Accessibility links

Бабалардан қалған мирас немесе Талас бойы - тұнған тарих

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Моңғолия жерінде тұрған әйгілі Күлтегін ескерткіші. Суретті түсірген тарихшы ғалым, жазушы Мұхтар Мағауин.

Моңғолия жерінде тұрған әйгілі Күлтегін ескерткіші. Суретті түсірген тарихшы ғалым, жазушы Мұхтар Мағауин.

Azattyq.org веб сайтының «Халық қазынасы» айдарынан бұл жолы біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында дүниеге келген жазба-жәдігерлер жөнінде әңгіме етпекпіз.


Қазақ даласы тағылымды оқиғаларға толы. Оған дәлел - археологиялық, этнографиялық және тарихи жазбаларымыз.

Советтік идеология «Қазақта жазу, демек жазба ескерткіштер болған жоқ» деп байбалам салғанымен, тұтас адамзат өркениетіне алтын олжа боп қосылған, атақты Орхон-Енисей (Енесай) жазба ескерткіштері сонау жетінші, сегізінші ғасырларда дүниеге келген.

Әлемдік бірнеше түрколог-ғалымдар тарапынан ол жәдігерлерді оқып-зерттеу ісінің сонау он жетінші ғасырдың соңында басталып


қойғанын да Кремлдегілер қаперге алмауға тырысты емес пе...

Ал ғылыми дәлелдер мен тарихи шындықтар тарих қойнауынан бабалар үнін бізге үздіксіз жеткізумен болды.

«Халық қазынасы» айдарымен бұдан бұрын жарияланған мақалаларымызда баяндағанымыздай, көне түркі жазба ескерткіштері Енесай (Енисей), Талас және Орхон жазбалары болып үш топқа бөлінеді.

Біз бүгін Талас жазба ескерткіштерінің жайы туралы сөз қозғамақпыз.

ЖЕТІ ӨЗЕН АҢҒАРЫ - ЕСКЕРТКІШТЕР БЕСІГІ

Табиғат жарықтықтың суға кемел кезінде қойнауынан кем дегенде жеті өзен ағып шығатын Жетісу жері Түркі халықтарының түрлі тайпаларының мекен еткен аймағы болған деседі ғалымдар.

Сол аймақты кесіп өтетін Талас өзенінің бойы - тұнған тарих.

Қазірдің өзінде Талас өңірін бір аралап өтер болсаңыз, бір кездегі небір өркендеп, көркейе өскен өркениеттер мен тарихи мекендердің
Этнограф Жағда Бабалық бетінде домбыра және билеп тұрған адамдар бейнеленген тарихи тасты алғаш тауып, 1988 жылы мұражайға тапсырған. Алматы, 8 қазан 2008 жыл.
жәдігер жұрттары андағайлап алдыңыздан шығады.

Мысалы, Ақыртас, Тамды әулие, Түймекент, Ақтөбе, Талас түргештері, Ақ кесене, Көк кесене сияқты толып жатқан тарихи атауларды иемденген мекендер жылдар белестерінде қойнауына талай сырды бүккен осынау маң даланың «сыр көрпесін» тарта түсетіндей. Бұл жөнінде филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаевтің «Талас аңыздары» атты еңбегінде мол мағлұматтар бар.

Сөз кезегінде айта кету керек, ғалымдардың дәлелдеуінше, Талас ескерткіштеріндегі жазба әліпбиінің өрнектелу стилі Енесай ескерткіштерімен ұқсас екен.

Түркологтар болса, Енесай, Талас жазба ескерткіштері үлгілерінің Орхон ескерткіштеріне қарағанда тым көне дәуірлерге тамыр тартатынын айтуда.

Демек бұл үш топтағы жазба ескерткіштерінің, салыстырмалы түрдегі жаңаша сипатта деп есептелетін Орхон ескерткіштері шамамен жетінші, сегізінші ғасырларда дүниеге келгенін ескерер болсақ, онда Енесай, Талас жазба ескерткіштері тарихының түп-негізі одан да әріге, бәлкім, біздің дәуіріміздің басталар тұсына жетелеп әкетуі мүмкін ғой.

ҚҰПИЯСЫ ТОЛЫҚ АШЫЛМАҒАН ЖӘДІГЕРЛЕР

Ал осы ежелгі Талас жазбаларын іздестіру ісінің өзі он тоғызыншы ғасырдың соңына қарай басталған.

Талас жәдігерлерін алғашқы боп іздеп шыққан орыс ғалымы Василий Бартольд еді. Алайда, ғалым сол жолы Ресей археологтар қоғамына олжасыз оралды.

Дей тұрғанмен, осынау көнекөз жәдігерлерді іздестіру идеясымен қанаттанған, сол кездегі Әулиеата оязының басшысы В.А. Каллаур 1896 жылы Талас ескерткіштерінің бірінші және екінші нұсқаларын тапқан болатын.

Әлемдік түрколог-ғалымдардың Талас өңірі тарихына деген қызығушылықтарының артқаны соншама, араға аз ғана жылдар салып, Талас ескерткіштерінің үшінші, төртінші, бесінші нұсқалары да табылған еді.

Қуанарлық жай, ғылыми ізденістер мұнымен шектеліп қалмады. Атап айтқанда, 1932-1933 жылдары Талас өзені бойындағы Ашықтас деген алқаптан көне түркі жазулары ойылып жазылған жеті ағаш кесіндісі табылған болатын. Мұның өзі Түркология саласындағы айтулы жетістік еді.

Себебі, бұған дейін тек тасқа жазылған тарихи ескерткіштер табылып келген болса, енді міне, он тоғыз ғасырға жуық мезгіл ішінде небір алмағайып Уақыт тезіне төтеп берген кәдімгі ағаштағы жазбалардың, жиырмасыншы ғасыр табалдырығында, зерттеуші ғалымдардың қолына тиюі айтарлықтай тарихи олжа болатын.

Бәзбір ғылыми деректерге қарағанда, бүгінгі күнге дейін ұзын-ырғасы жиырма шақты Талас ескерткіштерінің жәдігерлері табылған көрінеді.

Аталған жазба ескерткіштеріндегі таңбаларды оқып, олардың мағынасын зерттеу ісіне П.М. Мелиоранский, В.В. Радлов, С.Е. Малов сияқты тағы басқа да әлемдік деңгейдегі ғалымдар атсалысқан екен.

Халықаралық дәрежедегі түркологтардың кейбірінің айтуынша, Орхон, Енесай, Талас жазба ескерткіштері руналық жазудан бастау алады-мыс.

Ал қазақстандық белгілі түрколог ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғұбайдулла Айдаровтың дәлелдеуінше, түркі жазбалары руналық жазбалардан едәуір бұрын дүниеге келген екен. Сондықтан аталған ескерткіштердегі түркі жазбаларын руналық әліпбиге апарып телу - ғылыми жаңсақтық болатын көрінеді.

Ғалымдар сөз етіп отырған руналық жазу болса, біздің дәуіріміздің екінші, үшінші ғасырлары аралығында дүниеге келген дейді ғылыми бұлақ көздері.

Деректі ой-пікірлерге сүйенер болсақ, Талас ескерткіштерінің құпиясы әлі толық ашылып болған жоқ. Ол ескерткіштердегі мәтіндерді оқу үшін білікті мамандармен қатар қомақты қаржы қажет дейді ғалымдар.

Қадірменді оқырман! Azattyq.org веб-сайтының «Халық қазынасы» айдары арқылы қазақ халқының рухани жәдігерлерін түгендесуге өздеріңізді де шақырамыз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG