Accessibility links

Өмірхан Алтын: Еуропадағы қазақтың көбі – Германияда шоғырланған


Германиялық еркін журналист әрі кәсіпкер Өмірхан Алтын.

Германиялық еркін журналист әрі кәсіпкер Өмірхан Алтын.

Германияның ірі үш қаласы –Берлин, Мюнхен және Кельнде 3 мыңнан астам қазақ тұрады. Онда қазақтардың бару тарихы – басқа да Еуропа елдеріндегі қазақтардың тарихымен бірдей. Германиядағы қазақтар өткен ғасырдың 60-шы жылдарында Түркиядан барып, сoнда қалып қойғандар.

Ал, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін неміс жеріне барып жатқан қазақтарды олар екінші лекке жатқызады. Германияның Мюнхен қаласының тұрғыны Өмірхан Алтын мұнда тұрып жатқанына 30 жыл болғанын айтады.

Ол да Түркиядан қоныс аударған екен. Түркияда Анкара университетінің химия факультетін тәмамдағаннан кейін, Берлин университетінің экономика факультетіне оқуға түскен. Оқуын аяқтағаннан кейін осында қалып қойыпты. Қазақтар шоғырланған үш қалада қазақ-мәдени орталықтары жұмыс істейді.

Өмірхан Алтынның айтуынша, қазақ мәдени орталықтары Германиядағы қазақтардың басын жиі қосып тұрады екен.

– Сол мәдени орталықтары арқылы бас қосып, кейбір шараларды бірге өткіземіз. Қазақстанның ресми мейрамдарына қатысты жиындар өткізіп тұрамыз, - дейді ол.

Мәдени орталықтардың міндеті – ондағы қазақтардың басын қосып тұру, Германияда туып-өскен балаларға мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін үйрету. Сондай-ақ, Өмірхан Алтын тек Германия қазақтары ғана емес, Еуропадағы қазақтар да жыл сайын бас қосып, Кіші құрылтай өткізіп тұратындығын айтады.

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында Еуропадағы қазақ жастары бас болып, футболдан турнир өткізе бастапты. Кейін оған мәдени шараларды қосып, еуропалық қазақтардың Кіші құрылтайына айналдырған. Қазір қазақтар жылына бір рет, Еуропаның бір қаласында Кіші құрылтай өткізеді. Оған Қазақстандағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да атсалысады. Атажұрттан көптеген өнерпаздар келіп, мұндағы қазақ өнеріне шөлдеген қандастарды бір серпілтіп тастайды.

Германия қазақтары, Еуропадағы өзге қазақтар секілді, көбіне жалдамалы жұмыстарды атқарады. Жеке кәсіппен айналысатындары да бар.

– Кейінгі жастар немістің жоғары оқу орындарын бітіріп, ресми орындарда, мемлекеттік қызметте істей бастады, - дейді Өмірхан Алтын.

Ол Азаттық радиосының бас кеңсесі Мюнхенде орналасқан кезде, 10 жылдан астам сонда тілші болып қызмет атқарған.

– Біз қызмет еткен заман өтпелі кезеңге тап келіп еді. Ол кезде Қазақстан тәуелсіздігін әлі алмаған. Қырғи-қабақ соғыс кезі болғандықтан ба, тарихи мәселелерді жиі қозғап, Азаттық идеясын көбірек сөз ететінбіз.

Өмірхан Алтын қазір еркін журналист. Әрі Қазақстандағы іскер ағайындармен бірлесіп, кәсіппен де айналысады екен.

– Немістер де, қазақтар да, түріктер де тапсырыс береді, сол тапсырыстарды орындап тұрам.. Қазақстанда «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газеттері, немістің газеттері, немесе басқалары Қазақстан туралы сұраса соларға жазып тұрамын, - дейді ол.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG