Accessibility links

HRW жиынына тұтқын топ-менеджер жұбайлары келді


Марийка Цоцория, «Казатомпром» компаниясының тұтқындалған вице-президенті Малхаз Цоцорияның зайыбы. Алматы, 3 маусым 2009 ж.

Марийка Цоцория, «Казатомпром» компаниясының тұтқындалған вице-президенті Малхаз Цоцорияның зайыбы. Алматы, 3 маусым 2009 ж.

«Хьюман Райтс Вотч» ұйымы Ақорданы адам құқықтарына қатысты жағдайды тезірек жақсартуға шақыруда. Бірақ қазақстандық шенеуніктер Қытайда жағдай бұдан да жаман дейді. Адам құқықтары өрескел бұзылатын ел өзін демократиялық деп есептей алмайды.

АҚОРДА АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚЫТАЙДА ТІПТІ НАШАР ЕКЕНІН АЛҒА ТАРТУҒА ӘУЕС

3 маусым, сәрсенбі күні «Хьюман Райтс Вотч» халықаралық құқық қорғау ұйымының атқарушы директоры Кеннет Росс Алматыда өткізген баспасөз-мәслихатында Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін кезеңге дейін адам құқықтары саласында реформаларды жүргізіп үлгергені қажет деп мәлімдеді. Өйткені, адам құқықтарын қорғау мәселесі ЕҚЫҰ қызметіндегі маңызды үш бағыттың бірі.

Соған қарамастан, Кеннет Росстың айтуынша, Қазақстанға адам құқықтары жөніндегі жағдайды ЕҚЫҰ стандарттарына сай келтіру үшін аз ғана уақыт, бар болғаны «жеті ай» ғана қалған.

Кеннет Росс былай деді:

«2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ете бастайды. Бұл, осындай рөлде халықаралық аренаға шығу үшін Қазақстанға өте тамаша мүмкіндік. Бірақ, бұл әсіресе адам құқықтарына қатысты мәселелерді жазумен айналысатын баспасөздің назарын арттыруға себепкер болады. Бұған негіз бар. Өйткені, ЕҚЫҰ қызметінің үштен бірінен астамы мемлекеттер тарапынан адам құқықтарының сақталуына бағытталған».

Кеннет Росс 2 маусым күні Астанада мәдениет және ақпарат министрімен, әділет және сыртқы істер вице-министрлерімен, Қазақстан омбудсменімен, Орталық сайлау комиссиясы және президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның басшыларымен, қызметтері Қазақстандағы адам құқықтарына қатысы бар тағы да он екі адаммен кездескенін айтты.

Бұл жерде Қазақстан шенеуніктерінің адам құқықтары тақырыбына қатысты қанша керек болса да сөйлеп, бірақ жағдайды түзеу үшін жеке бастама көтеруге даяр еместігі Кеннет Россты қатты таңдандырған.

Осыған байланысты Кеннет Росс былай деді:

«Кеше бізбен сөйлескендердің барлығы адам құқықтарына қатысты жағдайды бізбен бірге талқылауға даяр екендіктерін көрсетті. Бірақ біз осы жағдайды ЕҚЫҰ стандарттарына сай келтіру үшін өзіне жауапкершілік алатын ешкімді көрмедік».

Солай бола тұра, Кеннет Росс жақында ғана Қазақстандағы адам құқықтары жағдайын ЕҚЫҰ стандарттарына сай келтіру мәселесіне байланысты өзі әңгімелескен қазақстандық шенеуніктердің қисын-уәждерін еш түсіне алмаған.

«Олар барлық уақытта Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты жағдайды Қытаймен салыстыра берді. Қытайда адам құқықтарына қатысты жағдай Қазақстанға қарағанда нашарлау. Бірақ, Қазақстан Қытайға емес, ЕҚЫҰ-на төрағалық етеді ғой», - деп таңданыс білдірді Кеннет Росс.

«ХЬЮМАН РАЙТС ВОТЧ» ҰЙЫМЫНЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫ

Қазақстан билігінің адам құқықтары саласындағы «қарапайым жетістіктерін» айта келіп, Кеннет Росс Қазақстанда адам құқықтары мен бостандығының дөрекі түрде бұзылуының жалғасып келе жатқандығын атап өтті. Бұл ең алдымен діни заңнамаларға, БАҚ-тарға, саяси партияларды тіркеу мен жиылыстар өткізу құқықтарына қатысты.

Осыған байланысты «Хьюман Райтс Вотч» халықаралық құқық қорғау ұйымының атқарушы директоры Кеннет Росс былай деді:

«Біз республика үкіметін мынадай негізгі мәселелерге: баспасөз бостандығы, пікір білдіру бостандығы, жиылыс жасау, бірігу бостандығы және дін бостандығына байланысты маңызды ұсыныстарды қаперге алуларына шақырдық».

«Хьюман Райтс Вотч» ұйымының атқарушы директоры Кеннет Росс Алматыдағы баспасөз жиынында. 3 маусым 2009 ж.
Кеннет Росс Қазақстан басшылығына діни заңнамалар саласында жағдайдың жағымсыз жағына өрбудің алдын алатын шаралар ұсынды:

«Біз Қазақстанға БҰҰ-ның дін және сенім бостандығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашыларын шақыртуды ұсындық. Жергілікті жерлердегі жағдаймен танысқан соң, олардың ұсыныстарын қаперге алуға болар еді».

Кеннет Росс, сонымен бірге, Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ құқықтарының жағдайына байланысты алаңдаушылық білдірді. «Біз журналистерге қысым жасалатындығы туралы және БАҚ-тардың меншік құқығы үкіметке жақын адамдардың қолында екенін де білеміз»,- деп атап өтті ол.

Кеннет Росстың айтуынша, «Хьюман Райтс Вотч» құқық қорғау ұйымын «Қазақстанда журналистерге жала жапқаны үшін жауапкершіліктің қарастырылуы және журналисті өзін-өзі цензуралауға мәжбүрлеу» айрықша алаңдатады.

Кеннет Росс Қазақстан үкіметін журналистерді жала жапқаны үшін қылмыстық қудалауға мораторий жариялауға шақырды.

«Қылмыстық қудалау - жала жабу және адамның ар-намысына тиюге байланысты мәселелерді реттеуге қажетті құрал емес. Тек 2008 жылдың өзінде біз жала жауып, адамның ар-намысына тигені үшін айыпталған, қылмыстық қудалауға түскен БАҚ өкілдерінің 20 оқиғасын тіркедік. Бұл баспасөз бостандығын кәдімгідей шектеу. Біз осы қудалаудың тоқтатылғанын қалаймыз», - деп атап өтті ол.

Кеннет Росс ар-намысын қорғау жөніндегі азаматтық талап арыздар бойынша төлемнің шектелген мөлшерін белгілеуді ұсынды. «Бұның жарқын мысалы ретінде «Тасжарған» газетіне 30 миллион теңге (200 мың доллар шамасы) мөлшерінде айыптың талап етілуін айтуға болады. Бұның өзі газеттің жабылуына алып келуі мүмкін», - деді ол.

Кеннет Росс «Хьюман Райтс Вотч» халықаралық құқық қорғау ұйымы атынан Қазақстан билігін «Алға» саяси партиясын тіркеуге және «тұтастай алғанда партияларды тіркеуде жай ғана бас тартпауға» шақырды.

«Біз Астанаға келер қарсаңда сот шешімімен «Алғаның» үйлестіру комитетінің қызметінің тоқтатылғанын естіген соң қатты ренжідік. Үкіметті партияны тіркеуге шақырамыз», - деді Кеннет Росс.

Оның айтуынша, үкімет тарапынан жасалған бұндай қадам «Қазақстан үшін саяси диалог жүргізуге қаншалықты даяр екендігіне нағыз тексеру болады».

МАРИЙКО ЦОЦОРИЯ САУАЛДЫ ТӨТЕСІНЕН ҚОЙДЫ

«Хьюман Райтс Вотч» халықаралық құқық қорғау ұйымының атқарушы директоры Кеннет Росс баспасөз-мәслихаты кезінде Қазақстандағы адам құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына байланысты мысалдарды бірнен соң бірін келтіріп және оларды ЕҚЫҰ стандарттарына сай келтіру үшін қажетті, бірақ Қазақстан шенеуніктері орындағысы келмейтін өз ұсыныстарын айтып жатқанда журналистердің бірі оған: «Сіз қалай ойлайсыз, егер олар адам құқықтарын жақсартуға қажетті ұсыныстарды орындағылары келмейтін болса, онда Қазақстан билігіне ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудің қажеті қанша?» - деп сұрақ қойды.

Бұл сұраққа Кеннет Росс «бұл Қазақстан билігіне өзінің халықаралық беделін көтеру үшін қажет болуы мүмкін» деп жауап берді. Алайда, оның пікірінше, егер Қазақстан адам құқықтарына қатысты қазіргі орын алып отырған жағдайды түзетпесе, онда ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету туралы ой тығырыққа тірелуі мүмкін.

«Хьюман Райтс Вотч» ұйымының атқарушы директоры Кеннет Росстың сәрсенбі күні Алматыдағы баспасөз жиынына жақында Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұстап, белгісіз жерде ұстап отырған «Казатомпром» компаниясының вице-президенті Малхаз Цоцорияның зайыбы Марийка Цоцория да қатысты.

Ол Кеннет Россқа: «Адам құқықтары өрескел бұзылатын елдің өзін демократиялық деп атағаны жөн бе?» деген сауал қойды.

«Әңгіменің өзі де осы жайында болып отыр ғой», - деп жауап берді оған Кеннет Росс.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG