Accessibility links

ЕҚЫҰ-ның баспасөз жөніндегі өкілі интернет еркіндігін шектегені үшін Қазақстанды сынады


ЕҚЫҰ-ның баспасөз жөніндегі өкілі Дуня Миятович ІХ Еуразиялық медиа форумда. Алматы, 28 сәуір 2010 жыл.

ЕҚЫҰ-ның баспасөз жөніндегі өкілі Дуня Миятович ІХ Еуразиялық медиа форумда. Алматы, 28 сәуір 2010 жыл.

ІХ Еуразиялық медиа форумның жабылуында Дариға Назарбаева бұл форум интернет аясын реттеу жолдарын іздестіреді деді. Жергілікті тәуелсіз БАҚ өкілдері мен ЕҚЫҰ-ның өкілі Қазақстанда интернет еркіндігі шектеліп отырғандығына назар аударды.


САЯСАТ ТУРАЛЫ СҰРАҚ


Ұйымдастырушылар биылғы Еуразиялық медиа форумда Қазақстанның ішкі ісіне қатысты мәселелерді талқылауды жоспарға енгізбегенімен, азаматтық қоғам өкілдері форумдағы шетелдік сарапшылардың назарын республикадағы түйткіл мәселелерге аударуға тырысты.

ІХ Еуразиялық медиа форумның алғашқы күні қоғам белсенділері түрлі сипаттағы наразылық акцияларымен көзге түссе, сәрсенбіде
"Взгляд" газетінің журналисі Екатерина Беляева ІХ Еуразиялық медиа форум қонақтарына сұрақ қойып тұр. Алматы, 28 сәуір 2010 жыл.
форум интернет еркіндігі мәселесін сөз еткенде, қазақстандық «Взгляд» газетінің тілшісі Екатерина Беляева соңғы уақыттары қоғамды жиі алаңдатып отырған сауалды ортаға салды.

– Сіздер саясатты талқыға салуды қаламайсыздар. Бірақ біздің елімізде саясат туралы пікірін айтқысы келетін адамдар бар. Журналистер елдегі жағдай туралы жазғысы келеді. Олар не істеуі керек? – деді қазақстандық журналист.

Бұл сауалды қоймастан бұрын Екатерина Беляева елде балама ақпаратты таратушы бірқатар интернет сайттар DDoS шабуылдарына ұшырап, соның салдарынан жабылып қалып жатқандығын тілге тиек етті.

ЦЕНЗУРАНЫҢ ЕҢ СОРАҚЫ ТҮРІ

ЕҚЫҰ-ның баспасөз жөніндегі өкілі Дуня Миятович, осы сауалға жауап бере отырып, интернетті шектеу әдісін қатты сынға алды.

– Бұл – цензураның ең сорақы түрі және биліктің еркіндікті үрей ретінде қабылдауының көрінісі. Маған жақында ғана тапсырылған қызметіме байланысты, бұл мәселені мен Қазақстан үкіметімен талқылаймын. Оның үстіне, Қазақстан биыл ұйымға төрағалық етіп отыр. Сондықтан мұндайға жол беруге болмайды, – деді Миятович.

Оның айтуынша, халықаралық конвенциялар мен ережелерді орындау міндетін алған мемлекет оларды сыйлауы тиіс.
ЕҚЫҰ-ның баспасөз жөніндегі бұрынғы өкілі Миклош Харашти. Алматы, 28 сәуір 2010 жыл.


ЕҚЫҰ-ның баспасөз жөніндегі бұрынғы өкілі Миклош Харашти демократияға ұмтылған қоғам интернетті шектемеуі тиіс деп есептейді. Оның пікірінше, қазіргі күні интернет көптеген мемлекеттерде плюрализмнің жалғыз ғана бұлағы болып отыр.

– Сөз туралы әңгіме қозғар болсақ, онда пікірдің түрлі бұлағы болғаны жөн. Плюрализм үстемдік құруы тиіс. Сол арқылы адам өзінің үні жеткендігін сезінуі керек. Бұған қоса, адамның саяси таңдау жасау құқығы мен оны жеткізетін саяси алаңы болғаны дұрыс, – деді Миклош Харашти.

ИНТЕРНЕТ – БОЛАШАҚ

Форумда спикер ретінде қатысқандардың ішінде Стамбул Билге университетінің профессоры Яман Ақдениз де бар. Ол әлем елдеріндегі интернет бойынша зерттеу жүргізгендігін, соның нәтижесінде интернет тұтынушылар саясатты ең көп талқылайтындығы анықталғандығын шегелеп айтты.

– Бұл нені білдіреді? Интернет саясиланбайды, бірақ тұтынушылар немесе редакторлар оның мазмұнын саясиландыруы мүмкін. Яғни,
Стамбул университетінің профессоры Яман Акдениз. Алматы, 28 сәуір 2010 жыл.
интернет халықтың белсенді бөлігіне, топтарға саясатқа араласуына көмектеседі, – деді доктор Акдениз.

Ал, Италиядағы Боккони университетінің профессоры Карло Маффе болса интернетті шектеу қазіргі күні мемлекеттің дамуына кедергі келтіреді деп есептейді.

– Мемлекет интернет еркіндігіне кепілдік бермесе, провайдерлердің арасында бәсекелестік болмаса, онда интернет шектеліп, инфрақұрылымға зақым келеді. Менің пікірімше, мұндай жағдайда мемлекет, саяси және идеологиялық мәселелерді былай қойғанда, экономикалық қиыншылықтарға да тап болады, – деді сарапшы.

«МЕДИА ФОРУМ ИНТЕРНЕТТІ РЕТТЕУ ЖОЛЫН ІЗДЕЙДІ»


Карло Маффе медиа форумның төрайымына интернетті реттеуге қатысты ұсыныстарын айтқан екен. Жабылу салтанатында сөйлеген
Еуразиялық Медиа Форумның төрайымы Дариға Назарбаева. Алматы, 27 сәуір 2010 жыл.
Дариға Назарбаева форум интернетті реттеу механизмін дайындау жұмыстарын атқаруы мүмкін деп мәлімдеді.

– Профессор Карло Маффе өте орынды ұсыныс жасап отыр. Ол біздің медиа форумның аясында интернет аясын реттеудің заңды және моральдық-этикалық негіздерін дайындайтын қоғамдық-құқықтық лаборатория құруды ұсынды. Менің пікірімше, мұны біз мақұлдауымыз керек, – деді Дариға Назарбаева.

Төрайым медиа форумның Қазақстанға тигізер пайдасы мол деп есептейді. Назарбаеваның пікірінше, форум арқылы елді таныған кісілер жыл сайын Қазақстанға келетін болады.

Биыл жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері – журналистер форумдағы сарапшылардың пікірталасын теледидардан жеке бөлмеде бақылауға мәжбүр болды. Форум өтіп жатқан залға операторлар мен фотографтар ғана кіруге мүмкіндік алды. Ал жиын өтіп жатқан залға кіріп мәжіліс спикерлеріне сауал қоймақ болған журналистердің жолын есік аузындағы күзетшілер бөгеді (ол туралы төмендегі видеоны қараңыз).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG