Accessibility links

Қаржы полициясының өкілеттігі күшейтіліп, жемқорлық туралы хабарлағандар сыйақы алатын болды


Мемлекеттік әнұран айтып тұрған қаржы полициясының басшылығы: агенттіктің бұрғынғы төрағасы Сарыбай Қалмырзаев (ортада), қазіргі басшысы – Қайрат Қожамжаров (оң жақта). Агенттіктің сайтындағы сурет.

Мемлекеттік әнұран айтып тұрған қаржы полициясының басшылығы: агенттіктің бұрғынғы төрағасы Сарыбай Қалмырзаев (ортада), қазіргі басшысы – Қайрат Қожамжаров (оң жақта). Агенттіктің сайтындағы сурет.

Президент Назарбаев қаржы полицейлерінің қызметтік өкілеттіктерін кеңейтіп, қосымша мүмкіндіктер беретін жарлық шығарды. Ал осы кезде елде белең алған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды науқанның жоғары дәрежелі алғашқы құрбандары қылмыстық істің томдарымен таныса бастады.

«БҰНДАЙ ЖҰМЫС БҰРЫН ДА ЖҮРГІЗІЛГЕН, ТЕК ЖАРИЯЛЫ БОЛМАЙТЫН»

Осы аптада қаржы полицейлері қоршаған ортаны қорғау экс-министрі Нұрлан Ысқақовқа қатысты тергеудің аяқталғанын хабарлады:

«Біз тергеуді бітірдік. Осы аптаның дүйсенбісінде бұрынғы министр Ысқақовқа тергеудің аяқталғаны туралы хабарланды. Енді, қазіргі уақытта, іс материалдарымен айыпталушы және оның қорғаушылары танысуда. Олар танысып біткен соң іс прокуратураға беріліп, одан ары сотқа жолданады», - деді сәуірдің 23-інде арнайы шақырылған баспасөз мәслихатында экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Қожамжаров..

Кейінірек белгілі болғандай, тергеу органдары қоршаған ортаны қорғау министрінің бұрынғы орынбасарлары Әлжан Брәлиев пен Зейнолла Сәрсембаевтарға қатысты тергеуді де аяқтаған.

«Барлық айыпталушылар бір іс бойынша өтуде. Сондықтан біз оны әр фигурант бойынша бөлек-бөлек тергей алмаймыз. Сол себепті бір процессуалдық шешім қабылданып отыр», – деп хабарлады Азаттық радиосына сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік баспасөз қызметінің жетекшісі Дәмежан Есімбекова.

Подполковник Есімбекова іспен танысу қанша уақытқа созыларын білмейді. Ол қосымша былай деді:

«Тергеуші танысу кестесін жасайды. Осыған сәйкес айыпталушылар мен олардың қорғаушылары өтініш бере алады. Бұның барлығы уақыт алады. Бірақ, бұл процесс қаншаға созылса да, ерте ме, кеш пе, олар айыпты мойындай ма, жоқ па, оған қарамастан қылмыстық іс прокуратураға жолданады».

Соған қарамастан, тағы бірқатар жоғары дәрежелі адамдар Астананың тергеу абақтысында және үйқамақта бастарына тағдырдың салғанын күтіп отыр. Олардың барлығы соңғы екі айдың ішінде қаржы полицейлерінің белсенді жұмыстарының нәтижесінде тұтқындалды. Тұтқындалғандардың көпшілігі – Астана қаласы әкімі аппаратының басшы қызметкерлері.

Олардың аттарын жай ғана тізіп шығудың өзі біраз орын алса да, бұларды тұтқындалу реті бойынша атап көрейік: құрылыс департаментінің басшысы Асқар Нұрмағамбетов, денсаулық сақтау департаментінің бастығы Темірлан Кәрібеков, Астана қаласы тұрғын үй департаментінің директоры Ерікболат Қабылдин және оның құрылымдық бөлімшесі «Квартирное бюро» АҚ-ның жетекшісі.

Тұтқындалған жоғары шенділердің тізімі осымен шектеліп қалмайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі су шаруашылығы комитетінің бастығы Анатолий Рябцев денсаулық жағдайына байланысты үйқамақта отыр. Су шаруашылығының ардагерін қызмет бабын асыра пайдаланып, мемлекеттік сатып алу арқылы бюджет қаржысын қымқырды деп айыптап отыр. Дегенмен, мұндай стандартты айыптаулар басқа да барлық шенеунік-фигуранттарға тағылған.

Осы жерде қазақстандықтар соңғы айларда жиілеп кеткен жоғары дәрежелі адамдардың тұтқындалуы мен қаржы полициясы қызметкерлерінің белсенділігін немен байланыстырарын білмей дал болуда. Бұдан бұрын Азаттық радиосының «бұл кездейсоқтық па, әлде жоғарыдан түсірілген кезекті науқан ба» деген сауалына қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай шамамен былай деп жауап берді:

«Бұл ешқандай науқан емес, қаржы полициясының мақсатты жұмысы! Тек біз бұрынғыға қарағанда ашығырақ жұмыс істеп, брифингтер өткізіп, қылмыстық істерді жарияға шығара бастадық... Ал, былайша айтсақ, мұндай жұмыс бұрын да жүргізіліп келген!»

Содан соң залдан қойылған: «Тағы кімдердің артын қазып жатырсыңдар?» деген сұрақтан соң күлгендер болды. Жұманбай бұл сұраққа: «Біз ештеңе де қазбаймыз» деп жауап берді.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙЫНДА СӨЗ ЖЕТКІЗГЕНДЕРГЕ ЕНДІ СЫЙАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ

Президент Н.Назарбаев сәуірдің 23-інде «Қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мен Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау қызметін одан ары жетілдірудің қосымша шаралары» туралы Жарлыққа қол қойды.

Заңның басқа нормаларымен бірге «мемлекеттік қызметшіге, оған белгілі болған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы туралы, ол жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшылығына немесе құқық қорғау органдарына мәлімдеу міндеті» енгізілді.

Бұл міндетті орындамаған мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп күдіктенген әріптестерін «сатуы» тиіс. Өйтпеген жағдайда, тәртіптік тұрғыда болса да, онымен бірге өзі де жауапқа тартылады.

Ал қатардағы қазақстандықтарды бұлай сөз тасығаны үшін сыйақылар күтіп тұрады. Жоғарыда аталған заңда былай деп тайға таңба басқандай жазылған: «Азаматтардың, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жолын кесуге және ашуға көмектесуге бағытталған, жемқорлыққа қарсы әрекетін ынталандыратын шараларды қарастыру керек».

Шынын айтсақ, Астанадағы брифингте сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің төрағасы Қайрат Қожамжаров «сыйақы мөлшері қанша және бұл мақсатқа бюджетте қандай сома қарастырылған?» деген сұраққа жауап бере алмады. Қожамжаров бірнеше мәрте «білмеймін!» деп қайталады.

Бұның орнына ол өзінің бағыныштылары үшін заңмен қосымша қандай ынталандырулардың болатыны жайында айтқанды жөн көрді. Бұл құжатпен ҚР экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттіктің өкілеттігі недәуір кеңейтіледі.

Жарлыққа сәйкес «тек қаржы полициясы тергейтін бірқатар бұрынғы істермен қатар «Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» және «билігі мен қызметтік өкілеттігін арттыру» сияқты қылмыстық істер де тек қаржы полициясында тергелетін болады. Бірақ бұл жерде «Пара алу» бабы бойынша қылмыстық істі ұлттық қауіпсіздік органдарымен балама түрде тергейді.

Бұдан бөлек, құжатта құқық қорғаушыларды материалдық жағынан ынталандыру көзделген:«Республикалық бюджет қаржысы шеңберінде, қамтамасыз ету функцияларын атқаратын қызметкерлерге қарағанда негізгі функцияларды атқаратын құқыққорғау органдарының қызметкерлеріне жоғарырақ деңгейдегі жалақы белгілеуге қатысты шаралар қабылдансын», - деп жазылған жарлықта.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG