Accessibility links

Полиция полковнигі Ғалия Сұлтановаға қатысты мақаланың жаңғырығы


Полиция полковнигі Ғалия Сұлтанова. Ақтөбе, 16 тамыз 2009 ж.
Полиция полковнигі Ғалия Сұлтанова. Ақтөбе, 16 тамыз 2009 ж.

Азаттық радиосының веб-сайтында 2009 жылы тамыздың 20-сы күні Ақтөбе облыстық ІІД-іне қатысты жарияланған материал қызу қоғамдық пікір туғызды. Аталған материалдың негізгі кейіпкері бірнеше айдан соң мақалада келтірілген сөздерді айтқан жоқпын деп танып отыр.


Мақаланың жазылуына түрткі болған оқиға – Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің бұрынғы орынбасары Ғалия Сұлтанованың былтыры шілденің 29-ы күні қызметтен босатылуы еді. Жиырма жеті жыл осы мекемеде еңбек еткен полиция қызметкеріне осы облыстағы тілшіміз жолығып, істің мән-жайын анықтауға тырысқан-ды.

Ақтөбелік тілшіміз қызметтен түскен Ғалия Сұлтанованың бірқатар сөздеріне сілтеме жасаған еді. Бұл мәлімдемені 2009 жылғы қыркүйектің 4-і күні Оралдық «Жұмадағы жүздесу» газеті көшіріп басты.

Арада екі айдан астам уақыт өткенде, 2009 жылғы қарашаның 11-і күні Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті Сұлтанованың атынан жазылған мәлімдемелерге қатысты қалалық сотқа шағым түсіреді. ІІД Азаттықтың ақтөбелік тілшісі Баян Сәрсембинаны, «Жұмадағы жүздесу» газетінің редакциясын және Ғалия Сұлтанованың өзін жоғарыда ашылған азаматтық іске қатысты жауапкер деп тануды сұрайды. Қалалық соттың судьясы Б.Батырханов 2010 жылғы мамырдың 6-сы күні Азаттық радиосын да жауапкер ретінде рәсімдейді. Бұл жөнінде Азаттық радиосына мамырдың 18-інде белгілі болды.

Мақаланың жазылуына себепкер болған Ғалия Сұлтанованың материалда сілтеме жасалған мынадай мәлімдемелерден бас тартып отырғанын хабарлаймыз:

- «Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті бастығының бұрынғы орынбасары, полиция полковнигі Ғалия Сұлтанова осы департаменттің бастығы генерал Патрис Нокинді ішкі істер департаменті қызметкерлері арасында ішкі араздықты тұтандырып, қарамағындағы әйел полицейлерді қудалады деп айыптап, сотқа берді»;

- «ІІД тәртіптік комиссиясының шешімі бойынша, биылғы шілденің 29-ы күні Ғалия Сұлтанова қызметіне лайық емес деген негізбен жұмыстан босатылған»;

- «Сұлтанованың айтуынша, өткен жылдың қорытындысында қылмыстың ашылуына қатысты көрсеткіштерге байланысты Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің жұмысы республика бойынша «қанағаттанарлықсыз» деп бағаланған қызметтік хат келіп түскен. Қылмыс жасағандарды іздестіру және тіркелген қару-жараққа байланысты шұғыл мәжіліс өткізіліп, онда басшылық Сұлтановаға шүйліккен»;

- «Полковник Сұлтанованың мәлімдеуінше, бұл арада басты кінәрат басшылыққа бағынбайтын, тәжірибелі қызметкерлерді ығыстырып шығарып, кәсіби мамандарды кетіру арқылы «өзгелерге орын босату»»;

- «Ішкі істер департаментіндегі босайтын орындарға кезек күтіп тұрғандар көп. Ал, кәсіби біліксіз полицейлер айтқанға көнгіш, олармен «қажетті көрсеткіштер» жасау қиындық тудырмайды. Ақтөбе облыстық ІІД-де басқарма бастығының орны 10 мың АҚШ доллары тұрады, қарапайым полицей болып жұмысқа қабылдану үшін 3-5 мың АҚШ доллары көлемінде пара бермесе, кіргізбейді. Бұл жөнінде өз арамызда айтылып жатады, - дейді Ғалия Сұлтанова».
XS
SM
MD
LG