Accessibility links

Қазақстанда доңыз тұмауына қарсы отандық вакцина таныстырылды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Астанадағы дәріхана.

Астанадағы дәріхана.

Қазақстан ғалымдары A/H1N1 вирусына қарсы вакцина жасап шығарды. Вакцина Ресейге сынақтан өткізіледі. Егер сынақ нәтижесі сәтті болса жаңа препарат келесі жылы көктемде жаппай өндіріске жіберіліп, доңыз тұмауына қарсы қолданыла бастайды дейді жергілікті мамандар.

КЕҢЕСТІК ҚҰПИЯ ИНСТИТУТ МҰРАГЕРІНІҢ ЖАҢА ӨНІМІ

Дүйсенбі күні Қазақстанның Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев A/H1N1 вирусына қарсы вакцинаны сынақтан өткізу туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Ресей Ұлттық тұмау орталығымен келісім шартқа отырды.

Енді жаңа вакцина таяу күндері ДДҰ Ресей Ұлттық тұмау орталығына жіберілмек. Ол жерде сынақтан өткізілген соң, дәрігерлер вакцинаны доңыз тұмауына қарсы адамдарға егуге мүмкіндік алады.

Жамбыл облысындағы бұрынғы советтік құпия мекеменің мұрагері - Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының доңыз тұмауына қарсы вакцинаны ойлап тапқаны туралы Азаттық радиосы осыған дейін жазған болатын.

Қазақстандық ғалымдар тапқан жаңа вакцинаны Refluvac деп атапты. Аталған орталықтың директоры Сейдіғаппар Мамадалиевтің айтуынша, A/H1N1 вирусына қарсы вакцинаны жетілдіру, зерттеу жұмысы 2009 жылдың сәуір айынан басталған.

Жаңа екпені жасап шығару жұмысына мемлекеттен 440 миллион теңге (3 миллион АҚШ доллары шамасында) бөлініпті. Бұл өзге елдердің вакцина шығаруға бөлген қаражаттарымен салыстырғанда өте аз қаржы дейді мамандар. Академик Мамадалиевтің айтуынша, Қазақстан препаратының бағасы шетелдік дәл осындай вакциналармен салыстырғанда анағұрлым арзан болмақ.

– Бізге ресейлік және шетелдік вакциналардың коммерциялық бағасының қанша тұратыны белгілі. Біздікі, алдын ала нәтиже бойынша, оларға қарағанда 40 пайыздай арзан болады, – дейді Сейдіғаппар Мамадалиев.

РЕСЕЙЛІК ҒАЛЫМДАР ПІКІРІ

Қазақстан отандық вакцина шығарудан әлемдегі алғашқы бестіктің қатарына кіріп отыр. Оған осыған дейін, 2005 жылы дүниені дүрліктірген тағы бір індет - құс тұмауының таралуы түрткі болды дейді ресейлік ғалымдар. Үкімет дертпен күресуге арнайы қаржы бөліп, қазақстандық ғалымдар H5N1 вирусына қарсы отандық вакцина жасап шығарған болатын.

Қазақстандық бұл жолғы жаңа вакцинаның сапасына ресейлік ғалымдар жоғары баға беріп отыр.

– Мұндай вакцинаның қорғау қабылеті өте жоғары болады. Ал техникалық шешіміне келетін болсақ, профессор Мамадалиевтің кәсіби жасап шығарған вакцинаның құрамы әлдеқайда өнімді және ерекше, – дейді Ресейдің Тұмау ғылыми-зерттеу институтының академигі Олег Киселев.

Ресей ғалымы Қазақстандық әріптестерінің ғылыми бағытта жұмыс істегенін атап өтті.

– Осынысымен олар ұтып отыр. Егер бұл вакцинаның соңғы сынақтан өтуі де өте жоғары нәтиже берсе, онда біз де осы технологияны ұстанатын боламыз, – деді Олег Киселев.

БАС САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕР ЖАҢА ӨНІМГЕ ҮМІТ АРТАДЫ

Жаңа вакцинаны сынақтан өткізу мерзімі келесі жылдың көктем айында аяқталады деп хабарланды. Егер ол сәтті өтсе, онда 2010 жылдың сәуір айынан бастап, Refluvac препаратының алғашқы даналары қолданысқа жіберілетін болады.

Ал Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Білім министрлігіне қарасты институт ашқан бұл жаңа вакцинаның 1,5 мың данасына қазірден бастап тапсырыс беріп қойды. Себебі, Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Кеңес Оспановтың айтуынша, қатерлі топты тегін емдейтін препараттың кем дегенде 1,5 мың дозасы қорда жатуы қажет екен.

– Біз әдетте тұрғындардың он пайызына тегін егеміз. Енді сынақ сәтті өтсе бұл вакцинаны біз келесі егу маусымы қарсаңында аламыз. Бұл тамыз айынан бастап қазан айына дейінгі аралықтар, – дейді бас санитарлық дәрігер.

Осыған дейін Қазақстанның Ұлттық биотехнологиялық орталығы құс тұмауына қарсы вакцинаны ойлап тапқан болатын.

Қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы министрлігі Kazfluvac деген атаумен белгілі, A\H5N1 вирусына қарсы ол вакцинаның жыл сайын 15 млн. данасына тапсырыс беріп келеді екен.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми деректеріне сүйенсек, әлемде доңыз тұмауы індетіне 600 мыңға жуық адам шалдыққан. Оның 7 мыңға жуығы көз жұмған.

Бұл вирус әлемнің 200-ден астам мемлекетіне тарап үлгеріпті. Ал Қазақстанда денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 18 адам ауырған. Бірақ олардың арасында өлім тіркелмеген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG