Accessibility links

Қазақстан өзі қатыспайтын жиырмалықтың жиынына қызығушылық танытпайды


Саммит қарсаңында ондаған мың адам Лондонның орталығына жиналып, дағдарыс кезіндегі шараларға наразылық білдірді. 28 наурыз 2009 ж.

Саммит қарсаңында ондаған мың адам Лондонның орталығына жиналып, дағдарыс кезіндегі шараларға наразылық білдірді. 28 наурыз 2009 ж.

Қазақстанға осы уақытқа дейін G-20 ұйымына мүше болуға не кедергі жасап келеді? Еуропа басты назарында ұстайтын оқиғаларға Қазақстанда ешқандай мән берілмейді деуге болады.

Сәуірдің 2-інде Лондонда «жиырмалықтың» саммиті өтпек. Бұл форум жайында қазақстандықтар өте-мөте аз біледі.

Бұл форумда «жиырмалық клубына» кірмейтін Қазақстан және сол тәрізді басқа мемлекеттерге қатысты проблемалардың талқылануы жоспарланып отыр. Бұл клубты басқаша - G-20 деп те атайды.

Осы жерде бұл қалай деген сауал туындайды. Лондонда аса қуатты 20 елдің басшылары жалпы дағдарыстан шығару үшін Қазақстанға көмек беру мүмкіндігін қарайды, ал Қазақстанға бұл бәрібір сияқты.

Неге баспасөзде бұған деген қызығушылық жоққа тән? Не себепті саммит идеялары мамандар, саясатшылар, шолушылар арасында талқыланбайды? Кей кездері Лондон форумымен салыстыруға да келмейтін жергілікті оқиғаларға соншалықты мән беріп, дағдарысқа қарсы халықаралық маңызды жиындарды шетке ысырып қоятындығы қалай?

Қазақстан не үшін жиырмалықтың мүшесі емес деген сауалды ешкімнің қоймайтыны қалай? Дәл осы мысал елдің оқшаулануының көрінісі емес пе?

Елде оны әлеммен байланыстыру үшін не істеліп жатыр? Әсіресе, бүкіл әлем жаппай экономикалық тығырықтан шығуға ұмтылып жатқанда. Бұл жерде ешқандай ел өздігінен, жеке дара бұл қиындықтан шыға алмайтыны айдан анық көрініп тұр.

Қазір G-20-ға кімнің кіретінін білмейтін көпшілік оқырмандар үшін оның мүшелерін санамалап берейін: Аргентина, Австралия, АҚШ, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Индонезия, Италия, Канада, Қытай, Мексика, Ресей, Сауд Арабиясы, Түркия, Оңтүстік Африка республикасы, Оңтүстік Корея, Франция, Жапония және ұйым ретінде ЕуроОдақ. Осы мемлекеттердің барлығы бірлесе отырып, әлемдік экономиканың 85 пайызын құрайды.

Осы жерде Қазақстан неге бұл қатардан орын алмаған деген сауал туындайды. Ол өз мүмкіндігі арқылы тіпті Аргентина, Түркия немесе Оңтүстік Африка елдерімен де бәсекелесе алмай ма?

Үлкен аренаға шығудан қорқып, өзіне халықаралық жауапкершілік алуға батылы жетпей, жетім баланың күйін кешіп отырған, ішкі қорқыныштан өзін өзі оқшаулап отырған Қазақстанның өзі емес пе?

Ал оқшаулану қазіргі экономикалық құлдилау сияқты халықаралық дағдарыстан құтқармайды. Бұны Қазақстанда ең жоғары деңгейде мойындады. Тіпті, Назарбаевтың өзі бүгінде көптеген елдерді шарпып отырған қаржы-экономикалық апатты елдің айналып өте алмайтындығын қайталаудан жалыққан емес.

Өткен бейсенбіде, наурыздың 26-сы күні президент өзіне премьер-министрді шақырып алып, дағдарыс салдарынан Қазақстанда ерекше жағдай қалыптасып отырғанын тағы да атап айтты. Президент елдің бұған дейінгі көптеген жоспарларының қайта қаралуы мүмкін екендігін де жоққа шығармады.

2009 жылға арналған бюджет біраз өзгертілді. Кірістер азайтылды (дағдарыс кезінде оны қайдан алмақ?) және шығыстар көбейтілді (экономиканы жақсарту үшін көбірек шығындануға тура келеді). Премьер Кәрім Мәсімов айтқандай, қазақстандықтарға да «белдерін бекем бууға тура келеді».

Ал ел басшылығына туыстық тұрғысында да, былай да жақын тұрған адам оқиғаның өрбуін былайша суреттейді. Ол президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусиннің ұлы Асылбек Мусин. Ақтөбе мәслихатындағы депутаттық мандат үшін болған науқан кезінде ол жария түрде нақты қорытындылар жасады.

«Соңғы сегіз жылда біз бірінші рет іскерлік белсенділіктің төмендеуімен бетпе-бет келеміз, – дейді кіші Мусин. – Бұлар: жергілікті кәсіпорындардың жабылуы, қалалық құрылыс компанияларының банкрот болуы, жеке кәсіпкерлердің тиімділігінің төмендеуі. Сондықтан ең басты қауіп – жұмыссыздық».

Қазіргі уақытта Мусин, Мәсімов, Назарбаевтар мойындап отырған мәселені Атлантиканың екі жағындағы жетекші елдердің басшылары көптеген айлардан бері талқылап келеді. Лондондағы жиырмалық кездесуіне олар үлкен үміт артып отыр.

Адам естімеген экономикалық дағдарыстан шығу жөніндегі планетаның басты форумына Қазақстанның селт етпей отырғаны қалай? Ол үшін жиырмалықтың мүшесі болу да шарт емес.

Бұл қоғамдастыққа Швеция, Австрия тәрізді демократия әлемінің басқа елдері де кірмейді ғой. Бірақ олар өз проблемаларымен өздері соңына дейін оқшауланып отырған жоқ. Олар әркез халықаралық проблемаларға назар аударады. Әсіресе, бүгінгідей бүкіл әлемді шарпыған дағдарыс кезінде.

Осы арқылы олар әлемнің өзге елдерінен тұйықталып қалмауға тырысады. Бұл мемлекеттердің бір де біреуі G-20 қатысты оқиғаларды назардан тыс қалдырмайды.

Керісінше, олар бұл бастаманы ақпараттық деңгейде қолдап отырады. G-20 елдері тарапынан болып жатқан бастамаларды талқылауға барлық деңгейлердегі басшылар мен олардың кеңесшілері қатысады. Қоғам біртіндеп жаһандық оқиғаға қатыса бастайды. Осы арқылы әрбір жеке адамда маңызды процеске қатыстылық сезімі пайда болады.

2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткелі отырған Қазақстанның бір жағынан әлемдік деңгейдегі маңызды оқиғаға немқұрайдылық танытуы түсініксіздеу көрінеді.

Бұл немқұрайдылық кейінірек қымбатқа түсуі мүмкін. Бұдан соң ешқандай ақшаға сатып ала алмайтын дүниеден, дағдарыстан шығу жөніндегі ең озық ұжымдық шешімдерден құр қалу ғажап емес.

Әдетте, бұрындары билеушілер өз елдерінде қалауынша билік құруы үшін оқшау болғанды жөн көретін. Ашықтық автократтар мен диктаторларға әркез ұнамайтын. Олар халықты құлыптың астында ұстау үшін қыруар қаржы жұмсаған.

Мүмкін, Қазақстан өзінің қуатты көршісі Ресейдің көлеңкесінде болғысы келетін шығар? Мүмкін, барлық постсоветтік кеңістікте оқшауланудың басты импульсі, әдеттегідей, ғасырлар бойы әлемнен оқшаулану саясатын ұстанып келе жатқан Мәскеуден шығып отырған болар?

ХІХ ғасырдағы патша режимінің мына әрекетіне қараңызшы! Сол кезде Ресей өзіндегі темір жол табанын Еуропадағыдан басқаша салды. Осы арқылы Ресейдің қандай зардап шеккенін кім есептеді?

Бүкіл постсоветтік кеңістік осы күнге дейін әлгі жаңалық үшін ақша төлеп келеді. Осы арқылы Шығыс пен Батыстың арасына тағы бір үлкен ор қазылғанын кім ескерді? Қазақстанның бүгінгі оқшаулануының түп-тамыры сол жақта жатқан жоқ па?

Шындап келгенде, мұндай қолдан жасалған кедергілер Қазақстанға ешқандай пайда әкеліп отырған жоқ. Керісінше, мысалы, бұл кедергілер Қазақстанға келгелі отырған шегірткелерге тосқауыл бола алмайды.

Астана осы бастан іргелес елдер – Ресеймен, Қытаймен, Өзбекстан және Қырғызстанмен бірлескен әрекеттерге келісуде. Қазірдің өзінде мамандар биылғы жылы шегірткенің қауіпті белсенділігін болжап отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Серік Сүлейменов Қазақстанда биыл шегірткенің қалың болатынын, зиянкес жәндік 1 млн. 994,8 мың гектарды қамтитынын айтып отыр.

Елге шегірткенің қаптағаны сияқты қоғамдық ойлау өзіндегі оқшаулануды бұзуға қаншалықты даяр? Бұл оқшауланудың сыртқы және ішкі әлеммен байланыстағы басты кедергі екендігін Қазақстанның әрбір азаматы қаншалықты дәрежеде түсініп отыр?

(Мақалада журналист Александр Народецкийдің жеке көзқарасы білдірілген, ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG