Accessibility links

Сомалиде футболдан әлем чемпионатын тамашалағандар өлім жазасына кесіледі


Сомали тұрғындары футболдан әлем чемпионатының ашылуын теледидардан тамашалап отыр. Могадишо, 11 маусым 2010 жыл.

Сомали тұрғындары футболдан әлем чемпионатының ашылуын теледидардан тамашалап отыр. Могадишо, 11 маусым 2010 жыл.

Футбол ойынын көргені үшін Сомали азаматтарының өміріне қауіп төнеді. Футболды исламға қарсы деп санайтын жаугерлік топтар өздері енгізген тыйымды бұзғаны үшін биылғы әлем чемпионатын тамашалаған екі жанкүйерді өлтірді.


Биылғы әлемдік футбол додасын тамашалау Сомалидегі футбол жанкүйерлерінің өміріне қауіп төндіретін қиын мәселеге айналды. Оған себеп, Сомалидің басым бөлігін бақылауда ұстап отырған исламшыл жаугерлік топтар футбол ойынын «шайтанның қылығына» теңеп, оны тамашалағандарды қатаң жазалайтындарын ескертті. Тек ескертіп қана қойған жоқ, айтқандарын іске асыра бастады.

Хабарларға қарағанда, маусымның 12-і күні қарулы адамдар тұрғындардың үйлеріне рейд жүргізіп, әлем чемпионатындағы ойындарды тамашалаған екі адамды өлтіріп, отыздан астам адамды, оның ішінде 15 жасар баланы қамауға алған.

Бұл Сомалидегі футбол жанкүйерлерінің өмірін қиындатып отыр. Биылғы әлем чемпионаты Оңтүстік Африкада өтіп жатқандықтан африкалықтар футбол ойындарын ерекше мақтанышпен тамашалап отыр.

Сомалидегі футбол жанкүйері бүлікшілер келіп қалмас па екен деп, әлем чемпионатын жасырынып көреміз, көздің қиығымен есікке қарап отырамыз дейді.

Футболдан Сомалидің ұлттық жасөспірімдер командасының капитаны 15 жастағы Махад Мохаммед Хажжи Африка одағының бітімгершілік күштері қорғайтын қалада тұратындықтан өзінің әлем чемпионатын еркін тамашалайтынын айтты. Бірақ жанкүйерлердің барлығы бүлікшілердің әрекеттерінен қорқады дейді Махад.

«Біз Африкамыз. Мен әлем чемпионатында Африканы қолдаймын. Биыл мен өте бақыттымын. Бірақ бүлікшілер адамдарға футбол ойындарын тамашалауға тыйым салып отыр. Біз тұрған жерде жағдай жаман емес. Оңтүстік Африкада өтіп жатқан ойындарды біз күнде тамашалаймыз», – дейді Махад.

Маусымның 11-і күні исламшыл жетекші Шейх Абу Яхия Әл Ирақи әлем чемпионатын тамашалауға енгізілген тыйымды жақтады.

«Футбол ежелгі христиан мәдениеттерінен қалған, біздің исламшыл әкімшілігіміз әлем чемпионатын тамашалауға ешқашан рұқсат бермейді», – деді Шейх Абу Яхия Әл Ирақи.

Сомалидің спорт жаңалықтары жөніндегі ассоциациясының жетекшісі Шафи Мохяддин Абокар ойындарды жасырын тамашалайтын сомалиліктерге не болатынын былайша түсіндірді:

«Могадишодағы бір үйде жасырынып әлем чемпионатын көріп жатқан адамдарға бүлікшілер шабуылдап, қабырғадан секіріп кетпекші болған екі баланы атып өлтірді, 10 адамды тұтқындады».

Сомалидің өтпелі федералды үкіметі бұл зорлық-зомбылықты айыптап, Сомали азаматтары ойындарды қорықпастан тамашалауы тиіс деп атап көрсетті.

Ал Абокар қамауға алынған 30 адамның тағдырына алаңдайтындығын айтты.

«Тұтқындалғандарға бүлікшілердің не істейтінін біз білмейміз. Әлем чемпионатындағы ойындарды тамашалап жатқан кезде қамауға алынған азаматтар исламшылдар абақтысында отыр. Оларға туыстарын жібермей жатыр. Тұтқындалған жанкүйерлер қандай жағдайда екенін білмейміз», – дейді Абокар.

Сомалидің екі жетекші исламшыл тобы – «Хизбул Ислам» мен «Әл Шабаб» өздері бақылайтын аймақтарда шариғат заңдарының қатаң талаптарын енгізген. Исламшыл топтар футболды «шайтанның ісі» деп қарастырып, оны тамашалауға тыйым салды.

2007 жылы Эфиопия күштері исламшыл режимді елден қуды, бірақ соңғы жылдары исламшыл бүлікшілер елдің басым бөлігіне бақылау орнатты. Бұл елде жалғасып жатқан зорлық-зомбылық әрекеттерінен ондаған мың азамат қаза болды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG