Accessibility links

Гранитный түрмесіндегі тұтқындардың туыстары президент Назарбаевқа жүгінді


Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басшылығына жолығуға келген тұтқындардың туған-туыстары ғимарат қақпасы алдында полицеймен сөйлесіп тұр. Астана, 14 тамыз 2010 жыл.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басшылығына жолығуға келген тұтқындардың туған-туыстары ғимарат қақпасы алдында полицеймен сөйлесіп тұр. Астана, 14 тамыз 2010 жыл.

Ақмола облысы Гранитный кентінің түрмесінде қамауда отырғандардың ата-аналары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазды. Олар түзету мекемесінде соңғы аптада болып жатқан оқиғаларға қатысты колония басшылығының әрекеттеріне наразылық білдіріп, президенттен араша сұрайды.


НАЗАРБАЕВҚА АШЫҚ ХАТ

Дүйсенбі күні таратылған хатта Ақмола облысы Гранитный кентіндегі ЕЦ-166/25 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқандардың туыстары түрме басшылығына, республикалық және облыстық қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне шұғыл шара қолдануын сұрап президент Нұрсұлтан Назарбаевқа шағымданған. Хат авторлары түзету мекемесінің ішінде ешқандай тәртіп пен заң сақталмайтындығын айтады.

- Біз президенттен әділдікті талап етіп отырмыз. Себебі, түрмеде болып жатқан бассыздыққа қарсы тұруға күшіміз жетпейтіндігі
Сотталғандардың киімі күресінде жатыр. Гранитный кенті, Ақмола облысы, 12 тамыз 2010 жыл.
анық. Бірақ бұл заңсыздықпен күресу қажет, сондықтан бізге біреу көмектесуі керек емес пе? – дейді сотталғандардың бірінің туысы Даурия Ахметжанова.

Хатта түзету мекемесінде сотталғандарды ұрып-соғатыны, оларға өз арасындағыларды айдап салып ақша талап ететіндігі жазылған. Одан өзге колония басшылығы сотталғандарды тегін жұмысқа салатыны айтылған.

«Колонияның аумағында заңсыз коммерциялық-өндіріс жұмыс істеп жатыр. Онда жазасын өтеушілерді құл ретінде пайдаланады. Бояу цехы, көліктерді техникалық жөндеу орталығы мен темір өнімдерін дайындайтын цехта сотталғандар жұмыс істейді. Әрине, бұл қызметтерден түсіп жатқан табыс жарияланбайды», - делінген хатта.

КҮДІК

Хатқа қол қойған азаматтар өткен аптада колонияда болған жайтқа қатысты ресми айтылғандардың барлығы жалған деп мәлімдеп отыр.

- Олар [жазасын өтеп жатқандар] режимнің жұмсаруын немесе өзге де жақсылықтар сұраған жоқ. Олар тек өздеріне қатысты күш
Бүлік кезінде сотталғандар өз талаптарын жазып, осы барақтың төбесіне іліп қойды. Гранитный кенті, Ақмола облысы, 12 тамыз 2010 жыл.
қолданбауды талап етті, - дейді Даурия Ахметжанова.

Оның сөзінше, тамыздың 8-і күні түрмеде болған бүлік сондағы тұтқындардың шыдамының таусылғандығын көрсетіп отыр.

Сотталғандардың бірінің әпкесі Гүлмира соңғы күндері колония басшылығы болған жайтты жуып-шайып жатыр деген күдігін айтты:

- Өткен аптада інім хабарласып, «бәрі жақсы, алаңдамаңдар» деді. «Барғалы жатырмыз» деп едік «жоқ, келмеңдер, бәрі жақсы» деді де телефон тұтқасын қоя салды. Бұрын таксофонмен біраз сөйлесуші едік, соңғы жолы тез-тез айтып қоя салды. Соған қарағанда колония басшылығы оларды туыстарына хабарластырып, бұл істі жылы жауып қоюды көздеп отырған болар, - дейді Гүлмира.

КОМИТЕТ БАСШЫЛЫҒЫ КЕЗДЕСУДЕН ЖАЛТАРАДЫ

Өткен аптада құқық қорғаушы Вадим Курамшин бастаған бір топ азамат Астанадағы Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшысы Марат Шабақпаевқа кірмек болған еді. Алайда комитеттегілер бастықпен жолықтыруды талап еткен адамдарды ғимараттан шығарып жіберген. Бірақ сотталғандардың туыстары Шабақпаев мырзаға тағы барғалы отыр.

- Осы сәрсенбіде біз Астанадағы қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшысына кіруді көздеп отырмыз. Сәрсенбі күні оның жеке
Сотталғандардың бірінің туысы Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ғимаратының алдында отыр. Астана, 14 тамыз 2010 жыл.
азаматтарды қабылдайтын күні. Сондықтан біз дәл сол күні барып, жағдайды түсіндіруін талап етпекпіз. Егер ол өткен аптадағыдай бізден қашатын болса, онда сотталғандардың туған-туыстары комитет алдында наразылық шарасын ұйымдастырмақ, - дейді құқық қорғаушы.

Ол түрмедегі жағдайдың күрделі екендігін дәлелдеу үшін колониядан өткен аптада ғана босап шыққан кейбір азаматтар да комитет ғимаратының алдына келетінін жеткізді. «Олар колонияның ішінде не болып жатқандығын айтып береді» деді Курамшин.

Ақмола облысы Зеренді ауданы Гранитный елді мекенінде орналасқан жалпы режимдегі түрмеде тамыздың 8-і күні кешкісін бүлік шыққан болатын. Бүлікті басу үшін ішкі істер әскері мен Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесінің 100-ден аса қызметкерлері жұмылдырылды.

Қақтығыс барысында жазасын өтеп жатқандар екі адам қаза болып, 80-нен астам кісі жарақат алғаны хабарланды. Алайда құқық қорғаушы Вадим Курамшин қақтығыста зардап шеккендердің саны бұдан әлдеқайда көп екенін айтады.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG