СУҒА ҚАРҚ ҚЫЛУҒА УӘДЕНІ ҮЙІП-ТӨГЕДІ


Ауылдағы халықтың азабы жергілікті атқамінерлерге жақсы таныс. Алайда жұртты жұбатумен келе жатқан билік өкілдері осы уақытқа дейін ауылға таза судың жетпегенінен толық хабардар емес екен. Бірақ мал мен адамның бір жерден су ішуі уақытша нәрсе, бұл проблема енді шамалы уақыттың ішінде шешіледі деп сендіруге тырысты билік өкілдері Азаттық тілшісін.

– Бұрын құрылыс басқармасының иелігіндегі жұмыс біздің құзырымызға биыл өтті. Осы уақытқа дейін мәселенің шешілмеуі жайлы айта алмаймын. Елтайда екі су тазартқыш станса құру жоспарда бар. Қазір бұл жұмыс Шардара ауданында жүріп жатыр. Тоғыстың ішуге жарамсыз суы тазартылып, ол жердің халыққа таратылатын болады. Судың сапасы, бөтелкеде сатылатын таза сумен тең болады, – дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Батырша Маханов.

Билік өкілдері елтайлықтарға таза су жеткізу мәселесі алдағы күзге дейін шешіледі деген уәдемен елді жарылқап отыр. Осы уақытқа дейін мұндай 40 станса іске қосылыпты. Жергілікті атқамінерлер оның тиімділігіне көзіміз жетті дегенді айтады.

ОҢТҮСТІКТЕГІ 900 АУЫЛДЫҢ ЖАРТЫСЫНАН АСТАМЫ АУЫЗ СУҒА ЗАР

Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшыларының жүргізген сараптама қорытындысы бойынша, облыстағы 900 елдімекеннің 488-і ауыз су азабын тартып отырғаны анықталған.

Соның ішінде шалғайда жатқан 57 ауылдың маңайында су мүлдем жоқ екен. Жер асты суына зар болған халық ауыз суды басқа аумақтардан тасуға мәжбүр.

Елтай тұрғындары осы Тоғыс су қоймасының лай суын ішуге мәжбүр. 29 маусым 2009 жыл.
Айта кететін жайт, таза суға зар болып отырған аудандардың арасында шипалы суымен бүкіл елге танымал Сарыағаш ауданы мен су қоймасының дәл жанында отырған Шардара және мақталы Мақтаарал аудандары тұр.

Билік өкілдері құбыр өткізу мәселесінің тым көп қаражатты қажет ететінін алға тартады. Әйткенмен бұл проблеманың шешімін табатын кездің алыс емес екенін сөз арасында айтып қояды. Бірер жылдың ішінде Елтай сияқты кенезесі кеуіп отырған ауылдарға таза су тартудың жобасы әзірленеді екен.

– Биылғы жылдың өзінде облыстағы елдімекендерге сапалы ауыз су жеткізу үшін 8 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл соңғы жеті жылдың ішнде бөлінген қаржымен тең. Биыл таза су мәселесіне жете көңіл бөлініп отыр. Құбыр суын жеткізу де алдағы уақыт еншісінде, – дейді ОҚО әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Батырша Маханов.

Ал әзірге қиындықтың шешілер шеті көрінгенше, елтайлықтармен қатар бес жүзге жуық ауылдың халқы қар суы мен көл суын іше тұруға тура келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG