Accessibility links

«Красный трудовик» тұрғындары қыс көзі қырауда баспанасыз қалғылары келмейді

  • Нәйла СҰЛТАН

"Красный трудовик" ауданының тұрғындары өз құқықтарын қорғауға жиналды. Алматы, 5 желтоқсан 2008 ж.

"Красный трудовик" ауданының тұрғындары өз құқықтарын қорғауға жиналды. Алматы, 5 желтоқсан 2008 ж.

Алматыда «Красный трудовик» ықшамауданының тұрғындары үйлері бұзылуға тиісті деп шығарылған сот шешімдеріне қарсы. Баспаналары мен жер телімдерін заңдастыруды талап еткен олар өз наразылықтарын білдірді.

Желтоқсанның 5-і күні «Красный трудовик» ықшамауданының тұрғындары өз үйлері мен жер телімдерінің заңдастырылуын талап еткен жиын өткізді.

- 2007 жылдың шілде айында мен 6 мың АҚШ долларына 6 сотық жер телімін сатып алдым. Біраз ақша шығарып, үй тұрғыздым. Арада аз ғана уақыт өте салысымен мүлікті заңдастыруға құжаттарымызды ұсынып көріп едік, өтпей қалды. Үкімет бір жағдайды жасар деп сеніп отырғанымызда, Алатау ауданының әкімі келіп, біздің көзімізше 6 үйді сүріп тастады. Қаншама шығын десеңізші. Көптеген адамдарды зарлатты, - деді Жұмағали Жесекбаев. Жұмағали секілді баспаналарынан айырылып қалу қаупі төніп тұрғандар арасында көп балалы ана Өсер Алдашева да бар. Қарт ана өз үйін әне-міне бұзылып кетеді деген үреймен, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалғанын айтты:

- 12 бала тәрбиелеген анамын. Ауылда жағдай болмаған соң қартайған шағымда ұлымның қолына келген едім. Бала-шағасына қарап отырмын. 4 немерем бар, келінім жұмыссыз. Жағдайымыз мәз емес. Отбасымызды күні-түні неше түрлі адамдар келіп мазалайды.

«Красный трудовик» ықшамауданы тұрғындарымен жолығып, жағдайды көріп қайтуға келгендердің арасында «Алға» азаттық-қоғамдық бірлестігінің өкілдері де болды. Аталмыш бірлестіктің заңгері Зейінбек Бұлжанов тұрғындардың басындағы жағдайды төмендегідей баяндады:

- Бұл жердегі тұрғындарды кезінде бір алаяқ алдап, өтірік құжатпен жер сатып кеткен. Мұнымен құқық қорғау органдары айналысуы тиіс еді. Алайда тұрғындар өздерінің алданып қалғандықтарын қорықпай айтып, арыздануы керек. Тұрғындардың үйін заңдастыруға болады. Себебі мүлікті заңдастыру туралы қаулы шықты ғой. Негізінде мемлекеттің қадағалауындағы жерге заңсыз үй салынып, үкімет бұл баспаналарды бұзуға жіберсе, онда мемлекет оны алданды деп мойындауы керек. Сондықтан үкіметтегілер оларға өтемақы төлеп, осы нарық жағдайын ескере отырып, үй салып беруге міндетті.

Алатау ауданына қарасты «Красный трудовик» ықшамауданында заңсыз деп танылған 400-ден астам үй бар. Ауданда бүгінгі күні шамамен 300-ге жуық отбасы тұрады.

Тұрғындар қыс көзі қырауда биліктегілер өздерін далаға тастамас деген үміттерін жеткізді. Алайда кейбір адамдарға «жерді заңсыз иеленіп, құрылыс салғансыңдар» деп, олардың баспаналарын бұзу туралы шығарылған сот шешімін тұрғындар әділетсіз деп бағалайды. Заңсыз үй, жер дауынан әбден шаршап, титығы жеткен тұрғындар, өздерінің мұң-мұқтажын билік басындағылар ескеріп, паналап отырған жер телімдерін заңдастырып берсе деген тілек айтады:

- Үкіметтегілер осы мәселені шешеді деген үміттеміз. Осыншама халықты қаңғытып жібермейтін шығар. Шындығын айтқанда, мына халық тентіреп кетейін деп отыр. Баспаналары бұзылуға кетсе, онда қаңғыбастардың саны көбейеді. Осы уақытқа дейін әкімнен артық ешбір адамға кірген емеспіз. Бізді еш жерге кіргізбейді де, -деді тұрғын Қанат Салықжан.

Естеріңізге сала кететін болсақ, осы жылдың 20-шы қарашасында Шаңырақ, Өжет, Әйгерім, Ақбұлақ, Красный Трудовик және басқа да елдімекендердің тұрғындары Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоровқа жолыққан болатын. Алайда әкімнің жауабына қанағаттанбаған олар Н. Назарбаевтың атына ашық хат жазуды ұйғарған еді.

Біз осы мәселеге қатысты Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоровқа хабарласқанымызда, онымен тілдесу мүмкін болмады.

Жалпы көлемі 7500 гектардан асатын Алатау ауданының құрамына енетін 18 елдімекенде 170 мыңға жуық халық тұрып жатыр. Аудан территориясында заңсыз салынған деп танылған құрылыс нысандарының саны 5 мыңға жуық. Даулы жер телімдерінде отырғандардың дені әлеуметтік жағдайы төмен аймақтардан күнкөріс қамымен Алматыға қоныс аударған отбасылар.

Красный трудовик тұрғындары жазған плкаттар мен ұрандар, 5 желтоқсан, 2008

Красный трудовиктің тұрғыны Жұмағұл Жесекбаев. Алматы, 5 желтоқсан, 2008

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG