Accessibility links

Қалалық соттың шешімі үлескерлердің пайдасына шешілгенімен олардың күпті көңілін жұбата алмады


Құрылыс компаниясының алданған үлескерлері сот шешімін күтіп тұр. Алматы, 27 ақпан, 2009 жыл.

Құрылыс компаниясының алданған үлескерлері сот шешімін күтіп тұр. Алматы, 27 ақпан, 2009 жыл.

Ақпанның 27-інде «Спецстальснаб» компаниясының үлескерлеріне қатысты Казкоммерцбанктің шағымын қараған Алматы қалалық соты бірінші инстанцияның шешімін жартылай қанағаттандырды. Бұған дейін үлескерлер аталған құрылыс компаниясын Бостандық аудандық сотында жеңіп, жер телімін банк салған кепілден босатқан болатын.

Тау бөктерінде коттедж қалашық салу үшін 55 үлескерден қаржы жинаған Алматылық «Спецстальснаб» құрылыс компаниясы тұрғын үйлерді келісім-шартта көрсетілген мезгілде қолданысқа бермегені былай тұрсын, сол қалашықты Казкоммерцбанктен алған несиеге кепіл ретінде заңдастырған. Іс сотқа дейін жетіп, Бостандық аудандық соты 2008 жылғы желтоқсанның 30-күні процесті үлескерлердің пайдасына шешіп берді. Алайда аудандық соттың үкімімен келіспеген Казкоммерцбанк жыл басында Алматы қалалық сотына шағым түсірді.

Бұл істі ақпанның 22-і күні күні қарай бастаған қалалық сот келесі мәжілісті жұмаға, яғни ақпанның 27-іне белгілеген болатын. Өткен жылдың аяғында аудандық соттың табалдырығын тоздырған елу жақты үлескер енді таңертеңнен бері қалалық соттың алдында кезек тосып тұр. Солардың бірі – Шолпан Ниязбаева.

Үлескер Шолпан Ниязбаева, Алматы, 27 ақпан 2009 ж.
– Үлескерлікке ену үшін анамның пәтерін сатып, соның үстіне ақша қосып компанияға өткізген болатынмын. Қазір екі балам және шешеммен бірге пәтер жалдап тұрып жатырмын. Бұлай болар деп кім ойлаған... Бар болғаны тұрмысымды сәл де болса жақсартсам деген ой еді, – деді 13 миллионнан астам теңгені өз қолымен құйып берген үлескер Шолпан.

Жарнамада көз тартқан әсем қалашықтағы коттедж үшін одан да қомақты қаржы құйған үлескерлер де бар. Олардың барлығы да, әрине, құрылысы аяқталмаған қалашық «Казком» банктің қарамағына өтіп кетпесе екен деп тілейді.

– Жағдай мынадай: «Спецстальснаб» компаниясы банкке қарызын қайтара алмайды – ақшасы жоқ. Ал банк болса біздің жерімізге қол салады деген сөз. Мысалы, менің үйімнің құрылысы бітуге жақын қалған болатын. Өз үйіме тезірек кіргім келеді. Алайда, мен оны өз атыма заңдастыра алмаймын. Өйткені, менің үйім тұрған жер банкке кепілге қойылған, – деді басқа түскен соң заң-жарғымен жақынырақ танысуға мәжбүр болғанын жасырмаған Шолпан Ниязбаева.

Сонымен қатар, ол Бостандық аудандық соты істі үлескерлердің пайдасына шешіп бергенде қатты қуанғандығын, ал шағым қалалық сотқа жеткенде уайым-қайғы қайта басталғанын айтады.

Соттың кезекті отырысы шамамен жарты сағатқа созылды. Сот мәжілісіне Азаттық радиосы мен stantv интернет телеарнасының журналистерін кіргізген жоқ. №6 сот залының есігін күзеткен сот приставы: «Сот төрағасы журналистерді кіргізбе деп тапсырды», – деді.

№6 залдан үлескерлер қуанышты көңіл-күймен шығып жатты: сот төрағасы Исаханова Бостандық аудандық сотының шешімін жартылай күшінде қалдырыпты. Жартылай дейтініміз, сот бірінші инстанциядағы сот отырыстарына қатысып, процесті жеңіп шыққан 15 үлескердің жер телімі ғана кепілден босатылады деп шешкен. Ал қалған 36 үлескер өз жерін кепілден ажырату үшін дәл осындай әдіспен аудандық сотқа арыздануы тиіс.

Алайда «Спецстальснаб» компаниясының мүддесін сотта қорғаушы, көпшілікке «халық депутаты» ретінде танымал заңгер Сергей Уткин күрестің қалалық сотпен шектелмейтіндігін мәлімдеп отыр.

– Бұл әділетсіз және заңсыз шешім. Осындай шешімді сот төрағасы қалай негіздейтіндігін әзірге түсіне алмай отырмын, таныса жатармыз. «Үлескерлерді қорғау керек қой» деген оймен шешім қабылдау дұрыс емес, сот төрағалары заңның аясынан аспауы тиіс. Мұнда ешқандай эмоцияға берілуге болмайды, заңның аты заң, – дейді Сергей Уткин.

«Спецстальснаб» құрылыс компаниясы «Казком» банкке 6 миллион 800 мың доллар қарыз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG