Accessibility links

Досқалиевке қатысты ақпараттық соғыста қаржы полициясының уәжі үстем шықты


Жақсылық Досқалиев, Қазақстанның денсаулық сақтау министрі
Жақсылық Досқалиев, Қазақстанның денсаулық сақтау министрі

"Дәрігерлер Досқалиевке жалған диагноз қойғандарын мойындады" деп мәлімдеді қаржы полициясы. Қазанның 2-сі күні Астананың Сарыарқа аудандық соты Досқалиевті 10 күнге қамауға алу туралы шешім шығарды.


"ЖАЛҒАН ДИАГНОЗ"

Дүйсенбі күні қаржы полициясы Досқалиевті қараған дәрігерлердің министрге жалған диагноз қойғанын мәлімдеді. Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбайдың айтуынша, дәрігерлер Досқалиевтің өтініші бойынша оның сырқатын ұлғайтып көрсеткен. Қаржы полициясы дәлел ретінде Ұлттық ғылыми медициналық орталық директорының орынбасары Әлімбек Мұстафин түскен бейнежазбаны ақпарат құралдарына көрсетті.

- Сіздердің назарларыңызға Мұстафиннің биылғы қазанның 2-сі берген жауабының бейнежазбасы ұсынылады. Бейнежазбадан Мұстафиннің берген жауабы Досқалиевтің істі объективтің тергеуге бөгет жасау мақсатында ауыр науқасты қасақана симмуляциялағандығын растайтынын көреміз. Осындай жауапты басқа да дәрігерлер берді, олар өздерінің алғашқы жауаптарының жалғандығын мойындады, - деді Мұрат Жұманбай қазанның 4-і күнгі брифингте.

Бұған қоса, қаржы полициясы Досқалиевтің ес-түссіз жағдайда болмағанын қазанның 2-сі күні өткен дәрігерлер консилиумы да құптағанын айтты. Қазір орталық дәрігерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған.

- ҚР Қылмыстық кодекстің 339-бабына сәйкес олар 3 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін, - деді қаржы полициясының тергеу департаментінің бастығы Нұрлан Ауғанбаев қазанның 4-і күнгі брифингте.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Досқалиевтің денсаулығына қатысты қаржы полициясы мен дәрігерлер арасында қарама-қайшы пікір туындаған болатын. Қаржы полициясы Досқалиевтің қатты науқас емес, мұны қылмыстық жауапкершіліктен бұлтару үшін жасап отыр десе, дәрігерлер оны жоққа шығарып, тәуелсіз сараптама жасауды ұсынған еді.

Осы мәселеге қатысты Азаттық тілшісі Ұлттық ғылыми медицналық орталық мамандарына хабарласқанымен жауап ала алмады. Орталық директорының орынбасары Әлімбек Мұстафин телефонды алғанмен, түсініктеме беруден бас тартты.

– Ешқандай түсініктеме бермеймін! Ешкіммен сөйлескім келмейді. Кешіріңіз! – деді Әлімбек Мұстафин.

ҚАМАУҒА АЛУ

Қазанның 4-і, дүйсенбі күні қаржы полициясы соттың Досқалиевті 10 күн қамауға алу туралы шешім шығарғанын растады. Шешім қазанның 2-інен бастап күшіне енген. Олардың айтуынша, Досқалиевтің шынайы денсаулығына қатысты қаржы полициясы ұсынған бейнематериалды №2 Сарыарқа аудандық сотының судьясы Галина Былкилова қарап шыққан. Сөйтіп, «денсаулық жағдайының ауыр көрінісін жасау арқылы материалды сотта объективті қарауға және істі тергеуге бөгет жасауға әрекеттенген» деп қорытынды жасаған.

Қаржы полициясының айтуынша, қазір Досқалиев ауруханада жатыр. Оның палатасына күзет қойылған.

– Досқалиев тұрақты гипертониямен ауыратындықтан, қаржы полициясы органдарымен оған осы клиникада маманданған медициналық көмек көрсету шаралары қабылданды, – деді Мұрат Жұманбай.

"МИНИСТР ЕСІН ЖИДЫ"

Қазанның 4-і күні «Новости-Казахстан» агенттігі министрдің ес жиғанын хабарлады.

– Досқалиев есін жиды. Тілге келе бастады. Су жұта алатындай жағдайға жетті, - деді орталық директоры Абай Байгенжин.

Біз бұл мәселеге қатысты өткен аптада бір топ депутаттың атынан Бас прокуратураға сауал тастаған мәжіліс депутаты Марал Итеғұловқа хабарласқанымызда көмекшісі оның орнында жоқтығын, түскен кейін іс-сапарға кететіндігін айтты.

Ал сенатор Ғани Қасымовқа хабарласқанда мынадай жауап естідік.

– Қазір 23 депутат Бас прокуратурадан істің мән-жайын анықтап беруді сұрап жатыр. Ешкім ештеңе білмейтін айып туралы бас прокурор не дейді, жалпы прокуратура не айтады? Соны күтіп отырмыз. Тек құқық қорғау органдарының интерпретациясы ғана бар. Болжап не керек?! – деді Ғани Қасымов.

Қыркүйектің 21-інде қаржы полициясы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің үстінен қылмыстық іс қозғап, осы айдың 25-інде бұл жалпыға жария болған. Қаржы полициясы оны Қылмыстық кодекстің 308-бап, 4-бөлімі бойынша, яғни өз қызметін асыра пайдаланды деп айыптап отыр.
XS
SM
MD
LG