Accessibility links

Хасен Қожа-Ахмет: «Желтоқсанның үміті ақталған жоқ»


Хасен Қожа-Ахмет, 1960-70 жж. қазақ диссиденті. Алматы, 10 желтоқсан 2008 ж.

Хасен Қожа-Ахмет, 1960-70 жж. қазақ диссиденті. Алматы, 10 желтоқсан 2008 ж.

1977 жылы кеңес өкіметінің отарлық саясатына қарсы шыққаны үшін саяси диссидент ретінде 2 жылға сотталған Хасен Қожа-Ахмет 1986 жылғы Желтоқсан толқуының белсенді қатысушысы әрі ұйымдастырушыларының бірі деп танылып, тағы екі жылға бас бостандығынан айырылған.

Бүгінде алпысты алқымдаған Хасен Қожа-Ахмет Желтоқсан оқиғасы кезіндегі бастан кешкендерін қайтара есіне ала отырып, Азаттық тілшісіне сұхбат берген еді.


Хасен мырза, әңгімені осыдан 22 жыл бұрынғы оқиғаның алғашқы күнінен бастасақ.


— Қанша қасіретті әрі еске алуға өте қиын болғанымен бұл менің ұлтымның азаттық үшін арпалысқан ауыр күреске толы тарихының мәңгі ұмытылмас бір беті. Ол кезде біз, шыны керек, тәуелсіздік дегенді армандамақ түгілі, «КПСС жасасын, ұлы орыс халқымен достығымыз жасасын, ұлттар достығы жасасын» деп ұрандатып, құлдығымызды мақтан көріп жүрген едік қой.


1986 жылы 16 желтоқсан күні мен қызметке келе жатқанда алаңда тұрған 300 дей адамды көрдім. Ол кезде қазақ теледидарының музыкалық редакциясында жұмыс істейтінмін. Сөйтіп, жұмысқа келсем, бәрі терезеге қарап «Колбиннің келгеніне наразылық білдіріп жатыр екен» деп шуылдасып тұр екен. Содан мен қасыма екі жігіт ертіп алдым да алаңға бардым. Барсақ, мінбе бос тұр екен. Мінбеге шығып жұрттың көтеріп тұрған жазуларын оқыдық. Бәрі сол «Қазақ басшы керек», «Колбин кет» деген сияқты жазулар екен. Содан жұмысқа қайтып келіп алаңға қайта шығуға жиналдық. Сөйтіп түскі асты сылтауратып, музыкалық редакцияның қызметкерлері түгел алаңға кеттік. Келсек, милиция қоршап тұр екен. Біз де бірден килігіп жүріп ішке ендік.


Алаңдағы жұрттың алдына сол кездегі біраз лауазымды адамдар шығып сөйлегені белгілі. Олар кімдер еді?


Бас прокурор Елемесов, идеология жөніндегі басшы Камалиденов, министрлер кеңесінің басшысы Назарбаев бар. Халық деген толқып тұр. Ешкімнің сөзін естіртетін емес. Елемесовтің айтқаны есімде қалыпты. Ол: «Сендердің араларыңда бұзақылар, маскүнемдер, нашақорлар бар. Сендер солардың айтқанына еріп келдіңдер, тараңдар» деп айтып жатты. Басқаларының не дегені есімде жоқ. Сол кезде олардың өзі де бір-бірінен қорқып, қызметімнен айрылып қалам ба, басыма бәле бола ма деп, халықты тоқтататындай пәтуалы сөз айта алған жоқ.


Содан қас қарая солдаттар мен милиция жиналған қарақұрым халықты жаппай сабап, таяқтап зорлықпен таратуға күш салды. Сол маңдағы аулалардан тас теріп, қазіргі «Хабар» арнасы тұрған ғимараттың алдындағы мәрмәр тастарды уатып соны жасаққа қарсы лақтырдық. Қолымыздан келгенше қарсыласып, күресіп бақтық.


18-і күні тағы шықтым. Алаңға қарай бет түзеген 10-15 адамды жолдан милиция мен арнайы жасақ күтіп алып, қан-жоса ғып сабап автобустарға тиеп жатты. Сосын мен бірнеше мың адамның басын қосып бірден алаңға лап қоймаса, мына түрімен бәрі қырылып қалар деп ойлап, көшелерді кезіп қол жинадым. Біраз адам жиналып Жібек жолы көшесі мен Желтоқсан көшелерінің қиылысына келгенімізде алдымызды біркелкі қара киім киіп, қолдарына қырлы сойыл ұстаған милиция жолды автобуспен бөгеп күтіп тұр екен. Сол жерде бәрімізді ұстады. Ішкі істер бөліміне апарған соң менің кім екенімді бірден анықтады. Сөйтіп соттап жіберді.


Сотта сізге қандай айып тағылды?


Көтеріліске белсене қатысушы әрі ұйымдастырушылардың бірі және ұлтаралық татулыққа іріткі салушы деп айыптады. Бұнысы енді Мәскеуге «көтеріліске шыққандардың арасында осыдан бұрын да ұлтшыл ретінде сотталған адамдар болған, яғни халықты осылар бастаған» деген есеп беру үшін жасағандары. Бірақ сотталғандардың көбі уақытымыздан ерте босап шығып, түрмедегі басқа жігіттерді бостандыққа шығару үшін «Желтоқсан» ұйымын құрып жұмыс жүргіздік.


Сіздерді қудалауға, соттауға себепші адамдар кімдер?


Сол кездегі Жоғарғы сот Айтмұханбетов, бас прокурор Елемесов деген адамдардың бұйрығымен жасалған іс қой бәрі. Біз осы кісілердің жауапқа тартылуын талап еттік. Бірақ олардың бірде – бірі жазаланған жоқ. Тіпті, осыдан үш-төрт жыл бұрын Көкшетау қаласынан Елемесовтің атына көше беріпті. Ал не дейсің осыған?!


Бүгінде Желтоқсан көтерілісінің негізгі себебі, Қонаевтың орнынан кетіп, Колбиннің келуі делінеді. Сіздіңше, басты себеп осы ғана ма?


Біз Қонаев үшін шыққан жоқпыз. Қонаев біздің "екі туып бір қалғанымыз" емес. Алаңға Қонаевтың жақтастары мен туыстары шықты деген бекер сөз. Қонаев бар болғаны кеңестік қуыршақ өкіметтің басшысы болды. Көтерілістің басты себебі, ғасырлар бойғы қазақты рухани аздыру, жерін, байлығын тонау, орыстандыру саясатына байланысты әр қазақтың ішінде жатқан ұлт ретінде жойылып кетпейміз бе деген қауіптен туындады. Дәл осындай мағынадағы түсіндірмені 1988 жылы қараша айында Арқалықта түрмеде отырған кезімде КГБ ның қызметкерлері желтоқсанның себебін жазып беруімді сұрағанда да жазып бергенмін.


Желтоқсан туралы әңгіме бола қалса, көтеріліске байланысты көптеген құжаттарда сол кездегі әрі бүгінгі лауазым иелеріне қатысты тұстар көп болғандықтан жойылып жіберілген деген сөз ел арасында жиі айтылады. Бұған не дейсіз?


— Желтоқсан сол уақыттағы басшылардың өз халқына қарсы жасаған қастандығы болып есептеледі ғой. Сол басшылардың бәрі Кремлдің қаһарынан, қызметінен айрылып қалудан, ұлтына қорған болудан қорықты. Сондықтан да олар Мәскеу «ат десе атты, ұр десе ұрды, сотта десе соттады». Әрине, ол адамдар қазірде биліктің басында отыр. Олар Желтоқсанның шындығын айғақтайтын құжаттарды халыққа жария етпейді. Бірақ біз білеміз не болғанын. Мысалы, сол кездегі министрлер кабинетіне барлық министрліктер мен басқа да партиялық органдар бағынышты болатын. Барлығы Министрлер кабинетінің нұсқауымен жұмыс істейтін. Ал, Министрлер кабинетінің сол кездегі басшысы Назарбаев еді. Сол тұстағы прокурорлар мен соттар басқа да партия шенеуніктері орындарында қалды. Тіпті қызметтері өсті. Тәуелсіздік алған кезде де сол баяғы лауазымды қызметтерін атқарып жүрді. Атқарып та келеді. Осы адамдар Желтоқсан шындығын халыққа ашып көрсетпейді. Себебі өз бастары кетеді ғой. Енді, бастары кетпесе де, қызметтерінен босату қажет еді.


Желтоқсан толқуының үміті ақталды ма?


— Желтоқсанның үміті ақталды деп айтуға болмайды. Желтоқсан — басқа елдердің тәуелсіздікке жетуіне көп ықпал етті. Бізді басып, шаншып тастаған соң басқа да кеңес елдерінде желтоқсанның жалғасы болып, олар тәуелсіздікке қол жеткізді. Біз ең соңынан егемен ел атандық қой. Дегенмен тәуелсіздіктің жариялануы бар да, оның шын мағынаға ие болуы бар. Тәуелсіздік халыққа не үшін керек? Оның өзіндік бір критерийлері болу керек қой. Осы тұрғыдан келгенде бізде әлі бәрі сөз жүзінде ғана қалып келеді. Яғни, Тәуелсіздіктің халыққа беретін жемісі болу керек. Ал, бізде кешегі Алаш арыстарының жасаған бағдарламасының өзі іс жүзінде жүзеге аспады ғой. Бірде-бір ұлттық бағдарлама жасалмады. Тәуелсіздік алғанымызға 17 жыл толса да, отаршылардың тілінде сөйлеп, жат мәдениеттің құрсауында отырмыз. Сондықтан да қазақ халқы өзінің шын мәніндегі рухани, материалдық тәуелсіздігіне әлі қол жеткізген жоқ. Міне, жағдайымыз осындай!


Әңгімеңізге рахмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG