Accessibility links

«Назарбаев, кет!» деп ұрандаған Ермек Нарымбаев төрт жылға түрмеге қамалды


Полиция айдауылы қолына кісен салынған Ермек Нарымбаевты сот залынан алып барады. Алматы, 21 маусым 2010 жыл.

Полиция айдауылы қолына кісен салынған Ермек Нарымбаевты сот залынан алып барады. Алматы, 21 маусым 2010 жыл.

«Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев 40 жасқа толған күні төрт жылға бас бостандығынан айрылды. Оған қарсы қозғалған қылмыстық істі екі күннің ішінде қарап, Бостандық аудандық сотының судьясы Шынар Ерғалиева осындай үкім шығарды.


«БҰЛ – ТАПСЫРЫС БОЙЫНША ШЫҒАРЫЛҒАН ҮКІМ»


Оппозиция белсендісі Ермек Нарымбаевқа қарсы сот процесін Алматының Бостандық аудандық соты едел-жедел екі күннің ішінде қарап бітірді. Маусымның 23-і күні судья Шынар Ерғалиева айыпкер Ермек Нарымбаевты төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Прокурор Нарымбаевты бес жылға түрмеге жабуды сұраған болатын.

– Жалпы режимдегі колония, төрт жыл берді. Бұл тапсырыс бойынша шығарылған үкім! – деді сот залынан шыққан Ермек
Алдыңғы қатарда оң жақтан бірінші – Зоя Нарымбаева, ортада – саясаткер Жасарал Қуанышәлі Ермек Нарымбаевқа шығарылған сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 23 маусым 2010 жыл.
Нарымбаевтың әйелі Зоя.

Ермек Нарымбаевтың өзі бүгінгі сот отырысында болған жоқ. Заң өкілдерінің түсіндіруінше, ол «денсаулық жағдайына байланысты сот үкімін тыңдауға қатысуға құлық танытпаған». Бірақ сотталушының зайыбы Зоя Нарымбаева бұның басқадай себебі болуы мүмкін екендігін айтады.

– Бүгін оның туған күні, ол 40 жасқа толды. Олар Ермектің бұл үкімге қарсы болатындығын, бүгінгі сотқа жиналғандардың наразылығынан қорыққан болуы керек, – дейді Зоя Нарымбаева.

Сотқа процесіне балаларымен келген Зоя, олар әкесін көре алмай кетіп бара жатыр деп көзіне жас алды. Ермек Нарымбаевтың қорғаушылары бүгінгі үкімге қатысты аппеляциялық шағым бермекші. Дегенмен «оның нәтижесі жақсы болатындығына сенбеймін» дейді Зоя Нарымбаева.

«ҰЯТ ЕМЕС ПЕ?» ЖӘНЕ «ҰЯТСЫЗ!»

Айыптаушылардың сөзінше, мамырдың 2-і күні өткен әкімшілік сот барысында Ермек Нарымбаев Алматы қаласының ауданаралық
Бостандық аудандық сотының судьясы Шынар Ерғалиева. Алматы, 23 маусым 2010 жыл.
әкімшілік сотының судьясы Ақнәзік Қоразбаеваға «ұятсыз» деп айтқан. Дегенмен, Нарымбаевтың әйелі Зоя күйеуінің сол сотта айтқан сөзін айыптаушы тарап бұрмалады дейді.

– Судья жабық сот өткізбек болғанда Ермек «ұят емес пе?» деп айтты. Бірақ іс материалдарында «сіз - ұятсызсыз» деп айтты деп көрсетілген, – дейді Зоя Нарымбаева.

Осылайша әкімшілік соттан 15 тәулікке абақтыға қамау жазасын алып шыққан Ермек Нарымбаев полиция көлігіне өзін апара жатқан төрт полиция қызметкерінің екеуіне күш көрсетіп, олардың бірінің иығындағы погоны мен қалтасын жыртып, екіншісіне күш көрсеткен делінген айыптау қортындысында. Бірақ ол уақытта екінші тәулік бойы нәр татпаған Ермек Нарымбаевтың полицейлерге күш көрсетуге шамасы болмаған дейді оппозиция белсендісінің жақтастары.

– Полиция лейтенантының қалай құлағанын ешкім көрген жоқ, себебі, олар Ермекті әкімшілік соттан өзгелерге жолықтырмай, басқа есіктен алып шыққан. Сол сияқты, ұлымның судьяға «тіл тигізгенін» де ешкім естіген жоқ, өйткені оған үкімді шығарғанда сотқа келген
Ермектің әкесі Ерсайын Нарымбаев. Алматы, 23 маусым 2010 жыл.
жұртты ішке кіргізбеді, судья мен полиция есікті жауып алып, өздері ғана болған. Олар осының барлығын жоспарлы түрде «тамаша» атқарып шықты, – дейді Ермектің әкесі Ерсайын Нарымбаев.

Ермек Нарымбаевтың сотына қатысқан бірқатар бақылаушылар бұл істі – саяси іс деп бағалайды.

«Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев биылғы мамырдың 1-інде Алматыда өткен демократиялық күштердің жиынында «Назарбаев, кет!» деп ұрандап, жиынды өткізуге кедергі жасаған полицияның іс-әрекетіне наразылық ретінде аштық жариялаған-тын. Бірақ сол күннің кешінде серіктерімен бірге аштық жариялап жатқан жерінен оны полиция ұстап алып кетті.

Полиция оның үстінен әкімшілік іс қозғап, тәртіп бұзған деп танылған Ермек Нарымбаевты мамырдың 2-і күні Алматы әкімшілік соты 15 тәулікке абақтыға қамау туралы шешім шығарды.

Ал кейіннен қамауда отырған оппозициялық қозғалыс жетекшісіне қарсы тағы екі бірдей қылмыстық іс қозғалды. Бұл жолы оған «сотқа құрмет көрсетпеді» және «полицейлерге қарсыласып күш көрсетті» деген айыптар тағылды. Осы екі айыптау біріктіріліп, мамырдың 14 күні Ермек Нарымбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалған-ды.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG