Accessibility links

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде жалғыз орынбасардың тәжірибесі болса, оңтүстіктің екі әкімі бар


Нұрғали Әшімов, қоршаған ортаны қорғау министрі (Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің сайтындағы сурет).
Нұрғали Әшімов, қоршаған ортаны қорғау министрі (Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің сайтындағы сурет).

Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жаңадан келген басшылықтың арасында тек жалғыз адамның экология саласында тәжірибесі бар. Мемлекеттік қызметтегі бос орындарға мораторий жарияланысымен құқық мекемелерінде кадрлық ауыс-түйістер жүргізілді. Жаңа басшылар өздерімен бірге өз адамдарын ала бара ма?

ҚАЗАҚСТАН МИНИСТРІ – СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ

Қазақстанда көктем, әдетте, әкімдер мен министрлердің кадрлық өзгерістерімен есте қалады.

Қоршаған ортаны қорғау министрі қызметіне тағайындалмас бұрын Нұрғали Әшімов Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болды. Ол 1981 жылы Мәскеу экономика-статистика институтын және сол оқу орнының аспирантурасын тәмамдаған. Инженер-математик, экономика ғылымының кандидаты.

Нұрғали Әшімов еңбек жолын Қазақ ССР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері болып бастаған. Оқытушылық қызметпен айналысқан, содан кейін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі болған.

Ол Тұран-Әлем банкі төрағасының орынбасары, Қостанай облысы әкімінің орынбасары, Қостанай қаласының әкімі болған. Содан соң, Нұрғали Әшімов, «Қазтрансгаз» компаниясының президенті, энергетика және минералды ресурстар бірінші вице-министрі болып еңбек етті. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне дейін Батыс Қазақстан облысын басқарған.

Сөйтіп, экология саласындағы жұмыста Нұрғали Әшімовтің ешқашан тікелей тәжірибесі болмаған.

Министрдің орынбасары қызметіндегі екі бос орынға ол өз командасынан екі адамды тағайындады. Елдана Сәдуақасова мен Мәжит Тұрмағанбетов, өз басшылары сияқты, Мәскеуде білім алғандар. Елдана Сәдуақасова Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «саяси экономия» мамандығы бойынша, ал Мәжит Тұрмағанбетов Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық училищесін «инженер-механик» мамандығы бойынша аяқтаған.

Тағдыр Нұрғали Әшімовтың командасына алып келгенге дейін Елдана Сәдуақасова түрлі салаларда жұмыс істеді. Ғылыми-зерттеу институтында экономист, Бүкіләлемдік банктің Экономикалық даму институтында кеңесші, Көлік және коммуникациялар министрлігінде департамент директоры және президент әкімшілігінде сектор меңгерушісі болып еңбек етті.

2005 жылы ол Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрғали Әшімовтың кеңесшісі, бір жылдан соң орынбасары болады. Нұрғали Әшімов Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалғанда, Сәдуақасова оның орынбасары болып барды.

Мәжит Тұрмағанбетов экономика және сауда министрлігі өнеркәсіп департаментінің директоры болғанға дейін түрлі коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған. Елдана Сәдуақасовадан өзгешелігі, оның экология саласында тәжірибесі бар. 2001-2002 жылдары ол табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау вице-министрі болып істеген. Мәжит Тұрмағанбетов өткен жылдың наурыз айында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған-ды.

Министрліктегі басшылық орындарға бір кездері өзімен бірге Оңтүстік Қазақстан облысында, Оралда немесе министрлікте жұмыс істеген адамдарды қойғанда Нұрғали Әшімов соншалықты шектен шығатындай ешнәрсе жасаған жоқ.

Барлық министрлер мен барлық әкімдер шамамен осылай істейді. Бердібек Сапарбаевтың облыста қандай өзгерістер жасағанын айту қажет болар ма екен? Шығыс Қазақстан облысындағы және қаладағы басшылық орындарға еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бұрынғы қызметкерлері жайғасты.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовпен бірге бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігінде және басқа мекемелерде істеген адамдар әкімнің орынбасарлары болып тағайындалды.

МИНИСТРЛІКТІ ҚҰРТҚАН - СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕЙДІ ЭКОЛОГИЯ ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫ


Экология саласында көп жылдық тәжірибесі бар сарапшы Мэлс Елеусізов Нұрғали Әшімовтың қоршаған ортаны қорғау министрі болып тағайындалғанына таңданбайды. Бірақ, оның орынбасарлары экология саласында білікті болулары керек деп есептейді.

– Министр – бұл саяси қызмет. Сондықтан, оған барлығын білу міндет емес. Ол стратегиялық жағынан ойлана алатын адам болуы керек. Ал, орынбасарлары, сөз жоқ, білікті маман болулары қажет. Бірақ, бізде командалық тәртіп орын алғандықтан, олар бір министрліктен екіншісіне көшеді де жүреді, – дейді Мэлс Елеусізов Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Елеусізов бұған дейін қоршаған ортаны қорғау саласын басқарғандардың ішінен алғашқы министрлер – Медведев пен Дәукеевтің жұмыстарына ғана оң баға береді. Бүгінде арнайы білімнің, кадрдың жоқтығынан және аппаратты жиі ауыстыру салдарынан министрліктің жұмысы ақсауда деп есептейді Мэлс Елеусізов.

«Мамандардың жоқтығы министрлікті құртты. Соңғы кездері барлығы қылмыспен біте қайнасып кетті. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде нендей былықтардың орын алып жатқандығын мен де, басқалар да бірнеше мәрте айтқанбыз. Алайда, үкімет бұған жақында ғана назар аударды. Біздегі ең қорқыныштысы – сыбайлас жемқорлық, қалғанын шешуге болады», – дейді «Табиғат» экологиялық қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов.

ОБЛЫСТЫҢ РЕСМИ САЙТЫНА СЕНСЕК, ОҢТҮСТІКТЕ ЕКІ ӘКІМ БАР


Кімді жаңадан тағайындады, кімді бұрынғы қызметінде қалдырғанын білу қиындау. Біріншіден, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде екі ресми сайт бар. Оның біреуіне сәйкес (http://www.uko.kz), облыстың әкімі әлі күнге дейін Нұрғали Әшімов. Ал, екіншісі ((http://ru.ontustik.kz) бойынша, Асқар Мырзахметов. Сонымен бірге, екі сайтқа да сәйкес, Мәжит Тұрмағамбетов екі әкімнің де орынбасары. Бірақ, қоршаған ортаны қорғау вице-министрі емес.

Сайтты қарай отырып, жас жігіттер Берік Оспанов (1976 жылы туған) пен Ерлан Айтахановтар (1971 жылы туған) осы наурызда облыс әкімінің орынбасарлары болғанын білуге болады. Ал, олардың біліміне келсек, Берік Оспанов, жастығына қарамастан, үш жоғары оқу орнын бітірген. Экономика ғылымының докторы ғылыми дәрежесі бар.

Ерлан Айтаханов – экономика ғылымының кандидаты. Ол екі жоғары оқу орнын бітірген. Алайда, екінші ЖОО «Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік институты» деп көрсетілген. Мұндай институттың жарық дүниеде жоқ екендігі белгілі. Тарихы 254 жылдық әйгілі университет бар.

Осы жерде мынаны да атап өткен жөн. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің тағы бір орынбасары Әли Бектаев 1991 жылы КИМЭП-ті (Қазақстанның менеджмент, экономика және болжау институты) бітірген. Бірақ, Қазақстандағы белгілі бұл оқу орнының негізі 1992 жылы қаланды деп есептеледі.

МОРАТОРИЙ ҚҰҚЫҚ ОРГАНДАРЫНЫҢ КОМАНДАЛАРЫНА ӘСЕР ЕТЕ МЕ?

Сәуірдің басында республиканың заң-құқық мекемелерінің басшылықтарында кадрлық өзгерістер болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа тағайындауларды хабарлап жатқанда, премьер-министр Кәрім Мәсімов Қазақстанда 2009 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметтегі бос орындарға мораторий енгізілетінін хабарлады.

Демек, бұл премьер-министрдің соңғы шешімдеріне сәйкес, жаңа министрлер өз министрліктеріндегі кадрларды бұрынғы командасынан жасақтамайды дегенді білдіре ме? Мәселен, бұл Рәшит Түсіпбековке жақын жауапты қызметкерлер енді Әділет министрлігіне жаппай ауыса алмайды деген сөз бе?

Президент үкімет мүшелерінің, ұлттық компаниялар басшыларының өздерімен бірге бір мекемеден екінші мекемеге командаларын сүйретіп жүргендерін бірнеше мәрте сынға алған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев жылдар бойы аталған мекемеде жұмыс істеп келе жатқан кадрларды пайдалану керек деп айтқан. Алайда, президенттің сөздері іске асқан жоқ.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ АГЕНТТІК ЕЛЕНБЕЙДİ

«Бізде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік бар, оны барлығы ысырып тастаған», – деді бір сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев. Оның айтуына қарағанда, бұл агенттік «кадрлар резервтен көтеріліп жатыр ма, жоқ па» деп, әрбір мекемені, министрлікті, әкімдікті қатаң бақылап отыруы қажет.

Президент мемлекеттік қызметтегілердің өсу иерархиясын жасау мәселесін көтерді. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, мемлекеттік қызметкерлер «он жыл бойы орынбасар болып отыра береді, ал оларға үнемі басқа жақтан бастықтарды алып келеді». «Егер, бөлім бастығының орынбасары ертең бастық бола алмайтын болса, онда оны ауыстыру керек», – деп есептейді президент.

Жарияланған мораторийге қарамастан, бұл жолы да жаңа министрлер өз министрліктеріндегі кадрларын айналасындағы командасынан жасақтайтын сияқты.

Үкіметтің жаңа шаралары көптеген сауалдар туғызады. Кәрім Мәсімов, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қызметкерлерінің бекітілген штаттық саны осындағы бос орындардың есебінен қысқартылады деп мәлімдеді. Бұл – шамамен 9 мыңдай бос орын.

МОРАТОРИЙ БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ӘСЕР ЕТЕДІ


Биылғы жылы бітіретін жоғары оқу орындарының түлектері не істеулері керек? Кәрім Мәсімовтың нұсқауларына қарасақ, олардың ешқайсысы жылдың соңына дейін мемлекеттік мекемелерде еңбек жолдарын бастай алмайды.

Жұмыссыздардың қатарын толтыруға тура келеді ме? Жас мамандардың көпшілігі «резюме үшін» еңбек жолдарын мемлекеттік мекемелерден бастағысы келетіні ешкімге жасырын емес. Мұндай бастамасыз оларға кейінірек жұмыс табу қиындау болады. Оның үстіне іс-тәжірибелері мүлдем жоқ.

Сонымен бірге, шағын және орта бизнеске кіретін көптеген ұйымдар дағдарысты желеулетіп, жоғарыдан түскен нұсқаусыз-ақ қызметкерлерін қысқартып жатыр. Енді жекеменшік құрылымдарда да бос орындарға жарияланбаған мораторий енгізілетін болды.

Бүгінде тек болашақ түлектер ғана емес, белгілі дәрежеде тәжірибесі бар көптеген мемлекеттік қызметкерлер қысқартуға ұшырап, одан ары мамандығы бойынша жұмыссыз қалудан қорқады.

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің ақпаратына сәйкес, бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер саны – 102 мың адам. Оның ішінде 4 мыңға жуығы саяси мемлекеттік қызметкерлер.

Мемлекеттік шенеуніктердің орта жасы – 38 жас. Мемлекеттік қызметтегі орташа өтілі – 9 жыл. Яғни, зардап шегетіндер – мемлекеттік қызметте тәжірибелері бар еңбекке жарамды орта жастағылар. Ал, олардың көпшілігінде қос-қостан жоғары білім болады.
  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

XS
SM
MD
LG