Accessibility links

Сарапшылар «Фридом хаустың» Қазақстанға қатысты сынымен келіседі


«Фридом хаус» ұйымының “Әлемдегі бостандық” баяндамасында енді бір жылдан соң Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткелі отырған Қазақстан атына айтқан сынына қатысты қазақстандық сарапшылар өз пікірлерін білдірді.

«Фридом хаус» ұйымының “Әлемдегі бостандық” баяндамасы бойынша зерттеулерінің директоры Кристофер Уолкер Азаттық радиосына берген сұхбатында Қазақстандағы бостандық жағдайын былай деп сипаттады:
«2008 жылы Қазақстан микроскоп астында болды себебі бұл мемлекет алдағы жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге дайындалып жатыр. Біздің есебіміз бойынша, Қазақстанда саяси және азаматтық құқықтарға қатысты елеулі алғабасушылықтар болмады. Керісінше, соңғы жылдары бұл елде бостандық жағдайы нашарлады», - дейді Кристофер Уолкер.
Қазақстандық адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис халықаралық ұйымның берген бағасымен келіседі.
- Демократиялық қауымдастық, адам құқығын қорғаушылар Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге ниет білдіргеннен бастап – 2007 жылы да, әсіресе 2008 жылы Қазақстан осы
Қазақстандық адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, қазан 2008 ж.
салада өз ниетіне адалдығын дәлелдейтіндей ілгері нақты қадамдар жасайды деп үміттенген болатын.

Өкінішке қарай, өткен жылды алып қарайтын болсақ, Қазақстанда күткендегіден өзгеше оқиғалар болды. Мысалы, «Діни бостандықтар мен сенім-нанымдар туралы» заңға енгізілген өзгертулер қоғамда даудың өзегіне айналды. Бұл заң, сонымен бірге жекелеген діни ұйымдарға қарсы жаппай рейдтер жүргізу, оларды ұстау, әдебиеттерін тәркілеу секілді оқиғалар елдегі діни азшылыққа қарсы қысымның күшейе түскенін көрсетті. Былтырғы жылдың соңында парламент қабылдаған бұл заң қазір, президенттің ұсынуымен, Конституциялық кеңестің қарауында жатқаны мәлім. Біз Конституциялық кеңес бұл заңды өткізбейді деп әлі де үміттенеміз, - деді Евгений Жовтис.
Сондай-ақ, Е.Жовтис кезінде басқа елден саяси баспана сұраған адамға қолдау білдіріп қол қойған бірқатар оппозициялық қайраткерлерге қарсы былтыр Қазақстан полициясы тарапынан «қылмыскерді жасырды» деген айыптардың тағылуын, үлескерлер мен борышкерлердің наразылық жиындарын қуып тарату секілді және өзге де іс-әрекеттердің соның алдында ғана ел үкіметінің жария еткеніне мүлдем қиюласпайтын кереғар нәрселер болып шыққанын айтады.
Бұған қоса, жыл соңында Парламент қабылдаған сайлау, саяси партиялар және БАҚ туралы заңдарға енгізілген өзгертулер де үмітті ақтамады – ол өзгертулердің ешқайсысы да аталған салаларда қалыптасқан ахуалды жақсартпайды. Керісінше, мәселен, саяси партиялар туралы заңға енгізілген толықтырулар жағдайды нашарлата түседі дейді қазақстандық адам құқығын қорғаушы.
- Ал жаңа - 2009 жылдың өзі бірқатар алаңдатарлық жайттардан басталды. Мысалы, өткен аптада Алматының Алмалы аудандық соты діни уағыз жүргізген діни миссионерді 2 жылғы бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сөйтіп, соңғы бірнеше жылдың көлемінде бізде алғаш рет діни наным-сенімі үшін түрмеге жабылған адам пайда болды. Ал оған тағылған айып бойынша шығарылған үкімді мен ортағасырлық деп сипаттар едім.
Сол секілді Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің Алматыдағы кардиологиялық орталықта ем алып жатқан «Алма-Ата инфо» апталығының бас редакторы, журналист Рамазан Есіргеповты ұстап Таразға алып кетуін де атауға болады. ҰҚК-нің ішкі қызметтік құжаттары болғанымен, қоғамдық маңызы бар деректерді жариялағаны үшін жауапқа тартылған журналист қамауда аштық жариялап жатыр.
Міне, Қазақстан ресми түрде ЕҚЫҰ төрағалығының «үштігіне» кірген жылды осылайша бастап отыр. Бұл оның ұйымға жетекшілік міндетіне кірісер алдындағы соңғы жылы: Ұйымға мүше Батыстың демократиялық мемлекеттері алдында осы уақытқа дейін нақты іс-әрекеттермен дәлелденбеген, тек қана жалаң декларация түріндегі құрғақ уәдені судыратып келген Қазақстан тағы да сонысын жалғастыра ма, жоқ әлде ахуал басқаша өзгере ме – жаңа жылдың алғашқы екі аптасында болған жайттарға қарап отырып, мен бұл тұрғыда әзірге оптимистік пікір айта алмай отырмын, - деді Евгений Жовтис Азаттық радиосына.
Ал Қазақстан аздап болса да алға жылжып отыр дер санайтын саясаттанушы Әзімбай Ғали болса, ұлттық мемлекет үшін ауторитарлық басқарудың пайдалы жағы да бар деген пікір айтады.
- Менің ойымша, Қазақстанда бұл салада ілгерілеу бар. Әрине, ол жеткіліксіз болуы мүмкін. Бірақ, егерде ауторитаризмнің осындай түрі – жұмсақ ауторитаризм болмаса, онда Қазақстан мүмкін, Грузияның, Әзірбайжанның кейпін киетін еді. Ең қорқыныштысы, біртұтас мемлекетте ыдырау – сепаратизм күш алып кететін еді, сөйтіп геосаяси жағдай да нашарлай түсер еді. Сондықтан, әрине, демократия болғаны керек. Әйткенмен ол – қауіпсіздікті нығайтатын демократия болуы тиіс, - деген Әзімбай Ғали елдің саяси жүйесіндегі кемшіліктердің қатарында парламенттің бірпартиялылығын атайды.
"Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедов. Алматы, желтоқсан, 2008 ж.
«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедов бірпартиялы басқаруға негізделген жүйенің бұған дейін жіберген қателігі алдағы уақытта еселене түседі деген ой білдірді.
- Былтырғы жылы Қазақстан билігі адам құқықтары мен бостандықтары саласында бірқатар формалды шараларды жүзеге асырғанымен, бұл бағытта нақты қадамдар жасалған жоқ. Керісінше, меніңше, адам құқықтары мен бостандықтарына қарсы бюрократиялық кедергілер ұлғая түсті. Мәселен, діни сенім-наным туралы заңнамаға, БАҚ туралы, сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға енгізілген өзгертулер, сондай-ақ жол полициясы тарапынан жүргізушілер талондарын енгізу тәрізді азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей байланысты іс-шаралардың барлығы да бірпартиялық билік жүйесінде көпшіліктің талқысынсыз, жұртшылықтың пікірін ескерместен қабылданып жатты.
Ал, бұндай жүйе қазіргідей қаржы-экономикалық дағдарыс тереңдеп отырған кезде азаматтардың құқық-бостандықтарының, соған қоса экономикалық құқықтары мен бостандықтарының бұрынғыдан да көп бұзылуына алып келеді. Қатары далиып ұлғайған бюрократиялық аппарат, соның ішінде заң-құқық органдарының құрылымдары репрессиялық механизмнің дайын тұрғанын көрсетеді. Сондықтан, менің ойымша, биылғы жыл бұрынғыдан да күрделірек болатын тәрізді. Себебі өздерінің заңды мүдделері мен табиғи құқық, бостандықтарын наразылық жиындары, пикеттер арқылы қорғауды мақсат тұтқан азаматтардың іс-әрекеттері қысымға түсуі әбден мүмкін.

Осылайша, келер жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болатын Қазақстан үшін биылғы жыл осы кезге дейін ресми жария етілген сөз бен нақты істің арасындағы қарама-қайшылықтарға толы болады. Егер билік биылғы жылы кезектен тыс парламент сайлауын өткізер болса, онда биліктің сөзі мен ісі арасындағы жер мен көктей айырмашылық айқын байқалмақ, - деді Бөріхан Нұрмұхамедов.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG