Accessibility links

Ағылшын командасы алдағы ойында Қазақстан құрамасын ұтатындығына сенімді


6 маусымда, Алматыда, Қазақстан мен Англияның құрамалары кездесіп, футболдан әлем біріншілігінің іріктеу ойынын өткізеді. Әлем чемпионатының финалдық ойындары келесі жылы Оңтүстік Африка Республикасында, маусымның 11-і мен шілденің 11-і аралығында өтеді деп жоспарланған.

ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАБЫ ЖЕТІҢКІРЕМЕЙ ТҰР

Англияда жарық көретін «Таймс» басылымы ағылшын құрамасының күшті ойыншысының бірі Майкл Керриктің жарақат алуына байланысты алдағы ойынға қатыспайтынын жазады. «Манчестер Юнайтед» клубының жартылай қорғаушысы болып табылатын бұл ойыншы өткен аптада чемпиондар лигасы жарысы барысында Римде өткен «Барселонамен» «Манчестер Юнайтед» арасында болған ойында аяғын жаралап алған.

Басылым алдағы ойында Англияның Қазақстанды оп – оңай жеңуі мүмкін екенін айтады. 27 жастағы Керриктің орнына ағылшын құрамасы бапкері Фабио Капелло «Астон Вилла» клубының жартылай қорғаушысы Джеймс Мильнерге ойынға қатысуды ұсынбақшы. «Ай-Ти-Ви» интернет сайты да Қазақстанның ағылшын ұлттық командасы үшін қатты қарсылас болмайтындығына күмән келтірмейді.

Ал «Айриш Ньюс» болса, Англия ұлттық құрамасының қорғаушылары Рио Фердинанд пен Эшли Коулдың маусымның бірінші жұлдызында өткен ұлттық құраманың жаттығуларына тіпті қатыспағандығын тілге тиек етеді. Себебі, дейді басылым, Қазақстан елі командасы ағылшындардың әлем біріншілігіне жолдама алуына сонша бір күшті бөгет бола алмайды.

Қазақстан құрамасының әлсіздігіне анық сенімді екені сонша, Англия ұлттық құрамасы бапкері алдағы Алматыда болатын ойынға қатыстыру үшін «Манчестер Юнайтедтің» қорғаушысы, 34 жастағы ардагер ойыншы Гэри Невилді алдыртқалы отыр.

БиБиСи жаңалықтар корпорациясы Невилдің «Манчестер Юнайтедте» қартаюы себепті енді басты оң қаптал қорғаушысы рөлін атқармайтынын және ағылшын құрамасы сапында соңғы рет екі жыл бұрын, Испания ұлттық командасына қарсы кездесуде ойнағанын тілге тиек етеді.

Қазақстан УЕФА – ның (Еуропа футбол ассоциациялары одағының) 6 іріктеу тобында бақ сынасып жүр. Бұл топта Қазақстаннан бөгде 5 ұлттық құрама әлем біріншілігіне жолдама алу үмітімен күш сынасуда. Топтағы командалар арасынан жолдама алуға басты үміткер ретінде шолушылар Англия құрамасының атын жиі айтады.

Қазақстан мен ағылшын құрамасы арасындағы матч қарымта ойын болмақ. Былтыр қазан айының 11 жұлдызында Англияда өткен бірінші ойында Қазақстан командасы Англия құрамасынан 5:1 есебімен ойсырай ұтылып қалды. Қазақстан қазір өз тобындағы ең соңғы орынның бірінде.

Және, шындығын айтқанда, ЮАР – да өтетін әлем чемпионатына баруға мүмкіндік беретін жүлделі орынды Қазақстанның жеңіп алуының ықтималдығы аз болып отыр. Алдағы матчта да Қазақстан командасына ағылшындардың тегеурініне төтеп беру қиын болатын түрі бар деп әлден – ақ айтуға болатын тәрізді.

Ағылшын командасы әлемдегі ең саңлақ құрамалардың бірінен саналса, бүгінде дүниежүзілік футбол құрама командалары арасында Қазақстан командасы өз рейтингі бойынша 131-ші орын алып отыр. Англия Еуропа чемпионаттарында 1968 және 1996 жылдары екі мәрте жартылай финалға дейін барған.

Ол сонау 1968 жылы тіпті аталған құрлық біріншілігінде үшінші орынды ұтып кетіпті. Ал әлем чемпионаттарында ағылшын командасы 1990 жылы жартылай финалға дейін барып, 4 – орынды жеңіп алса, 1966 жылы дүние жүзі бойынша барша ұлттық футбол құрамаларынан басым түсіп, әлем чемпионы атанған екен.

ФУТБОЛ – ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ХОББИ

Футбол Қазақстан спорт жанкүйерлері ең көп тамашалайтын спорт түрінің бірі болып табылатындықтан, енді спорттың осы түрі жайлы біраз мәлімет келтіре кетелік. ФИФА немесе Дүниежүзілік футбол ассоциациясы федерациясының қатарына әлемнің 208 мемлекеті мүше боп кіреді.

Бір таң қалдырары, ФИФА-ға мүше мемлекеттер саны Біріккен ұлттар ұйымына мүше мемлекеттер санынан 16 мемлекетке асып кетеді екен. Статистика мәліметі бойынша, футбол әлемдегі адамдар ең сүйіп тамашалайтын спорт түрі болып табылатын көрінеді.

Мысалы, ұлттық құрамалар әлем чемпионы атағына ие болу үшін өзара бақ таластыратын әлем біріншілігінің финалдық матчын әдетте – тікелей стадионда отырып және теледидар арқылы – дүние жүзінде бір мезетте 1 миллиардтай адам бақылайды.

Ұлттық футбол лигалары чемпионатының матчтары ойналатын стадиондар спорт ғимараттары арасынан көрермен ең көп сиятын ғимараттар боп есептеледі. Мәселен, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы «Маракана» немесе «Марио Фильо» стадионына бір мезетте 210 мыңнан астам көрермен сиып кетеді.

1950 жылы, шілденің 16 жұлдызында болған Бразилия мен Уругвай ұлттық құрамалары арасындағы футбол тартысын бұл стадионда осыншама халық тамашалаған көрінеді.

ФУТБОЛ – ҮЛКЕН БИЗНЕС

Еуропадағы ұлттық чемпионаттар лигаларының, құрылықтық халықаралық түрлі кубоктық турнирлердің (мәселен, УЕФА кубогы, Чемпиондар лигасының кубогы т.б.) және әлем чемпионаттарының ойындарын өткізумен қатарласа жүретін жарнама, трансляциядан басқа қызмет көрсетудің өңге де түрлерінен бизнесмендер қыруар ақша табады.

Мысалы, кейбір танымал мультимиллионерлер мен миллиардерлер есімдерінің әлемнің түрлі мемлекеттері – соның ішінде Англия – чемпионатының футбол ойындарымен бірге дүркіреп, ел құлағын шулатып отыратыны тегіннен – тегін емес.

Бұл «доп додасы» атты қызу кәсіпкерлік майданында Таксин Шинаватрадан (2006 жылы төңкеріс себебінен биліктен кеткен Таиландтың бұрынғы премьер – министрі) бастап, миллиардерлер Лакшми Миттал (Қазақстандағы Қарметкомбинат» иесі) мен ресейлік мұнай магнаты Роман Абрамовичтің де бизнеспен айналысып жүргеніне куә болуға болады.

Осылардың соңғысы 2003 жылы Англияның ұлттық лигасындағы ең күшті команданың бірі «Челси» ойын клубын сатып алған еді. Оның аталған командаға 2003-2008 жылдар аралығында құйған қаржысы 600 миллион фунт стерлингтен асып кеткен.

Бүгінгі айырбас бағамы бойынша бұл сома шамамен 990 миллион АҚШ долларына пара–пар келеді. Бұл цифрлар Британия экономикасының аталған саласының даму дәрежесі, жалпы Батыстағы спорт индустриясы инфрақұрылымының жетілуі деңгейі жөнінде байқампаз адам қаперіне көп мәлімет бере алады.

Қазақстан құрамасы осыншама деңгейде дамыған спорт жүйесі аясында күшін жаттықтырып, сайдың тасындай мықты ойыншылардан іріктелген командаға лайықты қарсылық көрсете ала ма? Бұл сауалға бірден «иә» деп жауап беру қиын.

ПЕЛЕ – ФУТБОЛ ПАТШАСЫ

Футбол жанкүйерлері аты бүкіл әлемге әйгілі «футболшы - жұлдыздар» ойынын ерекше сүйсініп, тамашалауға жандары құмар. Ол «жұлдыздар» ішінде ең әйгілісі Пеле (нағыз аты - Эдсон немесе Эдисон Арантес до Насименто) боп саналады.

Ол өз табиғи дарыны арқасында әлемнің барша түпкіріне даңқы асып, дүниежүзілік деңгейде алдына жансалмаған нөмір бірінші футбол шеберіне айналды, сонымен қатар өзінің маңдай тері мен спорт өнері арқасында миллиондаған доллармен есептелетін байлыққа қол жеткізді. «Футбол патшасы» деп аталып кеткен Пеле аяқдоп ойыны бойынша әлемдегі жалғыз үш дүркін чемпион болып табылады.

Кедей отбасында туған Пеле бала кезінен бастап, футболды сүйіп өсті. «Мен -Пеле» атты өз өмірбаянын суреттейтін автобиографиялық кітабында Эдсон сәби кезінде достарымен бірігіп, доп алуға ақша болмаған соң, шұлыққа гәзитті умаждап тығып, оны жіппен шандып матап, доп етіп қуғандарын жазады.

Жұмыстан әдетте кеш боп кеткен уақта қайтатын ата-анасы Пеле доп қуып, ойын соңына кететіндіктен оны іздеп әуреге түседі екен. Пеленің әкесі де кезінде футболмен әуестеніп, тіпті кәсіпқой ойыншы болуды армандапты, алайда жолы болмаған.

Әкесінің бұл арманын шешесі де білген. Пелені ойын алаңында тапқан әкесі де әдетте Пелемен бірге доп қуып, ойын ойнап кетіп отырған. Әрине, ара – арасында баласына қалай қарсыласты алдап, қақпаға допты дәл тоғытуды да үйретіп отыруды ұмытпапты.

Соңынан күйеуі мен баласын іздеп, өздері тұратын Сан Пауло қаласының кедейлер мекендейтін «Бауро» кварталының көшелерімен көп сарсылған Пеленің анасы оларды футбол алаңынан тапқанда, ашу – ыза мен күйініштен: «Ей Дондиньо, егер мынау да футболшы боп кетсе, онда өзіңнен көр!», - деп айқайлайды екен. Спортшылар арасында Пеленің шешесінің осы сөздері кейіннен қанатты сөз боп кетіпті.

Дегендей-ақ, Қазақстан құрамасы өз тобының аутсайдері екені қазірден белгілі болса да, мұндағы футбол жанкүйерлеріне көп қайғыру жөн емес. Егер Қазақстанда да дарынды, маңдай терін төгіп, жанын салып еңбектенуге даяр футболға қабілетті жандар табылып жатса, олардың келер уақтарда ел даңқын әлемге асырмасына кім кепіл!
XS
SM
MD
LG