Accessibility links

Ашаршылық ақиқаты әлі айтылмай отыр


Астанада өтіп жатқан Еуропадағы қауыпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясының жиынына украиндар 1932-1933 жылғы болған аштықтың ұлтқа жасалған геноцид екендігінің халықаралық дәрежеде мойындалуын сұрап, резолюция жобасын ұсынды. Украин тарихшыларының мәліметінше, әртүрлі есептеулер бойынша 1932-33-жылдары елде төрт миллионнан он миллионға дейін украиндар, яғни халықтың 10 пайыздан 25 пайызына дейін аштан қырылған. Қазақстанда да ашаршылық жылдарында миллиондаған адам өлді. Алайда елдегі сарапшылар бұл нәубатқа Қазақстан тарихында әлі күнге шейін саяси бағаның берілмегендігін айтып отыр.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбековтың айтуынша, кеңес билігі жүргізген саясат кесірінен аштыққа ұшырап, миллиондап қырылған украиндар сол жылдардағы өз ұлтының қайғы-қасіретін бүкіл әлемге паш етіп, ашаршылықтың ұлтқа жасалған геноцид екендігін батыл айта алды. Ғалым бұл нәубет қазақ халқын да ойсыратып кеткені жайында деректер келтіреді:

- 1937 жылы жасалған санақ бойынша аштықта қайтыс болғандардың саны 2 миллион 300 мыңның айналасы. Бұл қазақтардың шығыны, ал сол кезде біздің елде тұрған басқа ұлттардан құрбан болғандар саны 100 мыңның шамасында десек, жалпы коллективтендіру кезінде қазақ халқының жартысынан көбі шығынға ұшыраған. Қазақ халқының саны ашаршылық қарсаңында 4 миллион 800 мың адам болған.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ашаршылық тақырыбын зерттеп жүрген Төреғали Тәшенов, ашаршылықтың көптеген елдерде болғанын, 15 елдің парламенті оның Украинаға жасалған геноцид екендігін мойындағанын айтты:

- Қазақтың ресми тұрғыдан мәлімдей алмай, күмілжіп жүрген мәселесін Украинаның саяси элитасы қабырғасынан қойды – отызыншы жылдардың ойранына ойып тұрып саяси баға берді. Коммунистердің қолдан ұйымдастырған ашаршылығын аса үлкен ұлттық апат, украин халқына мемлекеттік масштабтағы мақсатты түрде жасалған геноцид деп бағалады. Украина президенті Виктор Ющенко 2008 жылды ашаршылық құрбандарын еске алу жылы деп жариялады. Ел үкіметіне зиялы қауым мен көпшілік арасында 1932-33-жылдардағы ашаршылықтың 75 жылдығына арналған графикалық эмблемаға конкурс ұйымдастыруды тапсырды. Өз кезегінде елдің Жоғарғы Радасы 30-жылдардағы аштықты украиндықтардың геноциді ретінде мойындаған заң қабылдады. Украина президенті ашаршылықты жоққа шығарғаны үшін елде қылмыстық жауапкершілікке тартуды енгізуді талап етті.

Төреғали Ташенов, ашаршылықтың әкелген зардабын былайша түсіндірді:

- Украиндардың ең асып кеткенде 25 пайызы, ал қазақтың тең жартысы қырылған! Ендеше, бұрынғы КСРО-ның заңды мұрагері ретінде бүгінгі Ресей билігі аштықтан қырылған ұлттардан, соның ішінде қазақ халқы басты орында, ресми түрде кешірім сұрауы тиіс еді.

Қазақ тарихында халыққа зобалаң әкелген екі үлкен ашаршылық болды. Алғашқысы – азамат соғысы жылдары және 1920-1921 жылдардағы ашаршылық. Екіншісі – 1931-1933 жылғы нәубет. Ал Төреғали Ташенов, қазақ халқының саны ашаршылыққа дейін 6 миллион болғандығын, оны тарихшы-ғалымдардың зерттеулерінде кездестіргенін айтты:

- Ашаршылықтың қандай сұмдық зардап әкелгенін білу үшін есепке жүгінелік. 1897 жылы өткен Ресей империясындағы халық санағының ресми статистикасы бойынша, өзбектің саны 1 млн 690 мың, ал тәжіктің саны 350 мың болыпты. Ал сол кезде қазақтың саны 4 млн 84 мың адам болған. Ал содан тура 100 жыл өткенде қазақтың саны 9 миллионға әзер жетті. Аштықтан қырылмағанда, қазақтың саны дәл бүгін 40 миллионнан асуға тиіс еді.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, соңғы кездері саяси қырғын да, ашаршылық та өз дәрежесінде аталмай, көмескіленіп барады дейді:

- Кеңес Одағының құрамындағы елдердің арасында ашаршылық кезінде украиндар, қазақтар және Кубан, Еділ бойының казактары көп қырылды. 1926-1936 жылғы санақ бойынша 3-4 миллион қазақтың біразы қырғынға ұшыраса, біразы басқа елге кетіп, жапа көрген.

Қазақстан сияқты Украина да ХХ ғасырда басынан үш алапат аштықты өткерген – 1921-1923, 1932-1933 және 1946-1947 жылдар. Аштық тек аталған екі елде ғана емес, Белоруссия, Кубан мен Поволжье, Солтүстік Кавказ, Орал, Қырым, Батыс Сібірдің жартысы, Орта Азияны қамтығаны белгілі.

Ресейліктердің ресми мәліметі бойынша, Ресейде алты миллиондай адам, Қазақстанда бір миллион адам аштық құрбандары болған.
XS
SM
MD
LG