Accessibility links

«Фридом Хауз» ұйымы Қазақстандағы бостандықтың жағдайына алаңдайды


Полицейлер Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алуға жиналған халықты бақылап тұр. Алматы, 17 желтоқсан 2009 жыл.

Полицейлер Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алуға жиналған халықты бақылап тұр. Алматы, 17 желтоқсан 2009 жыл.

«Фридом Хауз» халықаралық ұйымының 2009 жылғы әлемдегі бостандық жағдайына арналған баяндамасында постсоветтік елдерде демократиялық процестердің бәсеңдегені айтылған. Құжат ауторлары Қазақстанда журналистер мен құқыққорғаушыларға қысым жасалып отырғанын атап көрсеткен.


ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН АШЫҚТЫҚ

АҚШ-та орналасқан «Фридом Хауз» халықаралық ұйымының мәлімдеуінше, 2009 жылы демократиялық құндылықтар саласында жетістіктен гөрі кемшіліктер көп болды.

Сейсенбі, 12-қаңтарда жарық көрген «Әлемдегі еркіндік – 2009» атты баяндаманың негізінде әлем елдеріндегі еркіндік деңгейіне шолу жасалынып, онда постсоветтік елдердегі демократия еркіндігі жағдайының жыл сайын төмендеп келе жатқандығы айтылды.

Әлемдегі 40 мемлекеттің еркіндігіне шолу жасау барысында, постсоветтік елдердің басым көпшілігінде демократиялық еркіндіктің төмендігі анықталған. Балқан елдері ғана аталған жағдайдың жақсарған аймақтарының бірі деп танылып отыр.

1972 жылдан бері жыл сайын демократиялық реформалардан бастап, баспасөз бостандығы, адам құқтары сияқты түрлі салада зерттеулер жүргізіп келе жатқан «Фридом Хауз» ұйымының биылғы баяндамасында, бұрынғы советтік мемлекеттерде басқару мен сайлау процестерінде кері шегініс жасалып отырғандығы атап өтілген. Баяндама авторлары Арч Паддингтон мен Кристофер Уолкер, бұрынғы совет елдерінде (Балтық мемлекеттерін санамағанда) азаматтық еркіндік деңгейі біртіндеп төмендеп бара жатқандығын айтады.

Беларусь пен Өзбекстан аралығындағы деңгейге топтастырылған мемлекеттерде жауапкершілік пен ашықтықтың жетіспеушілігі көрсетілген. Постсоветтік мемлекеттер елдерінің басым көпшілігінде тәуелсіз соттардың жоқтығы, тәуелсіз БАҚ-тар мен оппозицияны оқшаулау орын алуда деп жазылған баяндамада. «Фридом Хауз» ұйымының директоры әрі баяндама авторларының бірі Кристофер Уолкердың айтуынша, жағдай бұдан әрі қарай да қиындауы мүмкін.

– Биылғы жылдың нәтижесі кей жайттардың күшеюіне алып келуі мүмкін екендігін байқатады. Ол біз бақылап келе жатқандай, соңғы жылдары бұрынғы советтік елдерде авторитарлық режимнің күшеюі. Ресейде жағдай нашарлап, Қырғызстан «жартылай еркіннен» «еркін емес» елге айналуда. Аз-маз жақсы көріністер 2010 жылдың басында сайлау өткізетін Украинада ғана қалыптасып отыр, – дейді Кристофер Уолкер.

ЖОВТИС ПЕН «РЕСПУБЛИКА» ІСІ

«Қазба байлықтарға бай Қазақстан да журналистер мен жетекші құқыққорғаушыларды ұзақ уақыт тұншықтырумен көзге түсті. Бұл өткен жылы адам өліміне алып келген қайғылы оқиғаның себепкері болған құқыққорғаушы Евгений Жовтиске тағылған қатаң жаза», – делінген баяндамада.

Жовтисті жақтаушылардың айтуынша, құқыққорғаушы белсенділігі үшін жапа шегуде. «Фридом Хауз» ұйымының директоры әрі баяндама авторларының бірі Кристофер Уолкердің айтуынша, Жовтис және өзгелерге қатысты орын алған жайттар ЕҚЫҰ-на төрағалық етіп отырған Қазақстанда алаңдатарлық ахуал қалыптастырады.

РЕСЕЙДІҢ ЫҚПАЛЫ АРТА БЕРМЕК

Ресей жауапкершілік пен ашықтық саласын тұншықтыру шараларын президент Дмитрий Медведевтің елде либералды саяси ахуал қалыптастырамын дегеніне қарамастан жалғастырып отыр дейді Уолкер.

Сондай-ақ, Ресейдің постсоветтік көршілеріне ықпал етіп отырғаны анық байқалады. Паддингтонның айтуынша, кейбір Каспий жағалауы елдері Мәскеумен байланысын үзіп, өзіндік ауторитарлық жүйесін қалыптастырғанымен де, олардың көпшілігі Ресейден үлгі алып отыр.

– Қазақстан, Әзірбайжан сияқты елдер Ресейдің басымдығын қаламайды және олар тәуелсіз бағытта жұмыс атқаруда, олар Ресейдің қуыршағы емес. Десек те оларға Ресей қатты ықпал етіп отыр. Олардың Ресейдің саяси жүйесіне тым ұқсас саяси жүйесі бар. Менің ойымша, Ресей демократиялық бағытта алдағы бірер онжылдықта аймақтағы елдерге әсер ете беретін болады, – дейді Паддингтон.

Орта Азия аймағындағы «демократия аралы» атанған Қырғызстан да «Фридом Хауз» ұйымының соңғы баяндамасында «жартылай еркін» елден «еркін емес» ел деңгейіне түскен. Оған мысал ретінде 2009 жылы шілде айында Қырғызстанда өткен президенттік сайлаудың демократиялық талаптарға сай болмағанын, дін еркіндігі заңына қатаң өзгерістер енгізілгенін келтірген.

«БАЯНДАМАДА ЖАҢАЛЫҚ ЖОҚ»

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстанда демократиялық еркіндік жағдайында біршама кері кетушілік болғандығын айтады.

– «Фридом Хауз» ұйымының биылғы баяндамасында ешқандай жаңалық жоқ.

Саяси кеңістіктегі жағдай нашарлап, демократиялық процестер ілгерілемей отыр жеген тұрғыдағы жыл сайынғы қорытынды биыл да айтылды. Меніңше, олар керісінше көптеген жайттарды назардан тыс қалдырған. Себебі, елдегі демократия мен еркіндік мәселесі Жовтис пен «Республика» газеті төңірегіндегі жайттармен ғана шектелмейді. Мәселен, өткен жылы баспасөз еркіндігіне тұсау болатын, саяси партиялар мен сайлау барысын реттейтін бірқатар заңдарға өзгерістер енгізілді. Осының өзі Қазақстанда плюстерге қарағанда минустар көп болғандығын көрсетеді, – деді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы, Орта Азия елдерінің барлығы авторитарлы екендігін негізге ала отырып, аталған мемлекеттерде саяси реформалардың позитивті болмауы қалыпты екендігін айтады.

АЙМАҚ ЕЛДЕРІНІҢ БАСШЫЛАРЫ БИЛІКТЕРІН НЫҒАЙТА ТҮСУДЕ

– Аталған мемлекеттерді екіге бөлуге болады. Біріншісі – қалыптасқан авторитарлық жүйенің консервациялануы. Бұл, әсіресе Қазақстан мен Өзбекстанда айқын көрініс табуда. Екі елдің билеуші элиталары бүгінгі саяси жүйенің сақталып қалуы үшін бар күшін салып, ешқандай өзгеріс енгізгісі келмей отыр. Ал Қырғызстан мен Тәжікстан сияқты мемлекеттерде – президенттік билікті қалыптастыру мен саяси қарсыластарды азайту процесі жүргізілуде. Мәселен, Эмомали Рахмон өзінің билігін күшейтіп, отбасы мүшелерін, дәлірек айтқанда, өзінің ұлын Тәжікстанның халықтық демократиялық партиясының саяси бюросына кіргізді. Осыдан кейін бірқатар сарапшылар оны әкесінің мұрагері деп жүр. Дәл сол сияқты Қырғызстанда Бакиев президенттік вертикалді белсенді түрде қолға алып, осы мақсатта әкімшілік реформа жүргізді, өзінің ұлын өте мықты инструмент болып табылатын, елге келетін барлық қаржылай кірістерді бақылайтын – Инвестиция жөніндегі арнайы қорға басшылық етуді тапсырды. Қырғызстанда қазір – Қазақстанның өткен ғасырдың 90 жылдарының басындағы жағдайы орын алуда.

Ал Түркменстанға қатысты айтсақ, Ниязовпен салыстырғанда Бердімұхаметов айтарлықтай либералды. Алайда, әдетте ол саясаттан тыс салаларда ғана. Түркменстанда – тіпті кей сарапшылар саралауға жүрексінетін басқарудың ерекше жүйесі қалыптасқан. Онда авторитарлықтан өзге жеке басқа табынушылық жүйесі қалыптасқан. Осы тұрғыда алар болсақ, Түркменстанда дәл саяси дамумен еркіндік жағдайында ешқандай іс-қимыл болмады, – деді Азаттыққа сұхбат берген саясаттанушы.

Саясаттанушының айтуынша, өткен жылы аймақтағы 5 мемлекет те өздерін жақсы жағынан көрсете алған жоқ.

«Аймақтағы мемлекеттер су мен энергетика мәселесін шеше алмады. Ол проблемалар дәл сол қалпында 2010 жылға өтті», – деді Досым Сәтпаев.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG