Accessibility links

«Верный.KZ» компаниясының бұрын басшылығында болған екі әйел 9 жылға сотталды


"Верный KZ" құрылыс компаниясының директоры Майя Әбішева (оң) және оның орынбасары Ләззат Есенова сот үкімі шығар алдында. Алматы, 26 қаңтар 2009 ж.

"Верный KZ" құрылыс компаниясының директоры Майя Әбішева (оң) және оның орынбасары Ләззат Есенова сот үкімі шығар алдында. Алматы, 26 қаңтар 2009 ж.

Қаңтардың 26-ында Медеу аудандық сотының үкімімен «Верный.KZ» құрылыс компаниясының бұрынғы басшылары Майя Әбішева мен Ләззат Есенованың әрқайсысы 9 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Ал "Верный.KZ" компаниясының құрылтайшысы Жанат Ақбиевке халықаралық іздеу жарияланған-ды.

Медеу аудандық сотының судьясы Өмірзақ Серімовтің шығарған үкімінде «Верный.KZ» құрылыс компаниясының бұрынғы директоры Майя Әбішева мен оның орынбасары Ләззат Есенова үлескерлерден түскен қаржыны талан-таражға салғандығы үшін айыпты деп табылды.

"Үлескерлерден жиналған ақшаның бір бөлігін "жалған" құрылыс компаниясының басшылары басқа фирмалардың есебіне аударған, қаржының қалған бөлігі бухгалтерияда мүлде көрсетілмеген" делінеді үкімде.

Алайда, М. Әбішеваның адвокаты Инэль Киселева мен Л.Есенованың адвокаты Александр Ерубаев сот үкімімен келіспейтіндіктерін айтып, қалалық сотқа шағымданатындарын жеткізді.

Алданған үлескерлердің бір тобы соттың шығарған шешіміне қанағаттанса, енді бір тобы оған көңілдері толмайтындарын айтып, қалалық сотқа шағымданбақшы.

"Верный KZ" құрылыс компаниясының басшылығына қарсы сот процесінен көрініс. Алматы, 26 қаңтар 2009 ж.
— Жаңа маған үлескерлердің бір тобы келіп сот шешімімен келіспейтіндіктерін айтты. Олар енді қалалық сотқа шағымданбақшы. Оның себебі, сот Жанат Ақбиев және басқалардың жалған компаниялар құру арқылы халықты алдаған алаяқтар тобы екенін анықтамады. Бар бәлені қазір іздеуде жүрген адамға итере салды. Бұлай істеуге болмайды. Бұлар арнайы бір адамның басшылығымен жұмыс істеп, алаяқтықпен айналысқан топ. Сондықтан үлескерлердің қалалық сотқа шағымдануы дұрыс деп есептеймін. - деді заңгер Василий Резван.

Бірақ алданған үлескерлердің бастамашыл тобының жетекшісі Айжан Жанқоразқызы соттың шешіміне разы екендіктерін әрі үкімет тарапынан алданған үлескерлердің мәселесін шешу үшін бөлінген 10 млрд.теңге қаржы мақсатты түрде жұмсалып, 2009 жылдың 3 тоқсанында үй алатындарына үмітті екендіктерін атап өтті.

«Верный.KZ» компаниясының алданған үлескерлерінің бірі, бірінші топтағы мүгедек Жолымбетов Әнуар: «алаяқтардың сотталған я сотталмағаны маған бәрібір. Маған керегі не үй, не ақша. Үкіметтің бізге көңіл бөлгеніне қарап, жақында үйлі болатын шығармын деп отырмын» дейді.

Медеу аудандық сотының судьясы Өмірзақ Серімов шығарған үкімде «Верный.KZ» құрылыс компаниясының басшылары 2004 жылдан бері 235 үлескерден жиналған 1 млрд. 763 млн.435 мың 911 теңге көлеміндегі қаржыны жалған компаниялар ашу арқылы өз істеріне және жеке бастарына пайдаланғаны айтылған.
XS
SM
MD
LG