Accessibility links

Ата-анасы жатақханада тұратын төртемге қандай көмек берерін әлеуметтік орындар білмейді


Есентай Қапар мен Назымгүл Қуанғанның шаңырағына бір күнде төрт егіз қыз қосылды. Алматы, 23 сәуір 2010 жыл.

Есентай Қапар мен Назымгүл Қуанғанның шаңырағына бір күнде төрт егіз қыз қосылды. Алматы, 23 сәуір 2010 жыл.

Жұма күні Алматыдағы Есентай Қапар мен Назымгүл Қуанғанның бір бөлмелі шаңырағында бөбектер қырқынан шығарылды.Төртемнің денсаулықтары жақсы, оларға кеңірек баспана керек дейді дәрігерлер. Жас ата-ананың тұрғылықты жеріндегі билік өкілдері ерекше жаңалықты журналистерден естіген.


КӨКТЕММЕН КЕЛГЕН ТӨРТ АЙША

Жұма күні Алматыдағы Туризм және спорт академиясының жатақханасында тұратын Есентай Қапар мен Назымгүл Қуанғанды ата-ана атандырып, шаңырағын шаттыққа бөлеген төрт бөбек перзентханадан шығарылды. Төрт егіз қыз биылғы жылы наурыздың 9-ы күні Алматыдағы Ана мен баланы қорғау институтының перзентханасында дүниеге келген болатын.

Олардың ең ауыр салмақтысы – 1,5 келі тартса, ең кішісі – 900 грамм болған. Ата-аналары бөбектердің есімдерін Бекайша, Нұрайша,
Дүниеге келген төрт егіз қыз: Бекайша, Нұрайша, Гүлайша және Жанайша Есентайқыздары. Алматы, 23 сәуір 2010 жыл.
Гүлайша және Жанайша деп қойды.

Педиатрия орталығының дәрігері Күлзия Әлмәмбетқызы төртемнің ең кішісінің салмағының ең ауырының салмағына енді жеткендігін айтты.

– Мен осы институтта 35 жыл бойы қызмет атқарып келемін. Міндетім – осындай шала туған егіз балаларды қарау. Өз тәжірибемде 3 егіз балалар болған еді. Ал бірақ, 4 егіз бірінші рет болып тұр, – дейді.

Маман төрт баланың денсаулығының бір қалыпты екендігін және қалыпты түрде өсіп келе жатқандығын айтады.

Егіздердің ата-анасы Есентай Қапар мен Назымгүл Қуанған 2006 жылы Алматыда шаңырақ көтерген екен. Екеуі де бала күндерінде Қазақстанға Моңғолиядан көшіп келіпті. Есентай ата-анасы 1991 жылы Талдықорған облысы Ескелді би ауданы Қайнарлы ауылына қоныс аударғанда 12 жаста болыпты. Мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы Туризм және спорт академиясына оқуға түскен. Балуан.

Қазір осы оқу орнында оқытушы және Алматы қалалық әкімшілігіне қарасты №13 спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Академияның №4 жатақханасындағы аядай ғана бір бөлмеде тұрып жатқан тұңғыш егіз қыздарына әке ерекше қуанышта. Бүгін егіздер осы аядай бөлмеге шығарылды.

БИЛІК ОРЫНДАРЫ БЕЙХАБАР

Есентай Қапар Алматының Алатау ауданына қарасты Өжет ауылында тіркеуде тұр екен. Азаттық тілшісі осы аудан әкімінің орынбасары Маржан Балбаеваға хабарласып, дүниеге жаңадан келген 4 егізге мемлекет тарапынан қандай да бір көмек бола ма деген сұрақ қойған еді. Әкімнің орынбасары бұл жаңалықты алғаш рет естіп тұрғанын айтты.

– Алатау ауданының құрылғанына екі-ақ жыл болды. Осы уақыт аралығында біздің ауданда екі үшем дүние есігін ашқан еді. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов оларға арнайы пәтер кілтін тапсырды. Ал, мына жаңалықты сізден бірінші рет естіп тұрмын. Егер 4 егіз дүние есігін ашқан болса, оларға жайлы пәтер берілуі тиіс. Маған аты-жөнін айтыңыз, білейін, – деді Маржан Балбаева.

Бірден көп бала дүниеге келгенде қандай көмек көрсетілетіндігі жайында білмек мақсатпен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқан едік. Мекеменің баспасөз-хатшысы Алмас Жұмағұлов осы саланың мамандарымен сөйлесіп, қандай көмектер берілетіндігін анықтауға уәде берді.

Алматыда сирек кездесетін төртемнің дүниеге келуіне 40 күннен бері билік орындары тарапынан сұрап-біліп жатқан ешкім болмағанын бөбектерді бақылаған дәрігер Күлзия Әлмәмбетқызы да айтып отыр. Дәрігер балалардың денсаулығына дұрыс күтім болуы үшін бір бөлменің тарлық жасайтындығын айтады.

Ал, Есентай Қапар балалары өмірге келген 40 күннің ішінде Алатау ауданы әкімшілігі мен Алматы қалалық тұрғын үй департаментіне бірнеше рет барғанын айтады.

– Алғашқы 20 күн құжаттарды жинаумен болдым. Өйткені, екеуміздің де 5 жыл бойы тұрған жеріміз, тіркеуіміз және басқа да толып жатқан құжаттар қажет екен. Назымгүл 2006 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Мақаншы ауылында тұрған еді. Сол кездерде бұл ауылмен арада жол жоқ болғаны себепті құжаттар бізге кешігіп жетті. Қазір Алматы қалалық Тұрғын үй департаментіне құжаттарымды толық өткіздім. Ондағылар бізге қалада жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерден пәтер бөлетіндігін айтты. Ол үйлердің құрылысы әлі аяқталмапты. Мамыр айында тұрғын үйлер пайдалануғ берілуі тиіс, ал маусымда кілтін беретіндерін айтып отыр, – дейді Есентай Қапар.

«МЕМЛЕКЕТТЕН ӘЗІР ЖӘРДЕМ ЖОҚ»

Жарық дүниеге келгеніне қырық күннен асса да, төрт баланың тамағына, жаялығына, тағы басқа да керек-қажеттің бәрін отбасы тек өз қаржысына алып отыр екен. Әзірге мемлекеттік орындардан ешқандай көмек көрсетілмепті.

– Әзірге бізге тегін ештеңе беріп жатқан жоқ. Төрт баланың сүті, жаялығы – барлығын өзіміз сатып алып жатырмыз. Менің білуімше,
Дүниеге төрт егіз қыз әкелген ана Назымгүл Қуанған. Алматы, 23 сәуір 2010 жыл.
Қазақстанда 4 егіз түгілі бір баланың өзіне бір жасқа дейін дәрі-дәрмек, жасанды сүт ішетін болса, тамағы тегін берілетін еді. Әзірге ондайды көре қойған жоқпын. Мен үшін балаларымның амандығы қымбат. Сол үшін бақыттымын, – дейді төртемнің анасы Назымгүл Қуанған.

Есентай Қапар енді қаладағы халықты әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдеріне хабарласып, қандай көмек тиесілі екендігін білмекші.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қытайда фабрика жұмысшысы бірден 4 баланы дүниеге әкелгенде, Қытайда көп бала тууға шек қойылатындығына қарамастан, оның сәбилерінің 18 жасқа дейінгі бағым-күтімін үкімет өз мойнына алғандығы жайында баспасөз беттерінде жазылған еді.

Ал, Қазақстанда бір мезгілде көп баланы дүниеге әкелген отбасына көрсетілетін көмектің ең үлкені пәтер берумен аяқталатын көрінеді.

P.S. Азаттық радиосы хабарлаған осындай оқиғалар кезінде бірден қол ұшын ұсынып жататын оқырмандар жиі кездеседі. Олардың ішінде қыжалат ата-аналарға балаларын емдету үшін түрлі қайырымдылық қорларынан қаржы алып беруге өз еркімен атсалысқандар да болды.

Редакциямыз бір күнде төрт Айшаның ата-анасы атанған Қапар отбасының банк есепшоты бар-жоғын білмейді. Бірақ, сіздер бұл жайында толық ақпаратты репортаж авторы Есенгүл Кәпқызынан мына телефон бойынша біле аласыздар - +7 777 705 5799.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG