Accessibility links

Алматыда «Орталық Азиядағы адам құқығы және терроризммен күрес» жайы талқыланды


Виталий Пономарев, мәскеулік «Мемориал» адам құқығын қорғаушы ұйымы Орталықазиялық бағдарламасының директоры. Алматы, 15 желтоқсан 2009 жыл.

Виталий Пономарев, мәскеулік «Мемориал» адам құқығын қорғаушы ұйымы Орталықазиялық бағдарламасының директоры. Алматы, 15 желтоқсан 2009 жыл.

Конференцияда Қырғызстандағы БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі басқармасына Қазақстан азаматтарынан өтініштер жиі түсе бастағандығы айтылды. Кейбір адам құқығын қорғаушылар Алматыдағы жиынға келе алмай қалды.

Биылғы жылы желтоқсанның 14 мен 15 аралығында Алматыда «Орталық Азиядағы адам құқығы және терроризммен күрес» тақырыбына халықаралық конференция болып өтті. Жиынды мәскеулік «Мемориал» адам құқығын қорғау ұйымы, Соғыс және бейбітшілік институтының қазақстандық бөлімшесі, «Фридом Хауз» халықаралық адам құқығын қорғау ұйымының Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастырды.

Конференцияға Қазақстанның, Қырғызстан мен Өзбекстанның адам құқығын қорғаушылары қатысты.

Қазіргі кезде адам құқығын қорғаушылар мен қауіпсіздік проблемалары және террористік ұйымдардың іс әрекеті туралы жазатын сарапшылар арасында Ферғана алқабындағы кез келген әскери қақтығыстарды Өзбекстанның ислам қозғалысына таңу туралы әртүрлі аңыздар айтылып жүр. Алайда кейбір сарапшылар қазіргі таңда ешқандай террорлық ұйым деген жоқ, оның барлығы арнаулы органдардың ойдан шығарғаны дейді.

Конференцияны ұйымдастырушылар оған қатысушылар белгілі бір мәселелер бойынша өзара дұрыс түсінісе білуі үшін олардың арасында диалог құруды көздепті.

АЛМАТЫДАҒЫ ЖИЫНҒА БАРМАҚ БОЛҒАНДАРҒА ТОСҚҚАУЫЛ

Соғыс және бейбітшілік институтының қазақстандық бөлімшесінің директоры Ольга Досыбиеваның пікірінше, шара ойдағыдай өткен, қызу пікірталас барысында сарапшылар Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанға қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салған.

– Өкінішке қарай, Түркменстаннан ешкім келген жоқ, бірақ оның себептері баршаға мәлім. Жалпы олардың ондай мүмкіндіктері бар ма, жоқ па, ол да маған беймәлім, – деді ол.

Өзбекстан мен Қырғызстанның арнаулы органдары өз елдеріндегі адам құқығын қорғаушылардың Алматыдағы жиынға келуіне бөгет жасап, олардың көпшілігіне қысым көрсеткен деп хабарлады Азаттық радиосына мәскеулік «Мемориал» адам құқығын қорғаушы ұйымы Орталықазиялық бағдарламасының директоры Виталий Пономарев:

– Маргиланда жергілікті адам құқығын қорғаушының төлқұжатын өзбек заң орындары алып қойғандықтан ол алдын ала ұшаққа сатып алған билетін қайта өткізуге мәжбүр болған. Қырғызстаннан осы конференцияға келмек болғандар да жергілікті арнаулы орындардың бөгетіне тап болған. Ноокаттағы оқиғалар бойынша сотталған адамның туысы да алдын ала билет алып қойған, бірақ конференцияға екі күн қалғанда оны шақыртқан арнаулы орган өкілдері жиынға бармауды және конференцияның бағдарламасы мен өзге қатысушылар туралы ақпарат беруін талап еткен, – дейді Виталий Пономарев.

Өзбек адам құқығын қорғаушыларының кейбірі Алматыға конференцияға жиналған өздеріне елден шығуға арнаулы органдар рұқсат береді дегенге ең соңғы сәтке дейін күмәнді болғандарын айтады.

Өзбекстандық адам құқығын қорғаушы Бахадыр Намазовтың айтуынша, ол тіпті өзін әуежайда ұстап алып, елден шығармай қояды деп ойлапты.

– Бізде көптеген адам құқығын қорғаушыларды Алматыға жібермей ұстап қалды. Менің ойымша, оған осы конференцияның «Орталық Азиядағы адам құқығы және терроризммен күрес» деп аталуы себеп болған секілді. Аймақтағы елдердің өкіметтері терроризммен күресіп жатқандығы туралы жар сала айтып келе жатыр. Арнаулы органдардың өздері бұл проблеманы қолдан жасап отырғандай көрінеді бізге. Ал аймақтағы адам құқықтарының жайына келсек мүлде айтуға келмейді, – дейді Бахадыр Намазов.

ҚОРҒАНСЫЗДАР

Конференцияға қатысушылар бұл шараның Қазақстандағы өткізілуінің себебі, бүгінгі таңда Орталық Азияда адам құқығын қорғаушы ұйымдардың шарасын еркін өткізуге тек осы елде ғана мүмкіндік барына байланысты деп атап өтті.

Олар қазіргі кезде Қырғызстанда, соның ішінде елдің оңтүстігінде жағдай өзбек саяси жүйесінің үлгісіне ұқсап бара жатқандығын, ал аймақтағы өзге елдермен салыстырғанда Қазақстанда адам құқығын бұзу оқиғалары сирек екендігін айтты.

Алайда, соңғы жылдары осы елдегі бірқатар қылмыстық істер бойынша өздерінің азаматтық құқықтарының бұзылып, тапталғандығын айтқан кісілер қазақстандық адам құқығын қорғаушыларға арыз-шағымдар түсірген, дейді мәскеулік «Мемориал» адам құқығын қорғаушы ұйымы Орталықазиялық бағдарламасының директоры Виталий Пономарев.

– Оларда қандай да бір процессуалдық мәселелерге, ал кейбір кездері азаптауға қатысты, сондай-ақ заң аясында қорғану үшін кейбір мүмкіндіктердің заңсыз шектелетіндігі туралы сөз болады. Және осы істер бойынша жауапқа тартудың өте кең ауқымы туралы айтылады. Яғни, кейбір жағдайларда бұл адамдарды кездейсоқ қатысы үшін, мәселен, айыпталып отырған тұлғалармен болмашы байланысы болғаны себепті іске тартқан, – дейді Виталий Пономарев.

ӨЗГЕ ЕЛГЕ БАССАУҒАЛАУШЫЛАР

Мәскеулік адам құқығын қорғаушы Азаттық радиосына соңғы жылдары Қырғызстандағы БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі басқармасына Қазақстан азаматтарынан өтініштер жиі түсе бастағандығын айтты.

– Менің білуімше, баспана іздеген қазақ босқындары тек Чехияда ғана емес. Қырғызстанға да келіп, баспана сұрап өтініш айтқан діни топтардың өкілдері бар. Әзірге ондайлардың саны көп емес. Өйткені, қарапайым адамдар мен бұл мәселелермен шұғылданбайтын адам құқығын қорғаушылардың өздері де баспана сұрау мен оған ие болу жүйесі жайлы толық біле бермейді. Менің білетінім – қазірде Қырғызстанда жүрген қазақстандықтар да Чехиядан баспана сұраған діни қауымдастықтың өкілдері, – дейді Виталий Пономарев.

Еске сала кетейік, арнаулы қызмет орындары тарапынан үнемі қысым көрген 200-ден астам Қазақстан азаматтары 2006 жылы бассауғалап Еуропаға кетуге мәжбүр болды. Биылғы жылдың басында Азаттық радиосы Чехияда жүрген қазақ діни босқындары жайлы алғаш болып хабарлады. Сол жолы көптеген адам құқығын қорғаушылар әлгі босқындар елге қайтып барған жағдайда түрмеге қамалып, азаптауға душар болуы ықтимал екендігін ескерткен болатын.

Мәскеулік «Мемориал» адам құқығын қорғаушы ұйымының Азаттыққа берген деректері бойынша, Қырғызстандағы БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі басқармасынан баспана беруді сұраған қазақстандық азаматтар – Оңтүстік және Батыс Қазақстанның тәуелсіз мұсылмандар екен. Олардың кейбіреуіне бас еркіндігінен айрылу қаупі төнгендіктен бассауғалап елден кетуге мәжбүр болған.
XS
SM
MD
LG