Accessibility links

Алматы әкімдігіне басып кірген әйелдер сотқа тартылып, бесеуіне айыппұл салынды


Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты. Алматы, 11 желтоқсан, 2008ж.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты. Алматы, 11 желтоқсан, 2008ж.

Бүгін Алматы қалалық әкімшілік соты алты әйелдің үстінен қозғалған істерді қарауға кірісті. Әлеуметтік жағдайы төмен әйелдер бейсенбі күні қалалық әкімшілік ғимаратына рұқсатсыз енгені үшін жауапқа тартылды.

Желтоқсанның 11-і күні «Красный турдовик» ауылының тұрғыны Бибігүл Әбназароваға Алматы қалалық әкімшілік соты 11680 теңге (100 АҚШ долларына жуық) мөлшерде айыппұл салды. Бұдан бір күн бұрын қалалық әкімшілік ғимаратына рұқсатсыз кіріп кеткені үшін сот Бибігүлді айыпты деп таныды.

- Мен ештеңені бүлдіргенім жоқ, бар жазығым - өзім тұрып жатқан алақандай жер телімін заңдастыруды сұрап бармаған жер, баспаған тау қалмаған соң келген едім әкімшілікке. Алатау ауданының әкімшілігі бұл мәселені тек қала әкімі шешеді деген соң, көпшілікпен бірге А.Есімовке ашық хат алып барған болатынбыз. Ал бүгін енді маған мынадай айыппұл салды, мен бұған наразымын. Себебі, бұл мен үшін көп ақша. Отбасымда жалғыз асыраушымыз – базарда кісіге жалданып жұмыс істейтін күйеуім ғана. Мектепте оқитын екі балам бар, өзім жұмыссызбын, - деді Бибігүл.

Бейсенбі күні Бибігүлмен бірге әкімшілік сотқа тартылған тағы да бес әйелдің істерін жеке-жеке алты судья қарады. Олардың барлығы да әкімшілік құқық бұзу кодексінің 388-ші бабымен жауапқа тартылды.

- Біздегі билік қара халыққа ешқандай көмек жасап жатқан жоқ. Біздің үрейіміз - бұлар ертең көктем жеткенде тағы да біздің баспаналарымызды бұзып, отырған жерімізден айырғысы келіп отырған секілді. Біз осыдан екі аптадай бұрын жағдайымызды айтып президентке хат жаздық, енді содан жауап күтіп отырмыз. Мен тұратын Шаңырақ-5 елдімекенінде, одан қалса бүкіл Алатау ауданында мыңдаған отбасында дәл осындай жағдай. Биліктегілер бізге бетін бұрып, мәселемізді дұрыстап шешпесе, оның арты жақсылыққа апармайды. Қит етсек сотқа тартып, айыппұл салуы халықты одан сайын ашындармаса баса алмайды, - деді әкімшілік сотқа тартылып жатқан әйелдерге қолдау білдіріп келгендердің бірі Света Салдыкова.

Желтоқсанның 10-ы күні қаладағы даулы жатақханалар мен «Красный трудовик», «Шаңырақ-5» елдімекендерінің 50-ге жуық тұрғыны жерлерін заңдастырып беру және Алатау аудандық әкімшілігі тарапынан құрылған комиссия құрамын өзгерту сияқты талаптарды қала әкімі А.Есімовтің алдына тартпақшы болды. Алайда, әкім оларға шықпаған соң ғимараттың ішіне күшпен кірген әйелдер дәлізде "Менің Қазақстаным" әнұранын шырқап, шенеуніктердің назарын өздеріне аудартпақ болған еді. Бірақ, наразылық білдіруші әйелдердің алтауын көп ұзамай полиция ұстап әкеткен -тұғын. Ұсталғандардың арасында бұған дейін де әкімдік алдында рұқсат етілмеген митинг өткізгені үшін сотқа тартылып, айыппұл салынған Ризада Жақыпбек бар.


Бейсенбі күні әкімшілік сот Р.Жақыпбектен басқа бес әйелге бірдей шешім шығарды – әрқайсысына 11680 теңге айыппұл салынды. Ал Жақыпбектің ісі бойынша шешім әлі шығарылған жоқ.

Бүгінде 170 мыңға жуық халық тұратын Алатау ауданының аумағында заңдастырылмай салынған деп танылған 5 мыңға жуық құрылыс нысандары бар. Даулы жер телімдерінде отырғандардың дені әлеуметтік жағдайы төмен аймақтардан күнкөріс қамымен Алматыға қоныс аударған отбасылар.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG