Accessibility links

Әзірбайжанда Гейдар Әлиевтің билік басына келуінің 41 жылдығы атап өтілді


Әуе шарындағы Гейдар Әлиевтің суреті.

Әуе шарындағы Гейдар Әлиевтің суреті.

Шілденің 14-і күні Бакуде концерт қойылып, отшашу атылды. Бұнның барлығы Әзірбайжан Коммунистік партиясы басшылығына Гейдар Әлиевтің келгеніне 41 жыл толуына арналған мерекелік шаралар еді.


1969 жылы шілденің 14-і күні Гейдар Әлиев Әзірбайжан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне кірісті. Оған дейін осы қызметте отырған Вели Ахундов жаппай жемқорлық былығына батқан деген айыппен жұмыстан кеткен еді.

Республика басшылығына келерден бұрын Гейдар Әлиев Әзірбайжан ССР-і мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) төрағасы болған еді. Ол бұл атышулы органда 1941 жылы Нахичеван АССР-і НКВД қызметкері болып бастап, табаны күректей 28 жыл бойы жұмыс істеді. Генерал шенін алды.

Алайда тәуелсіз Әзірбайжанның ресми баспасөзі Баку саябағындағы отшашу жайлы сараң ғана жазды. Мүмкін бұл Әзірбайжанның осы тақылеттес мереке-мейрамдардан кенде еместігінен болар. Әлиевтер отбасы бұл елді аз ғана үзіліспен отыз жылдан астам уақыт билеп отыр.

Мысалы, жыл сайын мамырдың 10-ы күні Гейдар Әлиевтің туған күніне арналған салтанатты шаралар ұйымдастырылады. Әйткенмен бұл күн ресми мейрам болып саналмайды.

Ал КГБ генералының Әзірбайжанда билік басына келуінің 41 жылдығына арналған биылғы шаралар жайында айтар болсақ, шілденің 12-і күні Бакуде Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Вагиф Аббасовтың «Ұлылар, даналар мен жаһангерлер өмірінің сабақтары» атты кітабының тұсаукесері өтті. Гейдар Әлиевтің құрметіне арнаған бұл шығармасында аутор оның есімін Мұхаммед пайғамбар, Ибн Сина, Ататүрік, Исаак Ньютон, Теодор Рузвельт және өзге де тарихи тұлғалармен қатар қояды.

Әзірбайжан күнтізбесінде елдің бұрынғы президенті Гейдар Әлиевтің есімімен байланысты тағы бір мейрам бар – 1997 жылы ел парламенті маусымның 15-ін Ұлтты құтқару күні деп жариялаған болатын.

1990 жылдардың басында Мәскеуден елге оралған зейнеткер Гейдар Әлиев іс жүзінде Әзірбайжанның орталық билігіне бағынбаған Нахичеван Автономиялық Республикасы Жоғары Межлисі дейтұғын органның төрағасы болып сайланды. Нахичеван Автономиялық Республикасы тәуелсіз Әзірбайжанның тұңғыш президенті сайлауына бойкот жариялаған еді. Ол сайлауда Аяз Мүтәлібов жеңіске жеткен болатын.

Әзірбайжанның қазіргі ресми тарихнамасында, тек Милли Межлис (парламент) депутаттары қолқалап қоймаған соң ғана Гейдар Әлиев 1993 жылы маусымның 9-ы күні Нахичеваннан Бакуге келіп, маусымның 15-інде Әзірбайжан парламентінің төрағасы болып сайланғаны туралы айтылған.

Осылайша билік басына екінші мәрте және біржолата келген оны Әзірбайжанда «ұлт бірлігін құтқарушы» деп те атайды. Гейдар 2003 жылы желтоқсанның 12-і күні Кливленд қаласындағы ауруханада дүниеден өтті. Ол көзі тірісінде премьер-министр қызметіне қойып кеткен баласы Ильхам марқұм әкесінің орнына ел президенті болып отырды.

Содан бері Ильхам Әлиев те мұнайға бай бұл елдегі билікті, әкесі сияқты, темірдей қатты уысынан шығармай ұстап отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG