Accessibility links

«Фридом хауз» авторитарлық жүйені сынады


Оппозиция белсенділерінің сотында. Aлматы. 2 мамыр 2010 жыл

Оппозиция белсенділерінің сотында. Aлматы. 2 мамыр 2010 жыл

Халықаралық ұйым Қазақстанды демократиялық үрдістері кері кеткен, авторитарлық мемлекет ретінде сипаттады. Демократиялық дамуға қатысты жылдық баяндамасында «Фридом хауз» ұйымы Қазақстанға бірқатар маңызды көрсеткіштер бойынша теріс баға беріп отыр.


ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕГРЕССИЯ ЕЛДЕРІ

Адам құқықтарын қорғайтын «Фридом хауз» халықаралық ұйымы сейсенбі күні өтпелі кезеңдегі 29 мемлекеттегі, соның ішінде постсоветтік кеңістіктегі демократиялық үрдістерге қатысты жылдық баяндамасын жариялады. Зерттеу авторлары соңғы он жылдағы жағдайға талдау жасай келе, бұрынғы Совет Одағының елдері демократиялық регрессияны басынан кешіп жатыр деп түйеді.
Халықтың жүйе түрлері бойынша бөлінісі.


Баяндамада Қазақстандағы демократиялық үрдістердің тежелгендігі туралы сөз болды. Атап айтқанда, Қазақстан халықаралық ұйымның жеті бағамының үшеуінде - азаматтық қоғам, баспасөз бостандығы, құқық және еркіндік бағамдары бойынша теріс бағаланды. «Фридом хауз» баяндамасында зерттелген мемлекеттердің бірқатарында интернет бостандығы шектелді деп атап көрсеткен. Солардың ішінде Қазақстан да аталып отыр.

«Фридом хауздың» зерттеулер бойынша директоры Кристофер Уокер бұл туралы былай деп жазды: «Қазақстан БАҚ туралы заңдарын ЕҚЫҰ алдындағы уәделеріне сай жақсарта алмады және зерттеу жүргізген журналистерді қудалау әрекеттері елдегі сөз еркіндігін одан сайын тұншықтырып отыр».

ЖОВТИС – ЕРКІНДІК ҮШІН КҮРЕСКЕН ДИССИДЕНТ

Ұйым өкілі қазақстандық адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтисті еркіндік үшін күресуші диссидент ретінде бағалайды. «Евгений Жовтис, Аднан Хаджизаде, Эмин Милли, Эйнулла Фатуллаев және Сергей Магницкий тәрізді көпшілікке танымал болмаса да, бұрынғы Совет Одағы елдеріндегі қылмыстық жүйенің қатаң жазалауына ұшыраған азаматтардың тағдырын шетелде жақсы түсінуі керек. Қазақстан, Әзірбайжан және Ресейдегі қазіргі заман диссиденттерін қудалау бұл аймақтағы демократия мен заңның жағдайы туралы ащы шындықты көрсетіп тұр» делінген баяндамада.

Қазақстандағы Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис жол ережесін бұзып кісі өліміне себепкер болды деген айыппен 2009 жылы қыркүйектің 3-і күні төрт жылға бас бостандығынан айырылған болатын. «Осы және басқа да факторлар бұл елдегі сот жүйесі әділдігіне қатысты бағаның төмендеуіне түрткі болды» деп жазады «Фридом хауз».

Ал америкалық Foreign Policy журналы жақында ғана Жовтисті әлемнің әйгілі диссиденттері тізіміне енгізген еді.

АВТОРИТАРЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ АТЛАСЫ

«Фридом хауз» ұйымы «қырғи-қабақ соғыстың» аяқталғалы 20 жыл өтсе де, бұрынғы Совет Одағы аумағында халықтың 80 пайызға жуығы – шамамен 221 миллион адам авторитарлық жүйеде өмір сүріп жатыр деп атап көрсеткен.

Қазіргі күні демократиясы дамыған Балтық елдерін қоспағанда, бұрынғы Совет Одағына мүше болған 12 мемлекеттің сегізінде демократиялық ережелер мен адам құқығының негіздері сақталмайтын авторитарлық жүйе орнықты, қалған төртеуі жартылай авторитарлық (Армения мен Молдова) және өтпелі-гибрид (Грузия мен Украина) жүйе қалыптасты делінген баяндамада.

Бұған қоса, халықаралық ұйымның зерттеуінде 2009 жылы желтоқсанда Алматы қаласында қайтыс болған қырғыз журналисі Геннадий Павлюктің есімі де авторитарлық жүйе құрбандары санатында аталады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG