Accessibility links

Қызылжарда жаңа салынған үйдің өзіне алдымен жөндеу жүргізіп алу қажет

  • Аруна БУЛАТОВА

Петропавлдағы жаңа үйдің жертөлесінің сиқы. 11 желтоқсан, 2008 жыл.

Петропавлдағы жаңа үйдің жертөлесінің сиқы. 11 желтоқсан, 2008 жыл.

Петропавлда ипотекалық несиемен алынған үйлердің тұрғындары қыс бойы қалтырап шықты. Жаңа үйлердің қабырғалары айрылып, терезелерінен жел үрлеп тұрады. Құрылысшылар үйді қысқа мерзімде пайдалануға беруге тура келгенін айтады.

Петропавл қаласында соңғы кезде салынып жатқан үйлердің сапасы тұрғындардың көңілін көншітіп отырған жоқ. Мәселен, былтыр қараша айында Интернационал көшесінде су жаңа ипотекалық үй пайдалануға берілген болатын. Көптеген жылдар бойы ұзын-сонар кезекте тұрып, баспаналы болғандардың төбесі көкке екі елі ғана жетпей қалған еді. Бірақ қуаныштары ұзаққа созылмады. Сыз тартып тұрған үйдің іші салқын болып шықты. Екі жыл бойы пәтер кезегінде тұрған жас ана Алма Сүлейменованың айтуынша, олар бұл пәтерге кіргеннен кейін бір ай да тұрмапты.
«Өйткені мұнда тек пима және сыртқы киіммен ғана жүру керек еді. Қысқы киімдерімізді түнде де тастамай, түбіт шәліге оранып жататынбыз. Стакандағы су қатып қалатын. Балконның есігін мұз басып қалды. Сондықтан біз қыс бойы басқа пәтер жалдап тұрып, мұнда күн жылынған соң ғана қайта көшіп келдік», - дейді Алма.

Кейбір тұрғындар үйлерін жылыту үшін қолдарынан келгенше шаралар қолданыпты.Осы үйде тұратын тағы бір жас ана Динара Жазитова: «Былтыр қыста біздің пәтерімізде сыз болғаны өз алдына, ауа температурасы 16 градустан жоғары көтерілген емес. Баланың бөлмесіндегі батарея тым кішкентай еді. Біз баланың денсаулығын құртпау үшін, батарея жалғап, үлкейтіп алдық» дейді.
Интернациональный көшесіндегі жаңа үйідң жертөлесін су басып жатыр.


Сөйтсе, бұл үйдің жылу жүйесінде кемшіліктер бар болып шықты. Үй мәселелерімен айналысатын Николай Семеновтың айтуынша, жертөледе бірқатар шалағайлықтар болыпты. «Жылу жүйесінің құрал-жабдықтары толық орнатылмаған, кейбір жабдықтары ақаулы болып шықты. Құбырларды жуып-шайған кезде екі элеваторда бұрандалар жоқ екені белгілі болды. Сондай-ақ, пәтерлердің құбырларында да бұрандалар жоқ, ыстық су беретін бұранда жарамсыз екен» дейді Николай Семенов. Ол осы ақаулар туралы барлық бақылаушы органдарға арыз жазған екен. Содан кейін ғана мердігерлер жылу жүйесін ретке келтіріпті.

Осы үйде тұратын Дмитрий Арютин пластикалық терезелердің буланып, қатып қала беретініне ренжулі:
- Терезелер ретке келтірілмеген, тесіктері бар. Мердігер компания – «Строитель» фирмасы біздің шағымдарымызға құлақ асар емес, «Народные окна» компаниясына сілтейді. Ал ол компаниядағылар «Біз терезені жасап шығардық, бітті, орнатқан біз емес. Кім орнатты, соған барыңдар» дейді. Басқа компаниялар біреудің кемшіліктерін мүлде жөндегісі келмейді. Сондықтан мен өзім терезені жұлып алып, қайта салдым, шұрқ-тесіктерін де өзім тығындадым, - дейді ол.

Басқа пәтерлердің де терезелері осындай. Сыздан қабырғалары сары ала, айғыз-айғыз. Бұрыштағы пәтерлердің қабырғаларын өңез басқан. Бесінші қабатта тұратындар жаңбыр жауса, төбелерінен су ағатынын айтады.
Қабырғалары тым жұқа, дыбыс оқшаулағышы жоқ. Сондықтан көршілер бірінің үйінде не болып жатқанын сұрамай-ақ біліп отырады, тіпті теледидарды қоспай-ақ, жаңалықтарды да тыңдай алады.

Алманың пәтерінде қабырға мен төбе арасындағы бастапқыда көзге көрінер-көрінбес сызат күннен-күнге ұлғайып бара жатыр. «Қалалық әкімдіктен адамдар келіп, өлшеп, суретке түсіріп кеткен. Бірақ содан бері үнсіз» дейді Алма. Шеткі подъездердегі пәтерлердің бәрінде осындай сызаттар бар. Бесінші қабатта тұратындар бір күні төбе құлап кете ме деп алаңдайды.
Үйдің ауласында саз бен шалшық судан аяқ алып жүргісіз. Биыл солтүстікте қыс асығар емес. Сондықтан есік алды миы шығып, езіліп жатыр. Осы маңайда бұрыннан тұратындардың айтуларынша, бұл жерде өмір бақи су құрғаған емес. «Құрылысшылар алдымен құдық пен суағар жасап алуы керек еді» дейді олар. Бұл су енді жертөлеге аға бастаған. Билік басындағылар тұрғындардың шағымдарын аяқсыз қалдырыпты.

Николай Семенов осы кемшіліктер туралы қалалық әкімдікке, облыстық құрылыс департаментіне және басқа да өкілетті органдарға бірнеше рет хат жазыпты. Оның айтуынша, ол ай сайын хат жазады екен. Билік басындағылар да ай сайын төбе көрсетіп кетеді екен. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ.

Сәулет-құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы, қазіргі облыс әкімінің орынбасары Александр Чженнің айтуынша, комиссия аулаға асфальт сапасыз төселгенін, сондықтан шалшық су жатқанын, жылу құбыры жартылай су астында қалғанын, кәріз құдығында топырақ бар екенін анықтаған. «Кепілді мерзім ішінде барлық кемшіліктерді жою мердігерге жүктеледі. Міндеттерін орындамаса, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады» деді Александр Чжен.

Мердігер компания «Строитель» фирмасының құрылысшылары осыдан кейін келіп, қабырғалары ең қатты шытынап кеткен бір пәтерде жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Сонымен шектелген. Мердігердің осы үй құрылысы бойынша учаске бастығы болған Владимир Дубинкиннің айтуынша, құрылыс сапасына уақыттың тығыздығы кері әсерін тигізген. «2007 жылдың наурызында осы үйдің қадасын қағып, сол жылдың қарашасында нысанды тапсырдық. Бізге берілген мерзім осындай еді. Құрылыс барысын тым асықтырып, екі аяқты бір етікке тығуға болмайды. Осындай кемшіліктердің бәрі содан шығады» деді.

Ал тұрғындар болса 20 жылға алған ипотекасын ай сайын төлеп отыр. Бірақ қазірдің өзінде сыр бере бастаған баспаналары 20 жылдан соң қандай күйде болар екен деп алаңдайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG